Қазақстандықтар жаңа көліктер көбірек ала бастаған: Қай бренд көш басында
Қазақстанда шілде айында 21 мыңнан астам жаңа автокөлік сатылды. Нарықтағы өсім 5,9% болды. Ең көп көлік сатқан бренд Hyundai, ал ең танымал модель Chevrolet Cobalt болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстанның автокөлік одағына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанда жаңа автокөлік нарығы өсім көрсетті. Қазақстанның автокөлік одағының дерегінше, шілде айында ресми дилерлер 21 371 жеңіл және коммерциялық автокөлік сатқан. Былтырғы көрсеткішке қарағанда 5,9%-ға жоғары.
Қаңтар-шілде аралығында Қазақстанда 127 260 жаңа автокөлік сатылды. Осылайша, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7%-ға көп.
Шілдеде автокөлік сатылымы бойынша Hyundai көш бастады. Бренд дилерлері 3 712 көлік өткізді. Екінші орында 2 855 автокөлікпен Chevrolet тұр. Kia 2 492 көлікпен үшінші орынға жайғасты.

Төртінші орынға Changan шықты. Бренд 2 456 автокөлік сатып, былтырғы шілдемен салыстырғанда сатылымын 171,7%-ға арттырған. Үздік бестікті 1 543 көлікпен Chery түйіндеді.

Шілдеде ең көп сатылған модель Chevrolet Cobalt болды 2 682 көлік. Екінші орында Hyundai Tucson 1 851 дана. Ал Changan CS35 MAX 1 070 көлікпен алғаш рет үздік үштікке кірді.
Kia Cerato да айдың үздіктері қатарынан көрінді. Шілдеде оның 1 031 данасы сатылып, модель төртінші орынға көтерілді. Бестікте Kia Sportage те бар 820 автокөлік.
Жеті айдың қорытындысы бойынша Hyundai 20 959 көлікпен бірінші орында тұр. Chevrolet 20 441 автокөлікпен екінші, Kia 14 824 көлікпен үшінші орында. Changan 11 927 автокөлік сатып, төртінші орынға шықса, Chery 9 686 көлікпен үздік бестікті аяқтады.
ҚАО президенті Анар Мақашева нарықтағы бәсекелестіктің күшейіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандықтар көлік таңдағанда тек бағаға емес, технологиясына, сатып алу шарттарына және сатудан кейінгі қызмет көрсету сапасына да назар аудара бастаған.
Еске салайық, бұған дейін 2026 жылдың маусымында Қазақстанда 21 861 жаңа автокөлік сатылып, нарық 12,5%-ға өскен еді. Қаңтар-маусым аралығында ресми дилерлер 105 886 көлік өткізді, бұл былтырғыдан 0,9%-ға жоғары. Маусымда Chevrolet 3 117 көлікпен көш бастады. Ал алғашқы жартыжылдықта ең көп сатылған модель Chevrolet Cobalt болды – 16 370 көлік. Сонымен қатар қытайлық брендтердің сатылымы да қарқынды өсіп келеді. Мысалы, BYD көліктерінің сатылымы бір жылда 241,5%-ға артқан.