Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда шенеуніктер енді прокурорлардың келісімінсіз инвесторлардың бизнесін тексере алмайды

прокурорлардың келісімінсіз инвесторлардың бизнесін тексеруге тыйым салынды

Фото: ЖИ

Бас прокуратура инвесторларды қорғаудың жаңа жүйесін таныстырды. Ведомство басшысы Берік Асыловтың айтуынша, негізгі тетік бизнесті тексеру міндетті түрде прокурормен келісіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бас прокурордың мәлімдеуінше, инвесторларды қорғауды президент тапсырды. Ол 2025 жылғы желтоқсаннан бастап өз өкілеттіктері кеңейгенін, енді инвестициялық омбудсмен функциясын да атқаратынын айтты.

Жаңа жүйенің негізгі элементі ретінде "прокурорлық сүзгі" енгізіледі.

"Қазір заңда барлық мемлекеттік орган үшін “прокурорлық сүзгі” қарастырылған. Яғни прокурордың келісімінсіз олар инвесторды тексере алмайды, оның қызметін тоқтата алмайды, лицензиясын кері қайтарып ала алмайды және басқа да шектеулер қоя алмайды. Бұл — қадағалау функциямызды жүзеге асыру. Егер мемлекеттік органның шешімі немесе әрекеті заңсыз болса, біз оны реттейміз, ал кінәлі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылады", — деді Асылов инвестицияларды қорғау форумында.

Сонымен қатар жобаларды жеке сүйемелдеу механизмі енгізіледі. Әрбір маңызды инвестициялық жобаға нақты бір прокурор бекітіледі, ал өңірлік деңгейде бұл жұмысты облыс прокурорларының орынбасарлары жүргізеді.

Бұдан бөлек ведомство өкілдері заңға тәуелді актілерге тексеру жүргізу жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұл жұмыс инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі жаңа комитетке жүктеледі. Асыловтың айтуынша, мақсат — бизнеске кедергі келтіретін жасырын тосқауылдарды анықтап, болдырмау.

Бас прокуратураның мәліметінше, қазірдің өзінде шамамен 2 мың инвесторға қолдау көрсетілген. Соның нәтижесінде 250-ден астам жоба іске асырылып, шамамен 30 мың жұмыс орны құрылған.

Сондай-ақ бас прокурор үкімет жанындағы инвестициялық штабтың жұмысын атап өтті. Оның айтуынша, екі жыл ішінде инвестициялық келісімдер көлемі 15 есе артқан, ал қаралған жобалардың жалпы құны 100 миллиард доллардан асқан.

Форумға президент әкімшілігінің, үкіметтің, мәжілістің өкілдері, сондай-ақ Еуроодақ, БҰҰ және ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар қатысып жатыр.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 09 Сәуір, 2026 14:41