Қазақстанда мас күйінде көлік жүргізген судьяның неге бірден жазаланбағаны айтылды

Астанада мас күйінде көлік жүргізді деген күдікпен ұсталған судья ісі қоғамда резонанс тудырды. Сарапшылар судьялық иммунитет жазадан құтылу емес, заңмен реттелген ерекше тәртіп екенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда судьялардың жауапкершілігіне қатысты қоғамда әділдік пен ашықтыққа сұраныс артып отыр. Бұл туралы Жоғары сот кеңесінің мүшесі Салтанат Жүніспекова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, судьялық иммунитет жеке артықшылық емес, сот төрелігінің тәуелсіздігін қамтамасыз ететін конституциялық кепілдік. Сондықтан мұндай істерге аса мұқият әрі теңгерімді көзқарас қажет.
Жүніспекова қолданыстағы заңнама судьяларды жауапкершілікке тартудың нақты тетіктерін қарастыратынын атап өтті. Олардың қатарында тәртіптік және қылмыстық жауапкершілік бар. Алайда бұл рәсімдер қарапайым азаматтарға қарағанда күрделірек, себебі сот жүйесіне қандай да бір қысым жасалмауға тиіс.
"Біздің ұстанымымыз – тепе-теңдікті сақтау. Бір жағынан судьялардың тәуелсіздігін қорғау, екінші жағынан құқық бұзушылық жасаған жағдайда жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету", – деді Салтанат Жүнүспекова.
Сондай-ақ ол қоғамда мұндай істердің ашық қаралуына деген сұраныс жоғары екенін айтып, Жоғары сот кеңесі тәртіптік рәсімдердің ашықтығын арттыру бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.
Рәсім қалай жүреді?
Судьяны жауапқа тарту үшін арнайы тәртіп қарастырылған:
- Алдымен ішкі істер органдары Бас прокуратураға жүгінеді;
- Бас прокурор Жоғары сот кеңесіне ұсыныс енгізеді;
- Кеңес судьяны әкімшілік жауапкершілікке тартуға келісім беру мәселесін қарайды.
Астанада мас күйде көлік жүргізіп ұсталған судья қызметінен босатылды
ОқыңызАйта кетейік, 2025 жылдың қараша айында Астанада ауданаралық азаматтық істер сотының судьясы Әсел Досаева мас күйінде көлік жүргізді деген күдікпен тоқтатылған. Полиция дерегінше, ол алкогольдік масаң күйде болған.
Іс материалдары Бас прокуратураға жолданып, кейін судьяны әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін мемлекет басшысының келісімі сұралған. 2026 жылдың қаңтарында Жоғары сот кеңесі жанындағы қазылар алқасы Досаеваны қызметінен босату туралы шешім қабылдады.