Qazaq Stroy-дың "Қазақмыс" корпорациясын сатып алуына швейцариялық компания көмектескен
Коллаж Stan.kz
Qazaq Stroy компаниясының "Қазақмыс" корпорациясын сатып алуына швейцариялық компания қолдау көрсеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымның мәліметінше, Швейцарияның Mercuria Energy Group компаниясы Qazaq Stroy компаниясының Қазақстандағы ең ірі мыс өндірушілердің бірі “Қазақмыс” корпорациясын сатып алу жөніндегі мәмілесін қаржыландырған. Қаржыландыру көлемі 1,2 миллиард долларды құраған.
Бұл мәміле Mercuria компаниясының тарихындағы ең ірі келісімдердің бірі болған. Компания сегіз жыл мерзімге несие бөлген. Алғашқы төрт жыл ішінде трейдер жыл сайын 200 мың тонна мыс катодын алады, ал одан кейін өндірістен үлеске ие болады.
Mercuria компаниясының металдар бағытының басшысы Костас Бинтас бұл келісімді “мансабындағы ең ауқымды мәміле” деп атады. Оның айтуынша, Mercuria бұған дейін Glencore мен Trafigura компаниялары үстемдік еткен мыс нарығындағы өз позициясын нығайтып келеді.
“Бұл – мыс кәсібін дамытуға бағытталған стратегиямызға деген сенімнің көрінісі. Металл бағасы рекордтық деңгейге жетті және біз өндірушілерге ұзақ мерзімді қолдау көрсетуге деген сұранысты көріп отырмыз”, – деді Костас Бинтас.
Bloomberg мәліметінше, Mercuria компаниясы бағаның өсуі мен жеткізу тізбектеріндегі тұрақсыздық аясында Болгария, Чили, Конго және Замбиядағы мыс өндірушілермен жасалған мәмілелерге миллиардтаған доллар инвестиция құйып отыр.
Еске салсақ, бұған дейін "Қазақмыс" корпорациясы Qazaq Stroy компаниясының басқаруына өткені туралы жазған едік. Акционер ауысқан соң "Қазақмыс" корпорациясын Руслан Өскенәлі басқаратын болды.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді