Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Психолог: Енелердің бір қателігі келіннің жақсы-жаман болуын баласынан көрмейді

«Біздің сұхбаттың» келесі қонағы ─ «Отбасы.кз» жанұя жарасымы орталығының директоры, педагог-психолог Ержан Мырзабаев. Әлем бойынша ажырасудан Қазақстан 2015 жылғы статистика бойынша 7-орында тұр.

Кеше ғана бір болу үшін жанын беруге даяр болған жастар ажырасудан неге қорықпайды? Материалдық жағдайдың жұтандығы, ер адамның отбасын асырай алмауы, шаңырақтың шайқалуына апарар алғашқы қадам ба? Расымен, Қазақстанда тек қана жағдайы төмен отбасылар ажыраса ма? Байқуатты отбасылар ше? Осындай елді алаңдатқан көкейкесті мәселе төңірегінде Ержан мырзамен сұхбаттаспақпыз, деп жазады Қазақстан Заман газеті.

— Құрметті Ержан мырза! Сұрақты төтесінен қойғым кеп отыр. Қазақстанда ерлі-зайыптылардың ажырасу жиілігі қай деңгейде?
— «Qazaqstan zamany» газетін оқып тұрамыз. Газетте көтерілетін мәселелерді қолдаймыз. Қоғамдағы өзекті мәселелерді қаузайсыздар. Біздің елде отбасы статистикасы өте-мөте қиын жағдайда. Ұлыбританиялық «The Economist» журналының «World in Figures» деп аталатын зерттеуінің мәліметтеріне (статистика) сүйенсек, 2011 жылы Қазақстан дүниежүзі бойынша ажырасудан 9-ы орында еді. Мұндай зерттеулер 5 жыл сайын жанартылып тұрады. 2015 жылғы мәлімет бойынша Қазақстан ажырасудан дүниежүзі бойынша 7-і орынға көтерілді. Егер облыстарға көз жүгіртіп көрсек, Солтүстік Қазақстан облысында ажырасу көп. Қызылжар, Қостанай, Павлодар қалаларын қоса алғанда. Ал сандық өлшеммен есептейтін болсақ, яғни халықтың тығыз орналасуына байланысты, Оңтүстік Қазақстан облысы (Шымкент), Қызылорда облысы, Алматы облысы, қаласы бар ажырасудан алда тұр. «Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының» (World Health Organization) дерегі бойынша, 2011 жылы Қазақстан дүниежүзі бойынша суицидтен 9-ы орында болса, қазіргі таңда 4-і орында. Балалар арасында да (8-14, 15 жас) суицидтен 4-і орында. Біз семинарымызды осындай статистикамен бастаймыз. Өйткені отбасы бақыты мен адамның жеке бас бақытын бір-бірімен бөліп жару дұрыс емес. Адам үшін отбасы бірінші орында. Отбасында бақытқа кенелмеген адам қоғамда жетістікке жетуі мүмкін емес. Қаңтар айында халықаралық ЮНИСЕФ (Балаларға көмек көрсететін халықаралық төтенше қор) Қазақстандағы бір университетте үлкен конференция ұйымдастырды. Сонда қызық бір статистиканы жариялады. Қазақстанда ересектердің (зерттеуге қатысқандар) 75 пайызы «балаларды тәрбиелеу мақсатында ұруды қолдайды» екен. Бұл — ойлантарлық мәселе. Демек, статистика нәтижесі шындыққа жанасады.

Бізде адамдар психологтың көмегіне жүгінбейді

— «Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деп жиі айтып жатады. Статистикаға сүйенсең, жағаңды ұстайсың. Бүгін үйленіп, ертең ажырасады. Бүгінгі таңда жас отбасыларды ажырастырмау мақсатында, ерлі-зайыптылардың арасына түсу уақыт талабы шығар, бәлкім? Қалай ойлайсыз? Сіздің семинар осы тұрғыда қаншалықты маңызға ие?
— Мынаны мойындауымыз керек. Қазақстан деңгейінде отбасы мәселелерін шешу жолындағы бренд қалыптастыра алмадық. Адамдарда проблема бар, Отбасы.кз-ке барайын немесе психолог Ержан Мырзабаевқа барайын деген ой жоқ. Мен семинарды алдымен жеке таныстарыма жасадым. Қолдау үшін, көңілімді қалдырмау үшін, ынта-жігеріміз сөніп қалмау үшін жеке таныстарым келді. Семинарға қатысқан әрбір адам уақыт өте келе жақындарын, туғандарын, достарын әкеле бастады. Демек, біздің ұсынып отырған шешімдеріміз олардың көліңінен шықты. Осылай бастадық. Бізде адамдар отбасы проблемасын жеке мәселе деп қарайды, оны көпшіліктің талқысына салғысы келмейді. Барлығын өзі шешкісі келеді. Сол себепті психологтың көмегіне жүгінбейді. Егер ол психологты танымайтын болса, мүлдем жоламайды. Көп жағдайда жақындарының кеңесімен келеді. Халық көбінесе семинарға проблемамды шешейін деп келмейді. «Мына кісі не дейді екен?» — деп келеді. Билетін сатып алған, оның үстіне досы көндіріп әкеліп тұр. Бүгінге дейін біз ұсынған контентке риза болмай кеткен адам жоқтың қасы. Оған біз қуанамыз. Одан кейін адамның қалауымен жеке консультацияға келе бастайды. Бұл уақытта адам өзінің жеке проблемасын шешу үшін біздің ақыл-кеңеске жүгінеді.

Ең үлкен психотерапевт — әйел мен күйеу

— Осы салада қызмет етіп жатқаныңызға біршама уақыт болды. Сіздің пациенттеріңіз көбіне қандай проблемамен келеді?
— Ең басты проблема бір-бірімен қарым-қатынас құра алмайды. Ерлі-зайыптылардың арасында коммуникация жоқ. Ең үлкен психотерапевт — әйел мен күйеу. Әйелде проблема болса күйеуімен сырласу керек. Бұлар дүниедегі ең жақын адамдар емес пе? Коммуникациялық проблема неден туындайды? Қазақ танымындағы отбасындағы ер адамның өзін күшті санауы, белгілі бір беделге ие болғысы келуі және сол авторитетті күшпен ғана ала алатынына сенуі. Айқайласам, жекіп сөйлесем, үстелді ұрсам, сол кезде мені әйелім, балаларым сыйлайды деген қате бір ұғым қалыптасқан. Әйелдің проблемасы өзінің мұңын, жеке проблемасын күйеуіне дұрыс жеткізе алмауында. Мысалы, күйеуі жұмыстан кешігіп келеді. Әйелі жоғары тонмен: «Сен неге бүгін жұмыстан кешігіп келдің?», — деп бастайды сөзді. Коммуникация алғашқы қадамы кінәлаудан басталады. «Маған маңызды емес, ең бастысы сен кешігіп келдің. Енді ақтал!» — деген талап қояды. Отбасында белгілі бір күшке, авторитетке ие болғысы келетін қазақ азаматы үшін бұл тіл табатын сөз емес. Бірден «Не жұмысың бар? Жұмыста болдым. Не істейсің? Ойнап жүрмін бе? Бала-шағаның қамы үшін деп жүрміз ғой!» деп жауапты айқайлап қайтарады. Біз әйел адамдарға да, ер адамдарға да бөлек семинар өткіземіз. Әйел адамдарға қандай жағдайда болсаңыз, ашуланып тұрсаңыз да, ауырып жатсаңыз да, қаншалықты қиналып жүрсеңіз де, күйеуіңізбен кездескен алғашқы 10 секунд маңызды екенін, 10 секунд бетіне қарап күлімдесе, барлығы басқаша болатынын айтамыз. Одан кейін жанайқайын жеткізсе де болады. Егер күйеуі үйге келгенде, әйелінің күлімсірегенін көрсе, бірден жеңіледі. Себебі күлімсіреп тұрған адаммен сұхбаттасу да оңай, сөйлесу де оңай. Біз семинарда осының практикасын да үйретеміз. Көбісінде тон да дұрыс қойылмаған. Егер әйелі: «Қош келдің! Бүгін сәл кешіктің. Уайымдадық қой сені. Барлығы дұрыс па?», — деп сұраса, мәселе бітті. Мағына өзгерген жоқ. Қазіргі таңда осы мәселені шешу үшін бір жоба бастағалы жатырмыз. Ұрсып сөйлесетін әйелі бар үйге күйеуі барғысы келмейді. Америкада осы мәселе бойынша зерттеу жасалған. Зерттеуге таңғы сағат сезгізден кешкі сағат он бірге дейін офисте отырып жұмыс істейтін қызметкерлер қатысқан. Бұл қызметкерлерден: «Карьера қуғыңыз келе ме? Қызметте өсуді көп ойлайсыз ба? Ақша көп тапқыңыз келе ме?», — деп сұрайды. Алайда зерттеу нәтижесі бойынша басқа қорытынды шығады. Көп пайызы үйлеріне ерте барғысы келмейді. Себебі үйдегі кикілжің жүйке-жүйелеріне қатты әсер етеді. Үйді қонақүй ретінде қолданатын болып тұр ғой. Жалпы үйде негатив болмау керек.
— Коммуникация құра алмаудың себебі не деп ойлайсыз?
— Коммуникация құра алмаудың себебі — әйел мен күйеуінің бір-бірінің психологиясын білмеуі. Әйел ер адамның психологиясын өзінікі сияқты деп ойлайды. Әйел ер кісіге қарағанда көлікті дұрыс басқара алмайды. Мысалы, Алматының кептелісінде кетіп бара жатқан әйел үшін бір сызықтан екінші сызыққа өтуі өте қиын. Неге? Себебі көлік ағынының жылдамдығын өлшеу керек. Екінші, екі көлік арасындағы арақашықтықты өлшеу керек. Үшінші, екі көліктің арасына сыйып кетуге ыңғайлану керек. Кеңістік, көлікті дұрыс қоюда әйелдер қатты қиналады. Бұл коммуникацияға да әсер етеді. Қай сөзді қай жерде қолдану керек? Қай жерде қалай әрекет ету керек? Басым жағдайда эмоцияға беріліп айта салады. Қозғалыста да сондай. Қорқып қалса болды, тоқтай салады. Бұрылмайтын жерде бұрыла салады.
— Сіздің тәжірибеңізде отбасында кикілжің тудырушы көбіне кімдер? Егер пайыздық өлшеммен алып қарайтын болсақ.
— Ер адам. Ер адам проблема тудырады. Әйел проблема көтереді. Әйел адамның уайымдауы еркекке қарағанда 4 есе жоғары. Мысалы, ер адам бір проблема тудырады. Бірақ оның салдарын елемеуі мүмкін. Әйел адам соны 4 есе ұлғайтады. Оны кикілжіңге айналдырады, ол жанжалға ұласады. Өз бетінше шешім іздей бастайды. Екіншіден, ер адамның жауапкершілігінде. Батыста — отбасына 50 пайыз еркек, 50 пайыз әйел жауапты. Батыс психологтары осыны ұсынады. Жауапкершілікті екеуіне тең бөледі. Одан шығатын түйін — ер мен әйел адам бірдей. Шығыс менталитетінде отбасында әйел мен ер адам бірдей бола алмайды. Біздің таным-түсінігімізде отбасында ер адам бір сүйем жоғары болу керек. Біз оның статусын көтереміз, көбірек жауапкершілік жүйктейміз. Біздің практикамызда отбасы бақытына еркектің жауапкершілігі 90 пайыз, әйел адамдікі 10 пайыз. Ер адам — стратег. Зерттеу бойынша көптеген компаниялардың банкротқа ұшырау себебі көмекшілері, менеджерлері, орынбасаларларының кесірінен емес, старатегияның дұрыс қойылмауынан болады. Старатегияны әрдайым бір кісі ғана қояды, компанияның негізін қалаушы. Ер адам отбасының даму бағыт-бағдарын, стратегиясын дұрыс қойса, орынбасары ретінде әйел адам реттеп отырады. Көп ретте ер кісілер дұрыс стратегия қоя алмайды, отбасына 90 пайыз құзырсыздық әкеледі.

Әйел қаншалықты күшті болса да, күйеуінің алдында әлсіз көрінуі керек

— Қазіргі уақытта 90 пайыз жауапкершілікті керісінше атқарып жүрген әйелдердің де бар екенін жасырмайсыз ғой.
— Қоғамда ондай проблема бар, ол да әйелдердің қателігі. Ер кісі күш иесі болған соң, әлсізге тартылады. Әлсіз болған жерге ер адамдар жүгіреді. Әйелдің қателігі ер кісінің қасында күшті болғысы келуі. Күш күшті итереді. Егер әйел адам ақшаны өкіртіп тауып жатса, бала-шағаны керекті құрал-жабдықпен қамтамасыз етіп жатса, күйеуі ең алдымен әйеліне кедергі болмайын деп ойлайды. Әйел адам отбасын басқару жауапкершілігін мойнына алмау керек. Қаншалықты күші болса да, күйеуінің алдында әлсіз көрінуі керек. Әлсіз болу емес, көріну деп отырмын. Біздің бойымызда әлсізді қорғап, қаһарман болу сияқты күшті сезім бар. Біздің семинарға кейбір әйелдер үйде шамды да өздері ауыстыратынын, сантехникаға қол созатынын, базарға да өздері баратындығын айтады. Ниеті дұрыс, азаннан кешке дейін жұмыс істейтін күйеуіне көмектескісі келеді. Бұл ер адамның отбасына деген салғырттығын арттыра түседі. Ал егер күйеуі үйге келіп, пышақ қайрап, шамды ауыстырып берсе, раковинаны жөндеп жатса, әйел адамның көзінде ер адамның қаһармандығы арта түседі. Ер адамды да бұл жігерлендіреді. Қазіргі қоғамда еркектерді қаһарман етіп көрсету қажеттілігі бар. Бұрын соғысқа баратын еді. Соғыс болмаса да, ру арасындағы кикілжіңді шешуші еді. Қара жұмыс істеп жатқан адам да аз. Қазір бейбіт өмір сүріп жатырмыз, соғыс болмай-ақ қойсын! Ер адамның өзін қаһарман ретінде көрсететін орын болмай жатыр. Тым құрмағанда өз үйінде көрсету керек деген ой ғой.

Мейірім көрмеген — мейрім көрсете алмайды

— Әсіресе, Тұрсынбек Қабатов қойылымдарында «неміс әкелер» жайлы өте жиі айтады. «Сол кездегі әкелеріміз қандай еді?», «Аналарымыз қандай еді?» деген сияқты тіркестермен олардың бүгінгі қоғамға қажет екенін меңзейді. Сіз үшін «неміс әкелер» бүгінгі қоғамға қажет пе?
— Соңғы бес толқын өз құндылықтарымыздан алыстап кетті. Бес толқын бойы отбасы құндылықтарын ақсатып алдық. Бірінші дүниежүзілік соғыс, ашаршылық, қуғын-сүргін, қоғамға үлгі болатын ақылшыларымыз репрессияға ұшырады. Алаш қайраткерлеріміздің барлығы ажал құшты. Ел тізгінін ұстайтын адам қалмады ғой. Қыз баласын қасқырға тастап, ұлын аман алып қалған отбасында қайдағы мейірім, қайдағы сүйспеншілік?! Екінші дүниежүзілік соғыста барлығы соғысқа аттанды. Еркек кіндік қалмады. Соғыстан кейінгі уақытты тарихтан жақсы білесіз. Ер адамдар зауыттарда жұмыс істеді. Адамдардың отбасы құндылықтарына қарайлайтын мұршасы болмады. 80-жылдардағы қайта құру, 91 жылы Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ол кездегі экономикалық дағдарысты, халықтың қиын тұрмыс-тіршілігінен барлығымыз хабардармыз. Осындай кезеңдерден өткен адам отбасына, бала-шағасына дұрыс көңіл бөле алмады деп ойлаймын. Психологияда мынадай заңдылық бар: мейірім көрмеген — мейрім көрсете алмайды. Америкада мынадай бір зерттеу жасалады. Қанішерлер, бандиттер, террористер қатысқан зерттеу қорытындысында барлығының балалық шағында өте үлкен жарақат алғаны анықталған. Әкесі немесе анасы ұрған, қатты жазалаған, жалғыз қалдырған. Бала күнінен «мені ешкім жақсы көрмейді», «ешкім мені түсінбейді» деп қалыптасқан адамдар. Қабатовтың айтқан «неміс әкелері» бала кезінде мейірім көрмеген. Мейірім көрмеген әке баламен отырып сөйлесуді, сырласуды жат нәрсе деп санайды. Қазіргі таңда біздің қоғамға ондай түсінік, ондай әрекет өте қауіпті. Жоғарыдағы статистика қайдан шығып жатыр? Әкесі үйге келгенде, бір бөлмеге тығылып қалғандар бүгінгі таңда дұрыс отбасы құра алмай, ажырасудың шегіне жетті. Қызық статистика, біздің қоғамда 9 әйелге 40 ер адам суицид жасайды екен. Бұл деген ер азаматтарымыздың әлсіздігі емес пе? Ер адамдар орта (30/40) жас шамасында сәтсіздікке ұшыраған кезде, жауапкершіліктен қашып, суицидке барып жатыр. Не үшін? Әлбетте, балалық шақта әкесінің қолдауын, мейірімін көрмеген. Бүгінгі статистика бұрын болған нәрселердің қаншалықты қатерлі, зиянды екенін дәлелдейді.

Отбасын сүйіспеншілік пен сыйластық қана бақытқа кеңелтеді

— Ержан мырза, бірден үш сұрақ қойғым келіп отыр. Қазіргі таңдағы ажырасу мәселесі, әсіресе, қыз балаларды алаңдатып отыр. Ажырасқанша, кәрі қыз болып жүре бергенім жақсы дейтін көзқарас пайда болды. Немесе «белгілі бір шартпен отбасын құруды» ойлайтын жігіттер де жоқ емес. Үшіншісі, «Шын ғашықтар қосылмайды» деген ұран қаншалықты шындыққа жанасады?
— Жастардың отбасын құрудан қорқуы: «не керегі бар, бәрібір ажырасамыз», — деп ойлаудан туындайды, бұл өте қауіпті. Жігіттен сұрасаң, дұрыс қыз жоқ. Қыздан сұрасаң, дұрыс жігіт жоқ. Негізі мәселенің түбінде: «Мен ажырасқан отбасында өстім немесе айналамнан өте көп ажырасқан адамдарды көрдім, сондай қателік жасамас үшін, мен болашақ жарымды микроскоппен қарап, таңдауым керек», — деп ойлайды. Идеал іздейді. Отбасылық өмір мен отбасылық өмірге дейінгі қарым-қатынас өте бөлек дүние. Бірін-бірі аса қатты жақсы көріп үйленгендер өте тез ажырасады. Шын ғашықтар қосылғанның өзінде бірге бола алмайды. Себебі психологиялық фон қаншалықты мықты болса, логикалық ойлау, рационалды ойлау соншалықты әлсіз болады. Жарнаманың барлығы эмоцияға негізделген. 8 наурызға сыйлыққа алтын алмасаң болмайды деген сияқты. Қымбат па, ақшамыз жете ме, жетпей ме, шынымен, бізге қажеті бар ма, жоқ па, әйтеуір, ала саламыз. Қатты ғашық болған кезде, адамдар кемшілікті көрмейді, көргісі де келмейді. Егер кемшіліктерін байқап қалсам, ләззат ала алмай қаламын деп ойлайды. Отбасы құрғысы келетін адам өзіне болашақ жарына қатысты 10 критерий белгілеуі тиіс. Оның жартысы немесе жартысынан көбі шығып жатса, ойланбай үйлене беруіне болады. Көп адам отбасын құруды «өмірдің соңы» деп ойлайды. Әсіресе, бойдақтар. Осыншама уақыт жүрдім, қыдырдым, бақытты өмір басталды деп ойлайды. Негізінде отбасылық өмір енді басталып жатыр. Өз басым, жастарға ерте үйленуді ұсынар едім. 22 жас, 23 жас, 25 жасқа дейін тұрмыс құрған дұрыс. Өйткені жастардың үйленгеннен кейін махаббаттары берік болады. Қандай жағдай болмасын, кешірімді болады. Жас кезде үйленіп, өмір қиыншылығын бірге көру жұптарды бір-біріне жақындатады. Тәжірибемнен мынадай бір оқиғаны айтайын. Астанада бір тыңдаушымыз бар. Әйел. Күйеуімен бақытты емес екенін айтады. Күйеуі өзінен он жасқа үлкен. Эмоционалды жақындық жоқ дейді. «Кеш үйленді, мен кеш тұрмыс құрдым. Ол кісі ауқатты болды, дайынға келдім», — дейді. Күйеуі кез келген мәселеде әпкесімен, жақын досымен ақылдасады, жоспар құрады, бірге демалады. Әйелі барлығы бас қосқанда, өзін бір көшеде тұрғандай сезінеді. Неге? Себебі алғаш Астанаға келгенде жертөледе үшеуі бірге тұрған, бірге даяшы болып, бірге қызмет еткен. Барлық қиыншылықты бірге көрген. Қиыншылық адамдарды жақындатады. Жаңағы әйел дайынға келген соң, күйеуімен бірге айтатын естелігі де жоқ. Әйел ерте тұрмыс құрмағанына өкінеді. «Мәңгі ғашықтар бір-бірімен қосылмайды» деген маркетинг. Шабыт қиыншылықта келеді. «Happy end» деген бар. Бұнымен ақша таба алмайсың. Адамдарға қате түрде ұғым енгізеді. Сенің ғашығың бар, сен оны табу керексің дегендей. Күйеуі болған күннің өзінде де әйелі махаббат іздейді. Екіншіден, ғашықтық сезімді тартымдылықпен шатастырамыз. Сүйгенің мүгедек болып қалған жағдайда, ауырып қалған жағдайда, соңғы деміне дейін бірге болу керексің. Тартымдылық сезімі осындай жағдайға тап келгенде, шорт үзіледі. Ал келісім-шартпен үйлену батыстың практикасында бар. Отбасы бақытына еш қатысы жоқ. Отбасы келісім-шартқа емес, қарым-қатынасқа негізделеді. Келісім-шарт деген бай адамдардың байлығыма зиян келмесін деп, қу дүние үшін жасайтын тірлігі ғой. Отбасын сүйіспеншілік пен сыйластық қана бақытқа кеңелтеді.

Енелердің бір қателігі — келіннің жақсы-жаман
болуын баласынан көрмейді

— Бір жарым жыл бұрын берген сұхбатыңызда қазақ отбасының ажырасуын себеп болып отырған енелер проблемасы депсіз. Бір жарым жылдың ішінде осыған байланысты көзқарасыңыз өзгерді ме?
— Бұл тренд әлі жалғасуда. Енелердің жастардың ажырасуына үлкен септігі бар. Тікелей енелердің қателігі деп айтпайық. Енелердің болуы, бірге тұруы, біреудің анасы болған соң араласуы, үлкен кісі, әйел. Жеке басына сөзім жоқ. Барлық енені жаман деп айтпаймыз. Қаншалықты жақсы ниетпен болса да, отбасылық қарым-қатынасқа араласуы жастардың ажырасуына алып келеді. Бір жылдың ішінде осыған байланысты шағымдар азайған жоқ. Сұрақ көп. Келін мен ене қарым-қатынасы өте жиі талқыланады. Бізде мынадай тип енелер бар: ажырасқан немесе күйеуімен бақытты өмір сүре алмаған енелер балаларының отбасына қатты араласады. Мейірім көрмеген мейірім көрсете алмайды. Ененің келін кезіндегі жағдайына қарау керек. Келін кезінде енесі тарапынан қорлық көрген болса, күйеуі қол көтерген болса, өзін ешқашан сүйкімді әйел ретінде сезінбеген болса, бұл келін ене болған кезде, келініне тура соны көрсетеді. Әскердегі дембельдердің духтарды ұруы секілді ғой. Екінші тип отбасында беделге, абыройға ие болмаған кісілер келін арқылы беделге ие болғысы келеді. Үшінші тип баласы жалқы болғандар. Баласы бір шүйке бастың соңынан кетіп, жалғыз қаламын деп қорқатын әйелдер. Бұл типтегі енелер не үшін келін алып жатқанын түсіну керек. Келінді құл, қызметші етіп алмайды ғой. Балама жар болсын деп алады. Енелердің бір қателігі — келіннің жақсы-жаман болуын баласынан көрмейді. Баласына қандай тәрбие берсе, баласы сондай қыз алып келді. Келін жаман болса, балам жаман. Балам жаман болса, мен дұрыс тәрбие бере алмадым деп ойлағаны абзал. Рас қой? Жұмысқа алған кезде біз адамның түйіндемесіне қараймыз. Тәжірибесіне, бұрынғы жұмыс істеген орындарына көз жүгіртіп шығамыз. Барлық мекеме тәжірибесі бар адамды іздейді ғой. Бүгін диплом алған адамның жұмыс тауып кетуі қиын. Енді келін алғанда, түйіндемесіне қарамаймыз ғой. Ана отбасында үш жыл келін болыпты, мына отбасында бес жыл келін болыпты. Мынадан бір баласы бар екен, анадан екі баласы бар екен деп, күшті тәжірибелі келін екен, мұны алайық демейміз ғой. Есесіне келін болып келгенде, тәжірибесі бар адамдай талапты қоямыз келіп. Көңіліңіз толмайды. Кінәлап бастаймыз. Ұлдың да, келіннің де құлақ етін жейміз. Біз семинарларымызда осының барлығын үйретеміз. Келіндерге енелер психологиясын дұрыс түсінуге шақырамыз. Психологияны дұрыс түсінгенде, дұрыс коммуникация пайда болады. Батыста үйленген кезде екі кісі ғана қосылады. Тіпті кейбіреуінің әке-шешесі тойға келмейді. Бізде отбасылар үйленеді. Құда-құдағилар, құдашалар пайда болады. Он-оннан қосылып жиырма болады.
Қазіргі таңда жастар арасында мынадай қауіпті тренд бар. Қыздар бірден енеммен тұрмаймын деп шарт қояды. Көп жігіттер осыған келісіп жатыр. Бұл ұлттық құндылығымызға қауіп төндіретін тренд. Тұрмыс құрмастан бұрын ене мәселесі күн тәртібінде болмау керек. Бұған келіскен жігіттерді қалай деп атасақ та жарасады. Басы алтын қыз болса да, анасынан бас тартуға болмайды.

Қазіргі таңда ата-ана болудың ешбір артықшылығы жоқ

— Қазақстанда «Отбасы күнін» мемлекет денгейінде қашан насихаттаймыз?
— Бізде бұл мерекені атап өтіп жатқанына бірнеше жыл болды. Мектептерде ата-аналардың қатысуымен іс-шаралар өтеді. Спорттық шаралар, әсіресе. Біз 25 жылдан кейін рухани жаңғыруды бастап жатқан елміз ғой. Бәлкім, саясаткерлерге, ел басқарып отырған азаматтар осылай дұрыс көрді ме, әйтеуір өте кеш рухани құндылықтарымызға көңіл аударып жатқанымыз рас. Ал рухани құлдыраудың қатерін қанша жыл зардап шегетінін уақыт көрсетеді. Біз жекеменшік ұйымбыз. Түрлі отбасылық шараларды жиі ұйымдастыру арқылы қоғамға әсер етуге болады. Осындай мәселе көтеретін желідегі белсенді психологтарға алғысым зор! Мектептегі ата-аналарға семинар өткізуді қолға алуды бастау керек. Мемлекеттік деңгейде мынадай бір мәселені көтергіміз келеді. Мектептегі ата-аналар жиналысына қатысу үшін ата-аналарды жұмыстан босату керек. Қазіргі таңда ата-ана болудың ешбір артықшылығы жоқ. Тым құрмағанда тоқсанына бір рет балаларының жиналысына қатыссын! Біздіңше, осы мәселені қолға алу керек сияқты.

Сұхбаттасқан — Бауыржан Карипов

Тағы оқыңыз:

Шымкентте жоғалып кеткен 2 жасар бала өлі күйінде табылды

Алматылық жігіт әйгілі әншінің концертінде сүйіктісіне ұсыныс жасап, залды шулатты (видео)

Ақмола облысында жерлеу рәсіміне келгендер тамақтан уланып, ауруханаға түсті

Талқылау