Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір әйелдің екі күйеуі болатынын елестете алмаймын": Отандық психолог елді шулатқан мәлімдемесі, бала тәрбиесі мен қазақстандықтардың басты проблемасы жайлы айтты

Отандық психолог Серікгүл Сәли қазақстандықтардың арасында етек алған проблема – бір-бірін түсінбеуден болатынын жеткізді. Айтуынша, өзінен көмек сұрап жүгінетіндердің дені – әйелдер. Жақында психологтың “Әрбір әйелдің екі күйеуі болуы керек” деген көзқарасы желіде қызу талқыға түсті. Маманның өзі мұны шынайы өмірде мүлде елестете алмайтынын, үш адамнан құралған қарым-қатынас моделінің болашағы жоқ екенін алға тартады. Stan.kz тілшісі Серікгүл Сәлиден ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, жасөспірімдердің қылмысқа бейімдігінің себебі, біржынысты қарым-қатынастың болашағы жайлы әңгімелесті.

– Өзіңіз жайлы айтып берсеңіз. Психология саласында қызмет етіп жүргеніңізге қанша уақыт болды және оған не себеп?

– Тұрмыстамын, үш баланың анасымын, жұбайыммен отасқаныма 16 жыл болды. Психология саласында 12 жылдық тәжірибем бар. Он екі жылдың бес жылын түрлі курстарды меңгерумен, әдістемені игеруге арнадым, диплом алмайынша кәсіби маман атана алмайтынымды түсініп, жеті жыл бұрын психология мамандығы бойынша бакалавр, магистр дәрежелерін алдым. 

Психология бағытына келуіме қазіргі балалар тәрбиесінде көптеген қателіктер кетіп жатқанын түсінуім әсер етті. Бала иммунитетінің, психикасының саулығы ата-ананың тәрбиесімен тікелей байланысты. Өзімнің де осы қателіктерді жіберетінімді ұқтым.  Балаларды дені сау етіп тәрбиелеу, отбасындағы бақытты әйел ретінде өзімді сезіну мақсатында психологияға бет бұрдым. Әрбір психолог маманның айтатын мынадай тамаша сөзі бар: “Кез келген психолог өз басындағы проблемасын шешкеннен соң барып психологияға келеді немесе өз басындағы проблемалардың шешімін іздеп келеді”. 

– Қазіргі әйел мен еркек арасындағы қарым-қатынастағы проблемалар қандай? Сізге келетін, кеңес сұрайтын адамдар арасында көбіне қандай мәселелер актуалды?

– Қазіргі әйелмен еркек арасындағы, жалпы кез келген адамдар арасындағы проблема бір-бірін түсінбеуден келіп туады. Неге адамдар бір-бірін түсінбейді? Себебі әркімнің психикасы әртүрлі. Көбі: “Мен әлемге қандай көзқараспен қараймын, басқаларда сондай көзқараспен қарауы тиіс, егер бұған ешкімнің көзқарасы сай келмесе, демек, менде проблема туындайды” деген позицияны ұстанады. 

Консультацияға көбіне жүгінетін адамдар отбасылық мәселе бойынша келеді. Олардың ішінде әйелдер қатары көп. Бұлар отбасын сақтап қалғысы келетіндер. Көбіне әйел адамдар ақыл-кеңес сұрайды. Жолдасымен қарым-қатынасты реттегісі келеді, баласына агрессия көрсетпеуді, күйеуімен тіл табыса алуды мақсат етеді. Келіншектер: “Қай жерден қателік жіберемін? Неге мен бақытты бола алмаймын?” деген сұраныспен келеді.  “Әйелдің жан дүниесін түсіну үшін қандай қосымша ақпарат керек”, “үйлену үшін не істеуім керек” деп келетін бойдақ жігіттер де бар.

– Жақында бір сұхбатыңызда “Әрбір әйелдің екі күйеуі болуы керек” деген ұсыныс жасадыңыз. Мұны болашақта қалай елестетесіз? “Екі қошқардың басы бір қазанға” сыя ма?

– “Бір әйелдің екі күйеуі болуы керек” деген мүмкін емес нәрсе. Мен мұны елестете де алмаймын. Екі қошқардың басы бір қазанға сыяды деген ойды да өзіме ұлықсат ете алмаймын. Бұл қалай мүмкін емес болса, бір еркектің екі әйелі болуы керек деген де – болашақта мүмкін емес нәрсе. Осымен салыстырып айттым. Әйелдер ер адамдармен бір-бірін бақытты ету жолында деңгейі бір болып есептеледі, үшінші адам бұл әрдайым артық болады. Үш адамнан қарым-қатынас құрылады деген модель болашақта болмайды.


"Балалардың бар екенін айтпау - өзін-өзі алдау": Қазақстандық әйел төрт баламен қалай тұрмысқа шығуға болатынын айтты 


– Балалар тәрбиесіне басымдық бересіз, оларды ұруға болмайды деген көзқарасты ұстанасыз. Қазіргі заманда ата-ана балаларды қалай тәрбиелеуі керек?

– Баланы ұруға болмайды. Қазіргі балаларды тәрбиелеу үшін ата-анаға өз баласының психикасын танып, ішкі қалауы қандай екенін біле отырып, сол қалауына сай талантын дамытып өсіру керек. Әр ата-ананың өз баласының туа бітті психикасын танып, білуіне көмектесетін білімі болуы керек дегенді әрдайым айтамын. 

Бұл – мектеп бағдарламасындағы көбейту кестесі сияқты элементарлы негізгі білім. 

– Соңғы уақытта жасөспірімдердің қылмысқа бейім болып бара жатқанын байқауға болады. Көп жағдайда қоғам мұндай кезде "дұрыс тәрбие бермеген" ата-ананы кінәлауға бейім. Баланың психикалық ауытқуға ұшырауының алғашқы белгілерін анықтау мүмкін бе?

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өсуі тәрбиедегі кемшіліктер кесірінен. Ата-ана өз кезегінде тәрбиедегі қателіктерді ешқашан қате екен деп ойламайды, себебі баласын сабап, айқайлаған, ұрып-соққан күннің өзінде бұл әрекеттерді жақсы ниетте істейді.  “Баласын адам қылу”, “өсіру” мақсатында. Алайда біз түсінбейтін психика бар. Бұл – үлкен әлем. Адам болсын деп баланы ұрғаннан, адам шықпайды. Одан ақыры ұрлықшы, маньяк, қоғамға зиянын тигізетін тұлғалар өсіп шығады. Себебі қазір психика бұрынғыдан өзгерек.

Мұнда, әрине, ата-анаға да кінә арта алмаймыз. Себебі ата-ана мұны білген жоқ, егер білсе, бұлай болмас еді. Бұл – жаңа қалыптасқан білім, психологияның жаңа бағыты. 

Жеткіншектің мұндай “ауытқу” белгілерін анықтауға болады. Сөзіңізді екі етпей, тыңдап жүрген бала аяқ-асты есірігі ұстап, дүрбелең шығарады. Қанша айтсаңызда, сөзіңізді ұқпайды. Осы кезде ата-ана дабыл қағып, “неге менің балам мұндай күйге түсті” деген сұраққа жауап іздеп, мамандарға жүгінуі тиіс. 

Осы сұрағына жауап тапса, кез келген баланың психикасын 10-12 жасқа дейін 100%-ға қалпына келтіруге болады. Ал есейген сайын оның психикасының қалыпқа келу мүмкіндігі азая береді. Осы ретте маңызды нәрсе, бала данышпан не зұлым болып тумайды, оған тәрбие тікелей әсер етеді. 

– Мотивация жайлы постарыңызда жиі жазасыз. Жалпы адамға мотивация керек пе? Оны қайдан ала алуға болады?

– Мотивация ешқашан бізде болмаған нәрсе. Адамдарды өзіне тәуелді етіп қойған жасанды қажеттілік дер едім. Дәмін бір татқызып, адамдарды соған тәуелді етіп қояды. Психология бойынша, мотивация деген адамның ішкі сезіміне ие болуы. Адам сезім және саналық формамен өмір сүреді. Сезімді де тәрбиелеу керек. Ересек болған соң әрбір адам ішкі сезімді қолдап, дамытып отыру керек. Сезімді дамытатын бірден-бір нәрсе – классикалық, көркем шығармаларды оқу, театрлардағы қойылымдарды көру, халық әндерін, классикалық музыканы тыңдау.

Осыдан іштей жағымды сезімге ие боласыз, ол сізді өмірде алға жетелейді, бойыңызға қуаныш сыйлайды, барлық болған оқиғаларға түсіністікпен қарайтын жағдайға әкеледі. Бұрынғы уақытта ата-аналарымыз кітап көп оқып, ал одан арғы замандарда өмір сүрген ата-бабаларымыз жыр тыңдап өскен, сәйкесінше одан қажетті сезім алған, сондықтан оларға мотивация атаулысы қажет те болмаған. Ал қазір мотивация береміз деп уәде ететін тренингтерге барсаңыз, оның ұзақтығы үш күн, одан соң сол баяғы көңілсіз, үмітсіз күйге түсесіз.

– “Келін мен ененің” арасындағы қарым-қатынас қоғамда әрқашан актуалды. Сіздің пікіріңізше, екі тарап қалай татту-тәтті өмір сүре алады? Жас отбасы жігіттің ата-анасымен тұруы қажет пе? 

– Ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты әрдайым өздері шешу керек. Екеуінің ортақ тіл табысып, бір-бірімен қарым-қатынасының жақсы болып кетуі көп жағдайда енеге байланысты болады. Ене ұлының таңдаған жарымен бақытты болуын қаншалықты қалап, келінінің жағдайын түсініп, білмеген жерін үйретіп, ақылын айтып, білетін жеріне қолдау көрсетсе, келіні де енесінің таза ниеті, ақ көңіл ойына қосылады. Алғашқы кезде көп ене келіндерін сынап жатады. Осындай сынақтардан сүрінбей жақсы өту үшін келіннің ұстанатын позициясы манадай болу керек: “Ол күйеуінің туған анасы, ал анасына бары мен базары болған ұлы. Мұндай проблемаларды күйеуіңізге жеткізе берудің қажеті жоқ. Себебі ұлын анасына қарсы қоймаған дұрыс. Керісінше, осы ердің өміріндегі ең жақын екі әйел екеуіңіз бірлесіп ер азаматтың жолын ашып, қолдау көрсету керек. 

Қазіргі заманда әрбір адамның жеке шекарасы, жеке өмірі деген ұғымдар айтылып жүр. Бұл да бекер емес. Жастардың құндылықтары, қызығушылықтарын түсінетін енелер де болады. Ата-енемен тұрған өте жақсы, енесін мақтап отыратын қаншама әйелдерді көрдім. Баланы тәрбиелеу, өсіру бойынша құнды ақыл-кеңестерін береді. Сондай-ақ жеке шекарасына баса мән беретін, жеке тұруым керек деген позицияны ұстанатын жастар болады. Оларға ата-енемен бірге тұрудың қажеті жоқ. Жалпы алғанда бір бағытты ұстанудың қажеті жоқ. Екі жақты көзқараста болуға бейімделуіміз керек сияқты. 


"Қазақ екенімізді дәлелдеу үшін руымызды білген аздық етеді": Ауғанстандағы қандасымыз тарихи Отанына орала алмай жатқанын айтады 


– Бір сөзіңізде қазіргі замандағы қыздардың ой өрісі, потенциялы қарқынды даму үстінде, ал сәйкесінше осындай қыздарға сәйкес келетін еркектердің аз екенін айтқан едіңіз. Осындай жағдайда болашақта қандай өзгерістер орын алуы мүмкін?

– Менің болжауымша, 30-35 жас шамасындағы тұрмыс құрмаған қазақ қыздарының 70-80%-ға жуығы жетістікке жеткен, әлеуметтік мәртебесі жоғары, жұмысында нәтиже көрсеткен, қаржылық еркіндікке қол жеткізген қыздар. Тура осы жас шамасындағы барлық жетістікке жеткен ер азаматтар қыздар сияқты көп емес. Қазақ қыздарының басқа ұлттарға шығып жатуының бірден-бір себебі өз ортасынан теңін таба алмағандықтан деп ойлаймын. Осы тенденция болашақта да жалғасатын сияқты. Мен мұның ары қарай жалғасқанын қаламаймын. Сондықтан ер азаматтарды, ұлдарды өсіргенде жауапкершілікті көбірек артып, ширатып өсіруіміз керек. Әрине, қазақ жігіттерінің арасында да отбасының шырапасын шыр айналдырып отырғандар бар. 

– Соңғы уақытта біржыныстылардың қарым-қатынасы туралы жиі айтылып жүр. Психология тұрғысында бұған қандай баға беріледі?

– Қазіргі заманның даму кезеңінде алдыңға қатарға шыққан нәрсе – әрбір адам махаббатты сезінуге, ләззатқа бөленуге құқығы бар. Бірінші орынға махаббатың шығуы, өмірдегі қасиетті сезімдерді сезіну мүмкіндігі бұрын әйелдерге қолжетімді емес еді. Әйелге осы құқықты әкелу үлкен революциямен келді. Дәл қазір біз осындай заманда өмір сүріп жатырмыз. Егер махаббат бірінші орынға шығатын болса, екі адамның қалауы бір-бірін махаббатқа бөлеу болса, демек екеуінің де осы махаббаты сезінуге құқығы бар. Мұның астарында осындай түсінік бар. 

Бірін-бірін сүйіп тұрған адамдар ішінде ер мен әйел ғана емес, еркек пен еркек, әйел мен әйел де бар, екі тарап бір-біріне махаббат бере алады деген түсінік қазіргі қалыпты. Ал Америкада бұл тенденция заңдастырылды.

Психонализ бойынша, барлық гомосексуалдық пен педофилияның фундаменті, түбі бір. Егер педофилия болмасын десек, гомосексуалдықты қалыпты жағдай деп қабылдау керек. Психикасында ерекше қалаулары бар адамдар өмірге келеді, олардың сексуалдық қажеттілігі теріс қалауға айналып, архитиптік деңгейге түспес үшін ол қоғамда дамыған, орнын тапқан адам болуы тиіс. Психикалық не жыныстық қалауды ешбір адам жеңе алмайды. Гомосексуалдықты қабылдамай, оған жиіркенішті нәрсе ретінде қарасақ, тосқауыл болсақ, мұндай адамдар педофилдікке барады, себебі сол кезде ғана бұл қалауы басылады. 

Ал баланың жыныстық қатынасқа түсуі – бұл қасірет, психикасының тежелуі. Сондықтан педофилділікке жол бермеу қажет. Ал егер ересек еді адам бір-бірімен махаббатын бөлісеміз деп тұрса, екеуінің сезімінен ешкімге зиян келмесе, бұл қазіргі уақытта норма деп қабылданып отыр. Гомосексуалдық адамзаттың азғындағанынан туындаған нәрсе емес. Бұл – махаббатты бірінші орынға қоғаннан шыққан нәрсе. Осы аспектілерді түсіне отырып мынадай қорытындыға келуге болады. КСРО тұсын көрген адам үшін екі ер адамның қатынасы бізге сұмдық болып көрінеді. Себебі біздің қабылдауымызда мұндай болмаған. 

Алайда өсіп келе жатқан балаларымыздың қандай бағыттан өмірге деген көзқарасты қалыптастырып жатыр деген мәселеге үңілсек, бастыстың фильмдерін байқаймыз. Мәселен, көрерменнің арасында ерекше таралған “Бумажный дом” телехикаясын балаңыз көріп па еді? Сұрап көріңіз.

 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап АҚШ-тың фильмдерінде міндетті түрде біржынысты қарым-қатынас қарастырылады деген заң қабылданды. Осы заңның аясында гомосексуалдықты насихаттамайтын фильм болмайды. Әлемнің әрбір түкпірінде отырған, осындай фильмдерді көріп өскен бала біз сияқты үркіп емес, бұл жағдайды норма ретінде қабылдайды. Қанша қарсылассақ та, ертеңгі буын мұны қалыпты етіп қабылдайтыны ақиқат.

Баланың қандай тәрбие алғанына, оның психикасының қандай екеніне, қоғамда орнын табуына күш салған кезде ғана ата-ана баласының гомосексуалды, біржынысты қарым-қатынасты қаламайтынына толық сенімді бола алады. Маман ретінде, біржынысты қарым-қатынас дені сау қарым-қатынас емес деп есептеймін. Осындай қарым-қатынасқа қалауларының болуы адамдардың өздеріне байланысты емес. Олардың психо-сексуалды дамуына тікелей байланысты. Қоғамда біржынысты адамдар тәрбиеде кеткен кем-кетіктер есебінен пайда болады. Біржынысты қарым-қатынасты қабылдайтын, табиғи қыз бен жігіт ретіндегі қарым-қатынасты қалайтын ұрпақ тәрбиелеу біздің қолымызда. Ол үшін баланың психикасына травма келтірмей тәрбие беру керек. Қазақтың ұл-қыздары біржынысты қарым қатынасты қаламай, басқа елдердегі осындай тұлғаларға да үрке, түрте қарамайтындай толерантты деңгейде дамыған тұлға бола алады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Талқылау