Психолог пассивті агрессиядан арылудың жолын атады
Психолог-сексолог Риналия Сафина өзіңізді пассивті агрессиядан қорғау – психологиялық жарақаттан арылуға, өзін-өзі бағалауды арттыруға және жеке шекараларды орнатуға көмектесетінін айтты.
“Негізінде пассивті агрессия адамның жағымсыз эмоцияларын дұрыс көрсете алмауынан туындайды”, – дейді Сафина.
Психологтың айтуынша, бұл әдісті басқалармен қарым-қатынаста қолданатын адамдар әдетте өзіне сенімсіз және психологиялық жарақаттары өте көп. Мұндай адамдарға үнемі біреу оны ренжітетін сияқты көрінеді. Сондықтан олар "ең жақсы қорғаныс – шабуыл" деген қағидамен өмір сүреді.
Психолог пассивті-агрессивті мінез-құлыққа төмендегі мысалдарды келтірді:
- жағдайды немесе басқа адамды өзгерту қабілетсіздігінен туындайтын қыңырлық пен манипуляция;
- үнсіздік немесе қарым-қатынастан аулақ болу;
- адамдарды елемеу, телефонды көтермеу, хабарламаларға жауап бермеу;
- өзін ренжіткен адамды немесе жағдайларды саналы түрде есте сақтау;
- серіктес, туыстары немесе достарының үстінен үнемі шағымдану.
"Пассивті агрессия әдетте балалық немесе жасөспірімдік кезеңде дамиды. Бұл – сезім білдіруге тыйым салынған кезде ашуды жасыру тәсілі. "Айқайлама", "үндеме" сынды ата-ананың ескертпелері балада пассивті агрессияның қалыптасуына алып келеді", – деді психолог-сексолог Риналия Сафина.
Психолог пассивті-агрессивті тұлғаға айналмау үшін эмоционалды интеллектті жаттықтыруға кеңес береді. Оның айтуынша, адам өзін жақсы түсінген сайын өзгелерді түсінуі де жеңілдейді.
"Болашақта өзіңізді пассивті агрессиядан қорғау үшін өзіңізді бағалап, психологиялық жарақаттан арылуға және жеке шекараларды қалпына келтіруге тырысқаныңыз жөн. Сондай-ақ эмоцияларыңызбен жұмыс істеңіз. Егер сізді бірдеңе мазаласа, оны бейжай қалдырмаңыз", – деп кеңес берді психолог.