Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жасөспірім жүкті болып қалса немесе депрессияға ұшыраса не істеу керек?

Қазіргі жастар арасында өз-өзіне көңіл толмаушылық неге аз? Елімізде суицид не себептен белең алып тұр? Stan.kz ақпарат агенттігі қалалық жастар орталығының психологы Раушан Жетеевамен сұхбат жүргізіп көрді. Мамандардың айтуынша, біздің менталитетіміз көп жағдайда кейбір дүниелерге тосқауыл қояды екен.

–    Раушан ханым бұл жастар орталығы жасөспірімдерге қаншалықты көмектесе алады және жастарға несімен пайдалы?
–    Жастарға біз психологиялық және гинекологиялық тұрғыда көмектесеміз. Бұл орталыққа көбінесе жасөспірімдер мен оқушылар келеді. Қазіргі кезде жас буынның көздері ашық, дегенмен психолог мамандардың қажеттілігін туғызатын өмірлік жағдайлар аз емес. Өйткені олардың психологиялық тұрғыда көмектің қажет екенін және адам өміріне маңызы зор - екеніне көздері жетіп отыр. Жастарға қиындық тұғызатын жайт - біздің менталитетімізге байланысты адамдардың да ашылуы қиын. Сол себептен де, және кейбір жағдайда жасөспірімдердің ата-анасына тәуелді болатын жағдайларда қалалық жастар орталығына көп жастарымыз келе бермейді. Бірақ қазіргі кезде біз өзіміз мектептердің сұранысымен семинарлар жүргізіп жүрміз. Содан кейін мектепке барып оқушыларға жоспардан тыс жүктіліктің алдын алу шараларын түсіндіреміз. Біз жастарды оларға ыңғайлы уақытында қабылдаймыз.

–    Сізге жастар көбіне қандай мәселелермен келеді?
–    Әр адамда әртүрлі оқиғалар мен өмірлік жағдайлар болады. Қарым-қатынастарды қалай дұрыс құру, стресс болған және өкпе-ренішпен келетін жастар көп. Біздің балаларымызға бала кезден көп шектеулер қойылады – сол тәрбиенің кері әсері баланың психикасына зиянды және кейбір кездерде депрессияға ұшыратады. Сол жағынан барынша көмектесуге тырысамыз. 

–    Олардың басында қандай жағдайлар жиі кездеседі?
–    Қиын қарым-қатынастар мәселесімен көкейтесті болып тұрғаны – суицид қатері. Көбінесе өмірден түңілген ешкімнен қолдау көрмеген жастар келеді. Оған себеп: қазір балалардың сабағы қиын. Олардан жан-жақтылықты талап етеді. Ата-аналарының қысымы. Бәрі стрессте жүреді. Қазір қарап отырсаңыз, Instagram-да барлығының өмірі тамаша болып көрінеді. Жастар өзінің өмірімен салыстырып, қарап көргенінде - өзіне деген сенімділігін жоғалтады. Осыдан кейін депрессия пайда болады.

–    Зорлық-зомбылық көрген жастар көп келе ме?
–    Жаңа айтып өткенімдей, олар басындағы жағдайды дер кезінде айтпай, жасырып қалады. Бірнеше жылдан соң ғана айтуға бел буады. Негізі үй ішінде, жақындарынан зорлық-зомбылық көріп жүрген жасөспірімдер аз емес. Тәжірибемде осы уақытқа дейін педофилден зорлық көрген ұл балалар кездеспеді. Ал қыздар арасында кішкентәй кезінде зорлық көргені болды. 

–    Мектеп оқушылары мен жасөспірімдерге педофилден сақтанудың қандай жолдарын айтар едіңіз?

–    Педофилден зардап шегушілер неліктен көп? Өйткені бізде зорлық-зомбылық көбінесе жасырын қалады. Үйдің ішінде болып жатқан дүниені жастар айта алмайды. Өйткені біз балаларымызды «айтуға болмайды», «ұят болады», «елдер не дейді?» деп тәрбиелеп тастағанбыз. Педофил балаға бір рет тиіскенде үндемесе, онда ол сол ісін тағы қайталайды. Сол үшін бала өз құқығын білуі керек. Баламен күнделікті сөйлесіп, онын өмірінде не болып жатқанын білу - ата-ананың міндеті және жасөспірімдердің үй ішіндегі жақындардың арасында ашылып, қандай да бір жағдайға ұшыраған кезде – оны жақындары қолдайтынына, сенімділік туғызатын жағдай жасау – үлкендердің жауапкершілігі деп есептеймін.

Орталықтың гинеколог маманы Назерке Райымбекованың айтуынша, жасөспірімдер жоспарланбаған жүктілікпен бетпе-бет келіп, көмекке жүгінетін кездер болады.

–    Назерке ханым, Ал 18 жасқа толмаған қыздар жүкті болып қалса ше? Бірден аборт жасауға жіберіле ме?
–    Он сегізге толмаған қыздардың арасында да жүктілік кездеседі. Ондайда аборт жаса деп біз кесіп айта алмаймыз. Таңдауды қыздың өз еркіне қоямыз және ата-анасымен бірге ақылдасамыз. Егер 18 жасқа толмаған қыз жүкті болып қалған жағдайда онда 12 аптаға дейін аборт жасауға болады. Ал зорлық-зомбылық әрекетінен жүкті болып қалса, онда арнайы дәрігерлік комиссияның шешімі бойынша 22 аптаға дейін түсік жасауға рұқсат етіледі. 

–    Жалпы жасөспірімдер арасында жүктілік көп кездесе ме?

–    Статистикаға сүйеніп айта алмаймын. Бірақ 18 жасқа толмай жүкті болып қалу кездеседі. Көп жастар жоспардан тыс жүктілікті жасыруға тырысады. Сол себептен де біздің орталыққа жастар көп келеді деп айта алмаймын. Ондай жағдайлар көбіне мектептер мен колледждерде анық болады. Содан кейін де жасөспірімдер өздеріне жақын жердегі емханаларға барады. ҚР-да заң бойынша 18 жасқа толмаған қыздарға гинекологиялық тексеруді ата-анасының рұқсатынсыз жүргізуге болмайды. Осы жағынан да біз алдымызға келген оқушы қыздың жүкті немесе жүкті емес екенін білу мақсатында УЗИ-ге түсіру жұмыстарын жасай алмаймыз. Ол тек ата-ананың рұқсаты бойынша іске асады. Егер жасөспірімде жоспардан тыс жүктілік болып қалса, онда біздің орталықта аборт жасалынбайды. Жасанды түсік көпсалалы ауруханаларда ғана жасалуға рұқсат берілген.  

 

Сұхбат жүргізген: Анар Дәукенқызы

 


 

 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 12 Ақпан, 2020 13:35
Талқылау