Психолог ересектер арасындағы суицидтің негізгі себептері мен оны алдын алу жолдарын айтты
Қазақстан суицид саны бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Дегенмен 2022 жылы елде тіркелген суицид дерегі 7%-ға азайыпты. Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, азаматтар көбіне жалғыздық және материалдық жағдайдың төмендігі салдарынан өздеріне қол салады. Ал психологтардың айтуынша, соңғы жылдары суицид жасауға оқталу деректері де әлдеқайда (17%) азайған. Stan.kz тілшісі Алматыдағы психикалық денсаулық орталығының маманы Мөлдір Әміртаймен сұхбаттасып, суицидті қалай алдын алуға болатынын сұрап көрді.
Мөлдір Әміртайдың сөзінше, адамдар көп жағдайда жауапкершіліктен қорыққандықтан суицид жасайды. Маман өзіне қол салуды "адамның өзін-өзі қорғау реакциясы” деп атады.
"Бізде суицид деректерін алып қарасақ, көпшілігі әлеуметтік жағдайға байланысты. Егер әр жағдайды жеке қарап, тереңірек зерттесек, мұның себебі жауапкершіліктен қорқу екенін көреміз. Мысалы, бір адамның әлеуметтік жағдайы өте жақсы делік. Бірақ ол жемқорлық дерегімен қамауға алынады, осы сәтте психика өзін қорғау үшін бірнеше сигнал жібереді. Қорыққан адамның ойына бірінші келетіні – ұзақ уақыт түрмеде отырғанша өзін өлтіру. Тіпті қарапайым ҰБТ алдында ата-аналар аз балл алса, оқуға түсе алмайтынын айтып баланы қорқытады. Нәтижесінде тиісті балл жинай алмаған бала өзін тығыраққа тірелгендей сезініп, суицидке баруы мүмкін", – дейді психолог.
Маманның пайымдауынша, 2019 жылдан бері Қазақстанда суицид деректері 20%-ға азайған. Мұны елімізде тиісті орталықтардың ашылуымен байланыстырды.
"Ел арасында "Психикалық сауықтыру орталығына хабарласса, бірден есепке алады" деген қорқыныш бар. Сондықтан ішкі күйзеліспен күреспей, әрі қарай жүре береді. Бірақ қазір психологтар суицидтің алдын алу үшін мектептерде және басқа да оқу орындарында кездесулер өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Айта кетері, күйзеліс суицидтің негізгі себебі емес. Күйзеліс кезінде адам өзін бір орында тұрып қалғандай сезінеді. Бір адам керісінше өз ойларымен күрес жүргізсе, екіншісі жаман ойлардың жетегінде кетеді. Бұл да психиканың қорғаныш реакциясы. Мысалы, екі балаға сабақта "2" деген баға алды делік. Бірі мұны естігенде жылайды, екіншісі күліп тұрады. Дегенмен екі балада да ішкі күйзеліс бар, бірақ психика мұнымен екі түрлі күрес жүргізеді", – деді маман.
Ересектердің суицид жасауды ойға алғанын бірнеше белгіден байқауға болады
Мөлдір Әнуарқызы күйзеліс немесе уайым кезінде адам бірден өзгеріп кететінін жеткізді. Себебі адамдар өзгеден көмек сұрай алмағанда проблемадан қашу үшін назарын басқа нәрсеге бұрады.
"Кейде үлгерімі төмен оқушы бірден жақсы оқып кетеді. Әрине, мұғалімдер үшін бұл жақсы көрсеткіш. Бірақ ешкім оқушының не себепті өзгергенін, оның жан-дүниесінде қандай мәселелер барын зерттемейді. Бұл жағдай ересектерде де болады. Мысалы, өмір бойы боксқа қызықпаған адамда бірден қызығушылық оянады. Ол ішінде тұрған сұрақтарға жауап таппай, назарын басқа адамдарға бұруға тырсып жатқанын көрсетеді", – деп түсіндірді психолог.
Сондай-ақ адамның ым-ишарасынан да психикасындағы өзгерістер байқалады екен.
"Кейде жақындарымыз немесе таныстарымыз "Бұл өмірге мен керекпін бе?" немесе "Мен өмірге келмесем жағдай қалай болар еді?" деген сұрақтар қоюы мүмкін. Сонымен қатар өзіне қол салу туралы шешім қабылдаған адам өзгелерді де бұған дайындай бастайды. Ешкім аяқ асты суицид жасай салмайды. Тіпті балаларына "Ертең мен болмай қалсам, не істейсің?" деген сияқты түрлі сауалдар қояды. Өйткені ересектер ішкі күйзелісін ешкімге айта алмай, "Менсіз де өмір сүре алуың керек" деп баларды дайындайды", – деді маман.
Суицидтің алдын алу үшін азаматтар қайда жүгіне алады?
Еліміздің әр аймағында бүгінде психикалық сауықтыру орталықтары жұмыс істейді. Мөлдір Әміртайдың айтуынша, азаматтар күйзеліске тап болса немесе суицидтің алдын алу үшін колл-орталыққа хабарласа алады.
"Колл-орталықтар тәулік бойы қоңыраулар қабылдайды. Сонымен қатар республикалық орталық та бар. Мұнда психологтардан кеңес алып, сеанстарға жазылуға болады. Бізге қоңырау шалған адамның барлығын есепке аламыз деген жансақ пікір. Егер азаматта күйзеліс болса, ішкі мәселелерін шеше алмай жүрсе, мамандар қолдан келген көмегін аямайды. Орталыққа келе алмаса, онлайн кеңеске де жазыла алады", – деп түйіндеді психолог.