AAPL
149.64 $
4.08 %
TSLA
759.63 $
7.33 %
NDAQ
155.64 $
3.12 %
GOOGL
2246.33 $
4.2 %
FRHC
42.55 $
3.15 %
AAPL
149.64 $
4.08 %
TSLA
759.63 $
7.33 %
NDAQ
155.64 $
3.12 %
GOOGL
2246.33 $
4.2 %
FRHC
42.55 $
3.15 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Адамның жұмысы оның хоббиіндей болуы керек": Қазақстандық психолог болашақ мамандықты дұрыс таңдаудың жолын айтты

Мектеп бітіріп, жаңа өмірге қадам басуға шақ қалса да бүгінде түлектердің бірқатары әлі де болса жандарына жақын мамандық таңдай алмай жүргені белгілі. Психолог Сәлима Сатылғанқызы әсіресе мамыр айында осы мәселе бойынша көмек сұрап келген ата-аналар мен жасөсіпірімдің қарасы көбейеді дейді. Мамандықты қалай таңдау қажет? Таңдау жасағанда, ең бастысы, нені ескерген жөн? Материалымыздан оқи аласыздар. 

– Салима ханым балалардың мамандық таңдауына қалай көмектесе аламыз? 

 – Ең өзекті мәселе бұл мамандық таңдау. Менің жұмыс тәжірибемде мамандығын дұрыс таңдай алмай сол арқылы күйзеліске, депрессияға түсіп кеткендер көп кездесіп келеді. Тіпті сондай тізімде жастары 30, 40, 50-ден асқан жандар да болды. Қазақ жар таңдау мен мамандық таңдаудан қателеспеу керек деп бекер айтпаса керек. Адам өз жұмысын ынтамен, қалауымен жасағаны дұрыс. Сондықтан саланы қателеспей таңдауы –  өмірдегі жетістіктердің бірі.

Жалпы мамандық таңдағанда бағыт-бағдар беру бала үшін де, ересектер үшін де өте жауапты іс. Сондықтан әсіресе ата-ана кішкентай кезінен бастап баланың неге бейім екенін, оның бойындағы болмысын, оның табиғи жаратылысын ескеруі керек. Себебі оның қандай салаға бейім екені, мамандық таңдаудағы іргетасы бала кезден қалана бастайды.

 – Қазіргі кезде көпшілік мамандығына емес жалақысына қарап сала таңдайды. Қоғам психологиясындағы бұндай пікірдің қалыптасуына не түрткі?

 – Мұның себептерінің бірі – адамдардың бәсекелестікке қабілетті нарықтық заманның талабына сай болуға деген талпынысы. Тіпті, кейде мол табыс көзінің адамның сол жұмыспен айналысуына шабыт беретінін жоққа шығара алмаймыз. Алайда бұл тек уақытша ғана қаржыға деген құштарлықтан туындайтын сезім. Адамның мамандығы оның хоббиіндей болуы керек. Ол әрқашан “мен жұмыс істеп жүрмін” деген емес, “мен сүйікті хоббиіммен айналысып жүрмін” деген ойда болуы қажет. Міне мамандығыңды осылай жақсы көрсең, қаржылық табыс көзі де көп ұзамай молынан келері анық. 

Ал өз мамандығын тек қаржы көзі ретінде қарайтын адамдардың психологиялық сипатын айтып берейін. Бала кезінде жоқшылықта өскен жан барлық бейімін ақша табуға қояды. Ол мол ақша табуым керек, ата-анама көмектесуім керек, жоқ деген сөзді енді ешқашан естімеуім керек деген оймен өседі. Кейбір адамдар өзінің өзгелер алдындағы ішкі сыртқы бағасын көтеру үшін мол қаражат әкелетін мамандыққа ұмтылады. Олар осылайша өзін ата-ананың алдында дәлелдегісі келеді.  Көбінесе бұл жағдай ата-ананың баласын өзгелермен салыстыра сынауынан пайда болады. Мысалы, жұрттың баласы “керемет екен, көршінің баласы жетстікке жетіпті, сен болсаң әлі жүрсің” деп өзге адамдармен көп салыстыратын болса, болашақта бала мамандығын соған орай табыс көзіне байланысты таңдайтын болады.

 – Мектеп бітірер уақыт таяп қалса да әлі күнге дейін мамандық таңдауда мың құбылып жүрген түлектер аз емес. Сондай оқушылардың бұлай қиналуына психологиялық тұрғыдан не түрткі болуы мүмкін?

 – Қазіргі кезде 100% мектеп бітірушінің тек 20%-ы ғана өзінің қай салаға бару керек екенін біледі. Өкінішке қарай, 75-80% жас түлек әлі күнге дейін өздерін таппай адасуда. Неліктен? Себебі ата-ана бала алдында өте беделді. Ата-ана кезінде өздері қалап, алайда қол жеткізе алмаған мамандыққа баласының барғанын қалайды. Мәселен, кезінде дәрігер, заңгер бола алмаған ересектер кейін баласының сол жолға түскенін көргісі келеді. Осылайша сала таңдауда бала қателесіп жатады. Бұның алдын алу үшін алдымен ата-ана баланың қабілетіне орай ақылдасуы қажет. Түрлі ұсыныс айтып, баланың ойын, жан дүниесі нені қалайтынына үңіле алуы керек. Қазіргі заманда барлығы қолжетімді. Адамдар психологиялық тұрғыда сауатты. Сондықтан тіпті өзін таппай қиналып жүрген жандар болса, психологтың немесе кәсіби маманның көмегіне жүгінсе болады.

 – ҰБТ-дан қорқып 9-сыныпты бітіріп, колледждерге түсу қаншалықты дұрыс шешім?

 – ҰБТ-ны сондай қиындатып жібергені ешкімге де құпия емес. Балалар үшін оны тапсыру үлкен психологиялық күйзеліс. Енді ойлап қараңыз, күзеттен өту, қалталарын тінту, жалғыз отырғызып, аса қатты бақылауға алудың өзі оңай әсер бермейді. Тіпті жақсы оқитын, еңбекке құштар оқушылардың өзі осы қорқыныш сезімінің кесірінен абдырап, аз ұпай жинап қалып, арты қорқынышты жайттарға ұласып жатты. Бұның барлығы жалған емес. Міне, сондықтан көпшілікте қорқыныш сезімі басым болады. 9-сыныпты бітіріп, колледждерге кетіп қалатын оқушылар осы сезімді жеңе алмағандықтан, психологиялық қорғаныш сезімінен осындай шешім қабылдауға мәжбүр болады. Қорқыныш, үрей, уайым, сияқты кедергіге толы жағдайларда оны болдырмас үшін адамда алдын ала профилактикалық әрекеттер мен шешімдер болады. Бұл психолгоиялық қорғаныс механизмі. Бала осындай себеппен 9-сыныптан кейін колледжге барамын десе, оның шешіміне қарсылық танытпаған жөн. Ал егер өз күшіме сенемін, қорқынышымды жеңемін деп ҰБТ тапсыруға бел байласа, онда оған қолдау көрсеткендеріңіз абзал.  Қандай жағдай болмасын ересек өмірге қадам басар әрбір жас әрқашан үлкендердің демеуін күтеді.

 – Бір емес бірнеше саланы қатар алып жүргісі келетіндер туралы ойыңыз қандай?

 – Әр адамның бір емес, бірнеше саланы алып жүремін деген құштарлығы болса, оны жетілдіруге мүмкіндігі мол. Алайда таңдаған сала бір бағытта болғаны дұрыс. Яғни шығармашылық жақтағы адам сол жақтың барлық салаларымен айналысып, жетістікке жету мүмкіндігіне ие бола алады. Техникалық салаға бейім адам да солай. Дегенмен шығармашылықта жүріп техникалық салада қосымша жұмыс істеу көп жағдайда қиындықтар мен кедергілер туындатады. Себебі адам табиғаты қай жаққа бейім болса сол саланың қанша қыры болса да игере алады. Ал қабілетіне қайшы жақты қаражатқа немесе басқа да себептерге орай қатар алып жүрем деу қате шешім.

 – Мамандығын дұрыс таңдап, алайда кейін белгілі бір қиындықтарға байланысты ұнатпай қалатын жандарға қандай кеңес айта аласыз?

 – Өз мамандығына көңілі толмай, өкініш сиптомдары болып жатқан жандарға көп ізденіңіздер дегім келеді. Өмірдің өзі тек ізденіс пен талпыныстан тұрады. Егер өз жан дүниеңнің немен айналысқанын қалайтынын білсең, айналада оны орындауға мүмкіндіктер жеткілікті. Тек талпынып, тырмысу керек. Менің қабылдауымда өз мамандығын ұнатпайтын жан кездескен болатын. Ол полицей болып жұмыс істесе де, жаны шығармашылыққа жақын еді. Кейін өзі қалайтын жолға түсіп, ән жазып, мақала жазып өз қалауын таңдады. Сондықтан егер қате шешім жасадым, бұл менікі емес-ау деген жандарға басқа салаға ауысу ешқашанда кеш емес.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр