Промоутер қазақстандық боксшылардың мансап жолында Канелоның қандай рөл атқаратынын түсіндірді
Танымал қазақстандық промоутер әрі функционер Болат Манкенов қазақ боксшылары Әбілхан Аманқұл мен Бек Нұрмағанбеттің мексикалық Сауль Канело Альварестің андеркартына қатысуына қатысты пікір білдірді. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі Vesti.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бокс кеші 6 мамырда Гвадалахарада (Халиско, Мексика) өтеді. Нұрмағанбеттің қарсыласы венесуэлалық Аргенис Эспана, ал Аманқұл мексикалық Хесус Моройоки Паломареспен кездеседі. Жекпе-жек сегіз раундқа есептелген.
“Мен Suleimen Promotions пен оның боксшылары Канеломен және оның командасымен тығыз байланыста болғанына қуаныштымын. Ол заманауи бокстың негізгі ойыншысы болып саналатын мегажұлдыз. Одан тәжірибе жинап, сонымен қатар бір сәтте атаққа ие болу мүмкіндігі бар. Оның картасына Әбілхан мен Бектің қатысуы үлкен оқиға. Бұл кеш қазақстандық боксшылар туралы білетін барлық бокс сүйер қауымның назарын аударады. Нұрмағанбеттің қарсыласы әлдеқайда мықтырақ,бірақ Аманқұл да босаңсымауы керек. Жалпы, ең бастысы мұндай шараға қатысудың өзінің орны бір басқа. Олар өздерін дәлелдеуі тиіс”, – дейді Манкенов.
Еске салайық, Нұрмағанбет пен Аманқұл рингке соңғы рет 15 сәуірде Помонада (Калифорния, АҚШ) шыққан еді. Бек бірінші раундта венесуэлалық Эбер Рондонды (20-4, 13 КО) нокаутқа түсірсе, Әбілхан екінші раундта мексикалық Дэниел Эчеверрияны (21-12, 18 КО) мерзімінен бұрын жеңген.