Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Прокурор әйелі мен балаларын үйден күштеп қуып шыққан Марат Әйтеновке 12 күн қамауға алуды сұрады

Астанада Шымкенттің бұрынғы әкімінің ағасы Марат Әйтенов пен оның бұрынғы әйелі Дана Әтешоваға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Айыптаушы тарап соттан Марат Әйтеновті экс-жары Дана Әтешованы соққыға жыққаны үшін кінәлі деп тануын сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Forbes.kz

Сот отырысында прокурор Марат Әйтеновті 12 тәулікке қамауға алуды сұрады.

"Соттан 1978 жылы туған Марат Әйтеновті Қылмыстық кодекстің 109-1-бабының 1-бөлігі (Ұрып-соғу) бойынша қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 12 тәулікке қамауға алуды сұраймын", – деді прокурор.

Прокурор Марат Әйтенов жазасын Астана полиция департаментінің арнайы қабылдау бөлмесінде өтеуі керек деп санайды. Мемлекеттік айыптаушы Әйтеновті сот залында қамауға алуды сұрады.



"Әйтеновтен сот-медициналық сараптамаға жұмсалған 3 364 теңге мемлекет пайдасына өндірілсін. Қылмыстық кодекстің 98-2 бабына сәйкес, сотталған азаматтан Жәбірленушілердің өтемақы қорына 5 АЕК (18 460 теңге) өндіріп беруіңізді сұраймын", – деді прокурор.

Сондай-ақ Марат Әйтеновке қатысты сот процесі ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегерілді. Прокурор Әйтеновті жазалауды сұраған соң, басқа қатысушылар сөйлей бастады. Сотқа кейбірі оффлайн, кейбірі бейнеконференция арқылы қатысқан. Кенеттен конференцияны ұйымдастырушы – қалалық сот – Zoom жүйесінен шығып кетті. Себебі бұл уақытта елордада ауа-райы кенет бұзылған еді. 

Біраз уақыттан кейін Zoom қызметіне қайта оралған судья Астанадағы ауа райының қолайсыздығына байланысты байланыс үзілгенін айтты. Процесске қатысушылар жеделдетілген қарқынмен сөйлеуге шешім қабылдады.

Еске салайық, Дана Әтешова 12 шілде күні бұрынғы күйеуі мен оның адамдары тәртіп сақшыларымен өзін үйден күштеп, қуып шықпақ болғанын айтты. Әтешова бұрынғы күйеуі Марат Әйтеновтің үстінен бірнеше рет шағымданған. Ол – Шымкент қаласының бұрынғы әкімінің ағасы. Сондай-ақ Дана Әтешова президенттен көмек сұраған еді.

Бұған дейін Марат Әйтеновтың 5 тәулікке қамауға алынғаны туралы жазған едік.  Сотта бұрынғы ерлі-зайыптының балаларының психологиялық жағдайы туралы маманның пікірі оқылды.

Талқылау