Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Прокуратура Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы қамауға алығанын растады

Данияр ЖандаевФото: top-news.kz

Қостанай облыстық прокуратурасы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Жандаев пен бірнеше шенеунік медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу кезінде қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталғанын растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"25 тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің бірлескен тергеу-жедел тобы мен Қостанай облысы прокуратурасы жүргізілген жедел іс-шаралардың және прокурорлық тексерудің нәтижелері бойынша денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы, аудандық аурухананың бас дәрігерінің және коммерциялық кәсіпорын директорының медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу кезінде қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталды", – делінген қадағалаушы орган хабарламасында.

Прокуратура мәліметінше, 26 тамызда мамандандырылған тергеу соты бұл адамдарға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша басталып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді", – деп мәлімдеді прокурорлар.

Еске салсақ, бұған дейін Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Жандаевтың қамауға алынуына байланысты түсініктеме берген. Өңір басшысы бұл істі прокуратура қарап жатқанын, Жандаев әртүрлі себеппен жұмыстан босатылғанын, соның бірі сатып алудағы кемшіліктер екенін мәлімдеді.

Аида Тақабаева
Бейсенбі, 28 Тамыз, 2025 09:40
Талқылау