Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Нақты картина халықтың кедей екенін көрсетеді": Тоқаевтың "байлар салығына" қатысты ұсынысына сарапшылар не дейді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы іс-сапары барысында еліміздегі жеке табыс салығының үдемелі өлшемін енгізуді ұсынды. Ендігі кезекте парламент заң жобасын қарастырып, мақұлдаса, азаматтар жалақысының көлеміне қарай салық төлейтін болады. Мұндай өзгеріске еліміздің экономикасы қаншалықты дайын, дамыған елдерде пайдаланатын бұл салық түрі біздің елге қандай өзгерістер әкеледі және әділеттілік салығы неге осы жылы ғана енгізілмек?  Stan.kz тілшісі бұл сұрақтардың жауабын сарапшылардан сұрап білді. 

Белгілі саясаттанушы Ерлан Саиров әлеуметтік әділеттілік үшін енгізілетін бұл салық Еуропа елдерінің негізгі стандарттарының бірі екенін алға тарты.

"Әлеуметтік әділеттілік пен әлеуметтік теңдік мәселесін "Еуропа-Скандинав моделі" деп атайды. Ол прогрессивті шкалаға негізделген. Егер біз еуропалық стандартқа сай өмір сүргіміз келсе, онда бұл шкаланы енгізу керек", - деген саясаттанушы ескеру керек мәселенің бар екенін айтады.

"Прогрессивті шкаланың деңгейі, яғни, пайыз мөлшері жоғары болмауы керек. Тоқаев кіріс салығының ең жоғары деңгейі 15%-дан аспасын деген бұйрық берді және сол пайыздан аспау керек. Егер 15% асатын болса, адамдардың барлығы көлеңкелі экономикаға кетіп қалады", - дейді Ерлан Саиров. 

Әлеуметтік салада топтастыру, ықпалдастыру деген ұғым бар екенін айтқан Саиров халықтың әл-ауқатын ықпалдасып, жұмылған жұдырықтай бірге шешу керек дейді. Оның ойынша, ықпалдасу мәселесі әл-ауқаты, деңгейі жоғары адамдардың өздерінің отандастарына, қасындағы туған-туысына көмектесуден басталады. Бұл жоғарыдағы айтылған салық жүйесін жасаудың алғашқы қадамы екенін ескертті. 

"Бұл салықтың ең әуелі аз қамтылған тұрғындар үшін пайдасы мол. Өйткені, бізде аз қамтылған халықтың саны өте көп. Сондықтан бұл шешім көпшіліктің игілігіне арналған", - дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушы Дос Көшім көптеген елдерде бұрыннан бар, әділдік жағынан өзін дәлелдеген жүйенің біздің елде неге енді ғана енгізіліп жатқаны туралы: 

"Назарбаевтан бері келе жатқан мәселелерді Тоқаев қайта қарап, шартты түрде жүзеге асырып жатыр. Мәселен бұл салықтан бөлек, бұрынғы "7-20-25" бағдарламасын "5-10-20" деп өзгерткені көп нәрсені білдіреді. Тоқаев көптеген мәселені басқа қырынан қарап, жаңалық енгізіп жатыр. Себебі бұрынғы билік салық жүйесін қажетсіз деп тапты", - деген пікір білдірді. Бұл мәселеде екі жағынан қарауға болатынын түсіндірді. 

"Біріншіден, белгілі бір мәселенің шешімі кезі келген уақытта жасалады. Мәселен, осындай жағдайға келдік, енді біз орта тап қалыптастырамыз деген ой болуы мүмкін. Ескі жүйе кезінде толық қолға алып, әділдік салық жүйесінің бар екенін ойламаған. Соны ескерген Тоқаевтың бұл дұрыс қадамы деп ойлаймын. Екіншіден, осының бәрі бұрынғымен салыстырмалы түрде Тоқаевтың артықшылығы", - деп ойын түйді Дос Көшім.  

GSB UIB директорының орынбасары, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, нарықтық экономиканың бір кемшін тұсы байлар мен кедейлер деп бөліп тастайды. Сондықтан еліміздегі капитализм неғұрлым созылған сайын, соғұрлым байлар байып, кедейлер кедейлене береді. 

"Көп табыс табатын азаматтарға мемлекет көп салық салу арқылы бюжеттік кірісті ұлғайтады және сол кірісті мемлекеттің трансферттік шығындарына, сондай-ақ, көпбалалы аналарға, мүгедектерге төленетін әлеуметтік төлемдерге жұмсайды. Демек, қоғамда теңдікті сақтауға әрекет жасайды. Осы салыққа қосымша байлыққа салынатын салық бар. Егер сен бай болсаң, мүлкіңнің 10/1 бөлігін мемлекет бюжетіне аудару керексің. Былай қарасаңыз, мемлекет "Робин Гудтың функциясын" атқарып, байлардан салық алып, тиісінше қоғамның әлсіз топтарына көмек ретінде береді", - дейді ол. Экономист бұл мемлекеттегі экономиканы реттеудің қарапайым үлгісі екенін айтты.

"Бұл ұсыныс айтылғанда мұндай бетбұрысқа біздің мемлекет әлі дайын емес дегендей көп сын айтылды. Осы жылдың басынан бастап, кімнің табысы қанша екені белгілі болды, анықталады деп еді. Соны жасағаннан кейін барып бұл салықты енгізуі керек еді. Сол кезде кімнің салықты төлеп, кімнің жалтарып жүргенін мемлекет көруші еді. Ал енді ұсынысты естіген соң көлеңкелі экономиканың үлесі артып кетеді деген аргумент болды. Ол дұрыс айтылған пікір. Көп азаматтар жұмыс берушісіне "маған еңбекақымды конвертке салып беріңізші немесе айлығымды басқаша көрсетіңізші" деп айта бастайды. Өйткені кімнің көп салық төлегісі келеді?!", - дейді Мақсат Халық. 

Осы ұсыныс қабылданған соң 2-3 жылда ел экономикасында қандай да бір өзгеріс болады ма деген сұрағымызға: 

"Шындығында өзгерісті 2-3 жылда болады деп айта алмас едім. Нақты картина халықтың кедей екенін көрсетеді. Өйткені жан басына шаққандағы ЖІӨ 10 мың доллардан төмен болатын болса, ол ел кедей саналады. Қазір бізде ЖІӨ 8,5 мың доллар көлемінде. Халық айлық табысының 50%-ын азық-түлікке жұмсайды. Ал дамыған елдерде 8-10%-ын ғана жұмсап, қалғанын өздерін дамытуға жұмсайды. Сондықтан бізге ол деңгейге жету үшін көп өзгерістер мен уақыт керек", - деген экономист адам капиталының рөлі күшті екенін айтады. Ол үшін табысқа жеткен, өз ісінің шебері атанған азаматтарды көбейту керектігін алға тартты. 

 

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр