Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Проблема тек киімде емес": Белгілі блогер жалаңаштанған қыздар еркектерге зиянын тигізіп жатыр деген Мұхамеджан Тазабекті сынап тастады

Белгілі блогер Айна Досқызы осыдан бір-екі күн бұрын желідегі парақшасында "көшеге жалаңаштанып шыққан қыз-келіншектер  ер адамдардың денсаулығына қабір қазуда" деген айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабектің жазбасына орай өз ойын білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Айна мен Тазабек

Айна Досқызының жазуынша, айтыскер ақынының әйелдердің киіміне байланысты пікірі кейбір ер адамдарға қолдау бергендей болған. 

"Зорлықтың аты зорлық. Мына жігіт қысқа киген қызды зорлады, демек оның зорлығы әділетті. Ал мына жігіт жабық киінген қызды зорлады, демек оныкі әділетсіз деп екіге бөлуге болмайды. Ол екеуі исламда тыйым салынған нәрсе жасады. Ер адамның құмарлығы оянса, ол оны қанағаттандырмаса, рак простаты болып қалады дейді. Арты импотенция. Сонда "импотент болып қалмайын" деп зорлыққа барғаны ма? Мен ғана бұны түсінбей тұрмын ба?", – деп жазды блогер өзінің Instagram-парақшасында.

Сондай-ақ, ол Бразилия, Африка елдерінде әйелдер мүлде киінбейтінін атап, бірақ қыз зорлау ісі жоғары деңгейде еместігін айтты. Яғни, мәселе қыз-келіншектердің киімінде емес, ер адамдардың оны қалай ойлауында деді.

Артынша Мұхамеджан Тазабек бұл екі жыл бұрын жазылған жазба екенін айтып, мұның кешегі «Тальго» пойызында зорланған қызға еш қатысы жоқ екенін ескертті. Бірақ ол көшеде қыздардың жалаңаш жүруі қоғамға әсер ететінін тағы да айта кетті. 

"Кім қалай киінеді, қалай өзін ұстайды - өз қалауы, жеке шаруасы...
Тіптен діни діни көзқарасына да зорлық жүрмейді. Бірақ, біз бір қоғамның мүшелері, бір ортаның адамдары болғасын бір-бірімізге әсер етпей жүре алмаймыз. Бірімізде біріміздің қақымыз бар. Көз, құлақ, тіліміздің бәрі ақпарат қабылдайды, оны тасиды, тарқатады. Сіздің ұлыңыз маған күйеу бала, менің қызым сізге келін болуы мүмкін. Сосын келе еркектерге айтқан болатынмын "көздеріңді байқаңдар, ойың аспандай болғанмен амалың сасқандай, өзің тас маңдай боп жүрме" деп. Әйтпесе, қыз-келіншектің орыны мен көңілі, дәрежесі мен қақысы жайлы аз жазған адам емеспін. Еркектің де қай жерде абыройлы, қай жерде қадірсіз болатыны жайлы жазбаларым жетерлік. Алла ерлерімізге ірілік, қыздарымызға қымбаттық бергей! Бірімізсіз біріміз ешкім емеспіз. Ер мен әйел көз бен қол сияқты болғанға не жетсін. "Көз жыласа қол сүртіп, қол қақсаса көз жылап" дегендей...", – деп жауап берді  айтыскер ақын өзінің Instagram-парақшасында.

Бұл ретте желі қолданушылардың жарты бөлігі қыздардың жабық киініп жүргенін қолдаса, енді біреулер "киімде тұрған ештеңе жоқ" деп қысқа киінудің еш айыбы жоқ екенін жазуда.

Талқылау