"Алакөлде демалу қауіпті": Қазақстандық қоғам белсенділері танымал курорттағы жағдайды сынады
Фото: Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінен
Қоғам белсенділері Алакөлдегі демалыс сапасын қатты сынға алды. Әсіресе дипломат Қазбек Бейсебаев туризм министрлігі басым бағыттарды дұрыс таңдамады деп айыптады. Ал заңгер Ержан Есімхановтың айтуынша, жағалау қараусыз, демалу қауіпті, скутерлер мен қайықтар жүзушілердің жанынан зырғып өтеді. Министрлік те, жергілікті билік те бұл проблемаларды бұрыннан біледі, бірақ еш әрекет етпеген дейді олар. Қоғам белсенділері президент Тоқаевтың сын-ескертпесінен жағдайдың оңала қоятыны бірталай деп болжады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Министрлік қандай болса, демалыс та сондай..."
Дипломат Қазбек Бейсебаев өз жазбасында туризм және спорт министрінің Алакөлге жеткілікті көңіл бөлмегенін айтып, сынға алды.
"Қазақстанда бірнеше белгілі туристік орын бар, солардың ішінде Алакөлдің орны ерекше. Бұл ерекше суы бар көл, қазақстандықтарға шомылып, демалып қайтуға мүмкіндік беретін нағыз қазына. Осы жағынан алғанда Алакөл басқа демалыс орындарынан біршама ерекшеленеді. Сондықтан азаматтарымыздың көбі Алакөлді таңдауы заңдылық. Логикаға салсақ, Алакөл туризм және спорт министрлігі үшін басым бағыттардың бірі болуға тиіс еді. Сол сияқты, жаңадан тағайындалған министр бірінші Алакөлге барып, жағдаймен танысуы керек еді. Бірақ ол олай істемеді. Министр, ең әуелі, қыркүйек айында Бурабайдағы мультимедиялық интерактивті кешенді аралады. Желтоқсанда Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы туристік орындармен танысты. Сәуір айында Маңғыстау облысының негізгі туристік және инфрақұрылымдық нысандарына барды", – деді дипломат.
Ал Алакөлге тек президенттің сынынан кейін ғана барған. Бейсебаевтың пайымдауынша, бұл министрліктің туризм бағытындағы басымдықтарды дұрыс айқындай алмағанын көрсетеді.
"Айталық, министр бұл ерекшеліктерді білмеді делік (ол спортпен айналысқан адам ғой), бірақ министрліктің өз ішінде мұны білетін мамандар болуға тиіс еді ғой. Әлде ол жақта да туризмнен хабары жоқ адамдар отыр ма? Бәлкім, министрлік қызметкерлерінің өздері демалысты Анталия мен Пхукетте өткізетін шығар. Олар Алакөлдегі демалыс жағдайын қайдан білсін? Туған жерім Баянауылда да дәретхана мәселесін әлі күнге шеше алмай келеді. Қорыта айтқанда, бұл Алакөлдегі жағдай біздің Туризм және спорт министрлігінің шынайы бейнесін ашып берді. Қандай министрлік, сондай демалыс", – деп ашуланды дипломат.
"Алдағы бес жылда барамыз деп айта алмаймын"
Белгілі заңгер Ержан Есімханов та Алакөлдегі демалыс сапасына қатысты алаңдаушылығын білдірді. Әлеуметтік желідегі жазбасында заңгер кейінгі уақытта Алакөл мәселесінің жиі көтеріліп жүргенін, әсіресе президенттің сынынан кейін жергілікті шенеуніктердің асығыс қимылдап, жағдайды түзетуге тырысқанын атап өтті. Алайда оның пікірінше, бұл мәселелер бұрыннан белгілі болған, тек оған дейін ешкім назар аудармаған.
"Былтыр отбасымызбен Алакөлге көлікпен барған едік. Төрт күн болдық, енді алдағы бес жылда барамыз деп айта алмаймын. Қазір бұл тақырып қоғамда кеңінен талқыланып жатыр, сондықтан Алакөлде шынымен қандай мәселелер бар екенін және неге ол жаққа демалуға бару күмәнді идея екенін айту орынды деп ойлаймын. Әділ болу үшін, әуелі артықшылықтардан бастайық. Дәл үш артықшылығы бар. Біріншіден, Алматыдан Алакөлге дейін жақсы жол салынған. Біз асықпай отырып, шамамен сегіз сағатта жеттік. Заманауи жанармай бекеттері көп, жол бойында тамақтанатын және кофе ішуге болатын орындар да бар. Дегенмен түнгі жарық Талдықорғаннан кейін жоқ, сондықтан абай болу керек. Екіншіден, көлдің өзі. Су салқын, жағымды, бірден тереңдейді – жарты сағат жүріп барудың қажеті жоқ. Бірден жүзіп кете беруге болады. Үшіншіден, жағалауда дәмді және тез тамақтануға мүмкіндік бар. Ұлттық тағамдар көп, сондай-ақ жергілікті балық та сатылады", – деп жазды заңгер желідегі парақшасында.
Фото: Заңгер Ержан Есімхановтың желідегі парақшасынан
"Жағалау ешкімге тиесілі емес сияқты"
Заңгер Ержан Есімханова бұдан кейін артықшылықтары бітеді де, нақты проблемалар басталатынын атап өтті. Оның айтуынша, ең басты мәселе ол – қауіпсіздік.
"Алакөлде демалу қауіпті. Жағалау ешкімге тиесілі емес сияқты. Жекеменшік бола алмайды, ал мемлекет қарамайды. Сондықтан жағалауда неше түрлі күмәнді адамдар өз бетінше демалыс ұйымдастырып жүр. Қалай болса солай. Жағалаудың жағдайы тіптен масқара. Кей жерлерде пирстер сынып жатыр. Қызым сондай пирстің бірінде аяғын жаралап алды. Ал демалушылардың жанында скутермен жүргендер зырғып жүреді. Олар үшін ешқандай шектеу жоқ, мас күйдегілер де, балалар да мініп жүр. Формалды түрде шомылу мен техника аймағы бөлінген сияқты. Бірақ іс жүзінде скутерлер мен қайықтар жүзушілердің қасынан, кейде бас жағынан өтіп кетеді. Өткен жылы бірнеше ауыр жарақаттар да болған", – деді Ержан Есімханов.
Ержан Есімхановатың сөзінше, билік өкілдері Алакөл дамып жатыр деген есептерінде қауіпсіздік пункттері мен күзет бар деп айтады. Бірақ сол жағалауда болған бірнеше күнде ондай ешкімді көрмедік дейді заңгер.
"Екі рет полицей катері өтті, бірақ олардың бұл мәселелерге еш қатысы жоқтай көрінді. Сондықтан Алакөлдегі демалыс – лотерея. Балаларды тереңге жіберуге қорқасың, өйткені олардың үстінен біреу скутермен өтіп кетуі мүмкін. Біз тұрған қонақүйдің әкімшілігін пирстердегі қауіпті аймақтарды қоршауға, ал скутерлердің тұрағын жағажайдан алысыраққа көшіруге мәжбүр еттім. Бірақ демалыста өзің тәртіп орнатуға мәжбүр болсаң, ол не демалыс? Екінші үлкен мәселе – тұрғын жай. Қонақүйлер көп, бірақ шынымен жақсысы жоқ. Біз тұрған жер өзін "Алакөлдегі жалғыз төрт жұлдызды қонақүй" деп атады. Бұл тым батыл мәлімдеме деуге болады", – деді Ержан Есімханов.
"Алакөл демалысқа әзір емес"
Заңгер төрт адамға арналған коттеджге 800 мың теңге төлегенін, алайда бұл бағаға сай қызмет болмағанын атап өтті. Бәрі салғырт, "жұрт бәрібір келеді" деген көзқараспен жасалған деді Ержан Есімханов.
"Бағаны реттеуге қарсы адаммын, бірақ мұндай бағаға сапа болуы керек. Жағалауда заң жұмыс істемейді. Сағат оннан кейін тыныштық сақтау керек деген ереже бар сияқты, бірақ оған ешкім қарамайды. Қонақүйдің маңындағы дискотека күн сайын түнгі бірге дейін айғайлап тұрады. Алакөл демалысқа әзір емес. Қымбаты болсын, арзаны болсын, ешқайсысына сай келмейді. Ыстықкөлде, Түркияда немесе басқа елдерде дәл осы ақшаға жақсырақ қызмет пен аз стресс аласыз. Президенттің тапсырмасынан кейін не өзгеретінін айту қиын. Бірақ жергілікті әкімдік екі негізгі мәселені шешуге қауқарлы. Оны бұрыннан жасауға болар еді", – деді заңгер.
Оның айтуынша, егер жергілікті билік шынымен жағдайды түзегісі келсе, екі негізгі нәрсені жасауға шамасы жетеді:
• Жағалауды тәртіпке келтіріп, қауіпсіз, берік пирстер салып, жүзу аймақтарын нақты шектеу және қауіпсіздікті бақылайтын қызметкерлер қою;
• Скутер мен катер иелерін тәртіпке шақырып, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтату немесе мүлдем шектеу.
Заңгердің айтуынша, жергілікті билік бұл мәселелерді бұрыннан жақсы білсе де, оларды елемей келген.
"Қап, әттеген-ай, көлдің өзі керемет-ақ. Бірақ оны бұрынғыша басқарады. Бастысы, бүгін пайда түссе болды. Ертең не болатыны ешкімді ойландырмайды", – деп қынжылды заңгер Ержан Есімханов.
Қазақстанда туристік аймақта қызмет көрсету сапасының төмендігі үшін шенділер жауапқа тартылады
Қапшағайда әйел депутаттың көз алдында суға кетті: Жағажайда құтқарушылар мен дәрігерлер болмаған
Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Алакөлге арнайы барып, жағажайларды тексерді. Тексеру кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, санитарлық жағдайдың нашарлығы және инфрақұрылымның жеткіліксіздігі анықталды. Министр жағалауды абаттандыру, қауіпсіздік шараларын күшейту және қызмет сапасын арттыру бойынша бірқатар тапсырма беріп, жергілікті әкімдіктерге нақты мерзім қойды. Қайта тексеріс жоспарланып отыр.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
