Азық-түлік неге қымбаттап кетті? Қазақстандықтар президентке қандай сұрақ қойғысы келеді
Сізге президентпен кездесуге шақырту түсті. Одан не сұрар едіңіз? Не дегенмен мұндай мүмкіндік екінің біріне күнде түсе бермейді. Stan.kz тілшісі Алматы қаласының тұрғындарынан президенттен не сұрайтынын сауалнама жүргізіп анықтады.
Сауалнама нәтижесі көрсеткендей қала тұрғындары президентке қойғысы келетін сұрақтар ауаны әртүрлі. Бір денсаулығы туралы сұраймын десе, екіншісі бақытты ма, жоқ па білгісі келді.
“Егер президентпен кездессем, “денсаулығыңыз қалай?” деп сұрар едім. Не дегенмен жасы 80-ге келіп қалды. Ұзақ ғұмыр берсін оған. Басқа ештеңе сұрамаймын. Өйткені дені сау президент болса, ұлттың да дені сау”, – дейді зейнеткер.
Кейбір қазақстандықтар еліміздегі үлкен кісілердің жағдайы үшін алаңдайды. Егер президентпен кездесе қалсам, зейнеткерлер туралы сұрар едім дейді.
“Ол кісіге сұрағым көп. Әсіресе үлкен кісілердің қариялардың жағдайы туралы сұрар едім. Қарасаңыз Арбатта ән айтып, аспапта ойнап отыратын ата-апалармыз көп. Неге? Жастар өз күнімізді өзіміз көре аламыз. Тұратын үйі мен зейнетақы туралы мәселені көтерер едім. Олар осы уақытқа дейін мемлекетке қызмет етіп келді, енді оларға көмектесу керек”, – дейді Молдабай есімді қала тұрығыны.
Сауалнама барысында “бақыттысыз ба деп сұрайтын едім” деген қала тұрғын кездесті. Осы сұраққа жауапты өз аузынан естігісі келетінін де жасырмады.
Сондай -ақ қала тұрғындарын толғандырған сауалдар қатарында: “Азық-түлік неге қымбаттап кетті?”, “Асыраушысы жоқ зейнеткерлер қалай күн көреді?”, “Қазақстанданды дамыту үшін не істеу керек?”, “Президенттен COVID-19-ды жеңу үшін не істеп жатсыз?” – деген сұрақтар бар.
Гүлмира есімді қала тұрғыны президентпен мүмкіндік болып кездесе қалса, сұрайтын мәселелерді тізіп айтты.
“Біріншіден: Қарапайым халыққа арналған кезең кезеңіне бөлінген даму жоспары бар ма? Қаржылай жағдайын көтеретін қандай да бір қадамдар жасала ма? Бар болса, халыққа ол жоспар қашан беріледі, неге әлі берілмей жатыр? Өйткені халық қалың тұманда адасып жүргендей күй кешіп отыр.
Екіншіден: Медицина саласында оқығысы келетін жастар үшін ЖОО-да білім алу қаншалықты қол жетімді? Қашан тиімді болады? Өйткені қазір жылына 2 млн төлеп оқыту әр ата-ананың қолынан келмейді. Орташа айлық 150 мың теңге болса, қалған сомманы қалай тауып береді? Ұрлай ма әлде несие алады ма?
Үшіншіден: Білім, медицина, құқық қорғау саласындағы қызметкерлерді тәжірибелік вакциналау қаншалықты ақылға қонымды?
Одан кейін ауқатты отбасынан емес қарапайым балаларға қандай даму жоспарлары бар. Мен дарында балаларға арналған түрлі бағдарламалар бар екенін білемін. Ол туралы айтып тұрған жоқпын. Дарынды балалар мемлекеттен қолдау көреді де, қарапайым бала не істейді?” – дейді Гүлмира есімді қала тұрғыны.
Stan.kz тілшісі жүргізген сауалнаманың толық нұсқасын төмендегі сілтемеге өтіп көре аласыз.