Президент тапсырмасын қаперіне алмаған: Елдегі бірнеше қала әкімі азық-түлік бағасының өсуіне жол берген

Қазақстанда бірнеше қала әкімі тұрақтандыру қорларын толықтыру туралы президенттің тапсырмасын орындамаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды

дүкен

Биыл наурыз айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы қатты қымбаттағандықтан, Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен әкімдерге тұрақтандыру қорын құрып, оған қаражат бөлу керек екенін айтқан. Алайда бірнеше қала мен облыс әкімдері бұл тапсырманы қаперіне де алмағаны белгілі болды.

Сауда және интеграция министрінің айтуынша, елімізде жыл басынан баға үш рет қымбаттаған. Баға бір рет көктемде, екі рет осы күзде өскен. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнының өсуі әлі де тұрақтамай тұр. Өйткені әкімдіктер бағаны ұстап тұру бойынша жұмыстарды дұрыс атқармай отыр екен.

"Шекті бағаларды белгілеу және олардың негізінде шекті рұқсат етілген бағаларды қолдану әдістемесі заңнамада бекітілген. Шекті бағаларды белгілеуге болатынына қарамастан өңірлер аталған құралдарды пайдаланған жоқ", -деді сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Былтыр шекті бағаны ұстай алмаған 7 облыс әкімінің орынбасарына сөгіс жарияланған. Алайда бұл нәтижелі жұмыс істеуге негіз бола алмай отыр. Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау, Ақмола облыстарының тұрақтандыру қорлары жыл басынан толықтырылмаған. Шығыс Қазақстанның әкімдігі тұрақтандыру қорына азық-түлік сатып алу үшін бір тиын да бөлмепті.

Ал арна тілшілеріне берген елорда әкімдігінің өкілі азық-түлік жеткілікті деңгейде екенін айтқан.

"Қала 20-25 күнге жетерлік негізгі азық-түлікпен қамтамасыз етілген", - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі сауда және қызмет көрсету бөлімінің басшысы Рауан Идрисов.

Жаңа жыл жақындаған сайын көпшілік бағаның шарықтап кететініне үйреніп алған. Өйткені бұл үрдіс жыл сайын қайталанады. Ал сауда және интеграция министрлігі азық-түлік бағасының өсуін сыртқы нарыққа сілтеп, әкімдердің нәтижелі жұмыс істей алмағанымен байланыстырды. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр