Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Президент келерде ғана жол белгісін салған": Прокурор Ақтөбе әкімдігінің қызметкерін 8 жылға соттауды сұрады

Ақтөбе қаласы әкімдігінің қызметкері Абзал Тильмагамбетов және оның кәсіпкер көршісі 8 жылға абақтыға қамалуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kz

Ақтөбе прокуратурасы бюджет қаржысынан бөлінген 272 миллион теңгенің талан-тараж болғанын анықтады.

“Ақтөбе қаласының жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Абзал Тильмагамбетов “Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу” бабы бойынша сотқа тартылды. Лауазымды қызметкер жол белгілерін салу бойынша орындалмаған істі қабылдады деп айыпталды.

Сотта Ақтөбеге президент келер алдында дайындық жасауға қатысты жиналыс болғаны айтылды. Президент жүретін көшелерде жол белгілерін салу бойынша тапсырмалар болған.

2023 жылдың сәуір айында жол белгілерін салуға қатысты ашық конкурс қорытындысы шыққан. Әкімдік ТҮКШ бөліміне президент жүретін жолға жол белгілерін салуды тапсырады. Өз кезегінде айыпталушы Абзал Тильмагамбетов алдын ала сөз байланып, 221 млн теңге болатын жұмысты атқарылды деп қол қояды. Екі келісімшартқа қол қояды.

“2023 жылдың сәуірі мен желтоқсан айы аралығында Абзал Тильмагамбетов жалпы сомасы 272 млн теңге шығын келтірді. Сотталушы 2021 мен 2022 жылдың желтоқсан айына дейін жеке кәсіпкерлік ашып, тауар жеткізумен айналысқанын айтты. 2023 жылдан бастап оны оны басқа адамға аударған. Аудитордың қорытындысы, атқарылған жұмыс жөніндегі акт тексерілді. Абзал Тильмагамбетовті айыпты деп танып, 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймыз. Аслан Кусумовты Қылмыстық кодекстің "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бабы бойынша 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы сұралады”, – деді прокурор.

Айыпталушы тарап тағылған айыппен келіспейді. Жарысөзде екі айыпталушы мен үш қорғаушы да сөз сөйледі. Тағылған айыпты мойындаған жоқ. Ақтауды сұрады.

4 сәуір күні сотталушылар соңғы сөзін айтады.

Талқылау