Президент қазақстандықтарды Рождество мерекесімен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің барша православ христиандарын Рождество мерекесімен құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Президенттің сөзінше, жұртқа жақсылық пен үміт сыйлайтын осы жарқын мейрамда діндар жандар адами құндылықтарға қызмет ету жолында өзара бірігеді.
"Рождествода азаматтар ерекше қуанышқа бөленеді, православ дінін ұстанатын адамдар жақындарына қамқорлық көрсетіп, мұқтаж адамдарға жанашырлық танытуға асығады. Православ діні елдің берекелі бірлігі мен ырысты ынтымағын нығайта түсуге, жалпыұлттық бірегейлігіміздің өзегі саналатын отаншылдық, жасампаздық және жауапкершілік сияқты құндылықтарды дәріптеуге мол үлес қосып келеді", – делінген Ақорда хабарламасында.
Тоқаев қоғамдағы татулық пен түсіністік Қазақстанның тұрақты дамуының мызғымас тірегі болып қала беретініне кәміл сенетінін айтты.
"Еліміздің православ христиандарына зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін деді Тоқаев. Рождество мерекесі құтты болсын!" – деді президент.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа 2025 жылмен құттықтады. Мемлекет басшысының сөзінше, өткен жылы ел экономикасы мен инфрақұрылымы дамып, әлеуметтік реформалар жүзеге асты. Спортшыларымыз жеңістерге жетіп, халқымыз бірлігін сақтады. 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялап, еңбек адамдарын қолдауды жалғастырамыз деді Тоқаев.