Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президент альпинист Ерванд Ильинскийге "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын берді

Президент альпинист Ильинскийге _Қазақстанның Еңбек Ері_ атағын бердіФото: mountain.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ерванд Ильинскийді “Қазақстанның Еңбек Ері” атағымен марапаттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент Жарлыққа қол қойды.

“Альпинизмдегі аса үздік жетістіктері, сондай-ақ елдегі спортты дамытуға қосқан елеулі үлесі және қоғамдық қызметке белсенді қатысқаны үшін Ерванд Тихонович Ильинскийге жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – “Қазақстанның Еңбек Ері” атағы берілсін”, –  делінген құжатта.

Ерванд Ильинский 1940 жылғы 25 тамызда Красноярск қаласында дүниеге келген. 1949 жылы ата-анасымен бірге Алматыға қоныс аударған. Ол – қазақстандық альпинист, жаттықтырушы.

Ол 1991-2010 жылдары әлемде бірінші болып Жердегі ең биік 14 таудың (биіктігі 8000 метрден асатын шыңдардың) барлығын бағындырған Қазақстанның альпинизм құрамасының бас жаттықтырушысы болған. 1990 жылы Эверест шыңын бағындырған, ал 2007 жылы Қазақстандағы “Жеті шың” клубының алғашқы мүшесі атанған. КСРО чемпионаттарының бірнеше дүркін чемпионы және жүлдегері. 1973 жылдан бастап Әскери спорт клубы Орта Азия әскери округінің альпинизм бойынша аға жаттықтырушысы қызметін атқарған.

  • ҚазКСР-дің еңбек сіңірген жаттықтырушысы (1975);
  • КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы (1979);
  • КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері (1982).

1971 жылы Ерванд Ильинский жаттықтырған Қазақ политехникалық институтының альпинизм секциясына үшінші разрядтағы спортшылар Қазбек Валиев пен Валерий Хрищатый келді. Кейін Түркістан әскери округі құрамасының КСРО чемпионатындағы жеңісінен соң, оны ЦСКА-ға жаттықтырушы ретінде шақырды. Сол уақыттан бері ол 100-ден астам КСРО спорт шеберін, 36 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін және 24 еңбек сіңірген спорт шеберін дайындады.

1993 жылы ол жас Денис Урубконың болашақта әлемдік альпинизм жұлдызы болатынын біліп, оны өз клубына шақырды.

2000 жылы жас альпинистер Максут Жұмаев пен Василий Пивцовты жаттықтыра бастады. Осы жаңа буын қазақстандық альпинистерден ол команда құрып, 2010 жылы “Қазақстан құрамасы – әлемдегі барлық 14 сегізмыңдықта” атты ауқымды бағдарламаны жүзеге асырды.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 24 Наурыз, 2026 14:58