Премьер-министр депутаттарға тергеу жүргізу құқығын беруге қарсы шықты
Премьер-министр Әлихан Смайылов депутаттардың парламентке тергеу жүргізу құқығын беру туралы бастамасына қарсы шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: primeminister.kz
Мәжілістегі жиында "Ақ жол" партиясының депутаттары үкімет басшысына депутаттарға тергеу жүргізу құқығын беру туралы ұсыныс жолдады. Депутаттар жаңа ереженің қажеттілігі заңсыз шығарылған капиталды қайтару жұмыстары кезінде байқалғанын айтады. Бұл ретте депутаттар 2013 және 2020 жылдары да осындай ұсыныс айтқан.
"Барлық дерлік дамыған және көптеген дамушы елдерде парламенттік тергеу функциялары берілген. Парламенттік тергеу институтын АҚШ Конгресі мен Британ парламенті кеңінен қолданады. Германияда, Италияда, Испанияда, Чехияда, Польшада, Литвада, Оңтүстік Кореяда, Жапонияда, көршілес Ресей мен Өзбекстанда парламенттік тергеу және бақылау туралы арнайы заңдар мен ережелер жұмыс істейді", – делінген сауалда.
Премьер-министр Әлихан Смайылов бұл бастамаға қарсы шықты. Смайыловтың айтуынша, парламенттік тергеу институты негізінен парламенттік республикаларда жұмыс істейді, ал Қазақстан президенттік басқару нысанындағы унитарлық мемлекет.
"Парламент қызметінің құқықтық негіздерін талдау парламенттің тергеу жүргізу өкілеттігі Конституцияның 47-бабында - мемлекетке опасыздық жасағаны үшін республика президентіне қатысты тергеу жүргізе алатыны көрсетілген. Конституцияда парламентке басқа жағдайларда депутаттық тергеу жүргізуге құқық берілмейді", – деді премьер-министр.
Премьер-министр конституцияда парламенттік өкілеттіктердің толық тізбесі белгіленгенін және оларға өзгерістер енгізілмейтінін айтып өтті. Оның айтуынша, парламентте жеткілікті дәрежеде бақылау тетіктері берілген.