Премьер-министр Бектенов президент тапсырмасына қатысты сауалға жауап берді
Мәжіліс отырысында премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың сауалына жауап беріп, елде президенттің тапсырмасы қалай орындалатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Рахымжанов 2029 жылға қарай Қазақстан экономикасы өсімін 450 миллиард долларға дейін қамтамасыз ету туралы президент тапсырмасын орындау жөнінде сауал жолдаған. Өз сөзінде Бектенов 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, жалпы ішкі өнімнің жылдық өсімі орта есеппен 5,4% деңгейінде болатынын айтты.
“Мұндай көрсеткішке қол жеткізген жағдайда еліміздің ішкі жалпы өнімі 2025 жылғы 321 миллиард доллардан 2029 жылы 498 миллиард долларға дейін өседі. Осылайша, мемлекет басшысының 2029 жылға қарай ЖІӨ көлемін 450 миллиард долларға дейін жеткізу міндеті орындалады. Бірақ үкімет өз жұмысында Республиканың 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында көзделген жоғары міндеттер қойып отыр. Аталған құжатқа сәйкес, ЖІӨ-нің жылдық өсімі 5,6%-дан 6,9%-ға дейін болуға тиіс. Бұл – өте ауқымды міндет. Мұндай көрсеткіштерге қол жеткізу үшін экономиканы әртараптандыру, оның күрделілігін арттыру, елімізде тереңдете өңделген өнім өндірісін ұйымдастыру, шикізатқа тәуелділіктен арылу бойынша белсенді жұмыс қажет”, – деді ол.
Бектеновтің сөзінше, 2024 жылы 9 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4% болған. Сонымен қатар бұл өсім мұнай өндіру көлемінің төмендеуі аясында мүмкін болды. Яғни, өсім басқа да мұнайдан тыс салалар есебінен өсіп жатыр. Экономика ауыл шаруашылығы есебінен дамып келеді, ол 11,4% өсті. Көлік, сауда есебінен өсім 6%-дан жоғары көрсеткіш көрсетті. Құрылыс 10%-дан астам өсті.
“Осылайша, бұл салалардағы өсім жалпы экономиканың, ЖІӨ-нің өсімін қолдауға мүмкіндік береді. Әрине, бұл жеткіліксіз, біз мұны түсінеміз. Сондықтан да түйінді мәселе бойынша қазірдің өзінде жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – еліміздегі ірі индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін экономикаға елеулі инвестиция көлемін тарту”, – деп қосты ол.
Премьер-министр өсу мүмкіндіктерінің бірі ретінде инфрақұрылымға өте маңызды инвестицияларды көздейтін Ұлттық инфрақұрылымды дамыту жоспарын іске асыру болатынын айтады.
“Ұлттық жобада 2029-2030 жылдарға дейін жалпы инвестиция көлемі шамамен 10 трлн теңге мөлшерінде қарастырылған. Жоба инженерлік инфрақұрылымды айтарлықтай жаңартады, сонымен қатар, өздеріңіз білетіндей, бұл салада тозу көрсеткіші өте төмен. Бұл – біздің отандық бизнес үшін үлкен резерв. Ұлттық жобада біз барлық тауарды, жұмысты, қызметтерді отандық кәсіпкерлерден басым түрде сатып алуды көздеп отырмыз. Осылайша, өршіл мақсаттарға жету үшін көп жұмыс қажет. Президенттің тапсырмасы сөзсіз орындалады", — деп атап өтті премьер-министр.