"Пойызда дүрбелең, адамдар есінен танып құлай бастады": Алматыда куәгерлер пойызда уланғандар туралы оқиғаны баяндады

Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалған
Алматыда пойызда көміртегі тотығынан (угарный газ) уланып, зардап шегіп уланған 52 адам туралы жаңа деректер пайда болды. Белгілі болғандай кинокомпания түсірілімге жалға алған пойызда адамдарға жағдай жасалмаған. Салдарынан түсірілімдегі балалар мен ересектер аязда тоңып, жылуды талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Жәбірленушілер қатарында жобаға қатысқан ондаған массовка болған. Кейбір мәліметтерге қарағанда, түсірілім Оңтүстік Корея сериалына арналған.
Куәгердің айтуынша, оларды кинокомпания кастингке шақырған. Кейін қатысушыларды әйелдер мен балаларды қоса алғанда түнде даладағы теміржолға алып барған. Оның сөзінше, сол жерде ауа температурасы шамамен –20 градус болған.
"Алдымен бізді жылытылған шатырларда күттіріп қойды. Түсірілім жылы пойызда өтеді деп сендірді. Бірақ түсірілім басталуға жақын қалған кезде, корейлік топ жылы вагонға өздері жайғасып алды да, бізді әйелдер мен балаларды мұздай вагонға кіргізді", – деді ол.
Ер адамның айтуынша, түсірілім үш сағатқа созылған. Қалың киімге қарамастан, суық қатысушылардың сүйегінен өткен. Араларында балалар да болған.
"Жанымда бір қыз отырды, қатты қалтырап отырды. Бір кезде есінен танып, үстіме құлап түсті. Ұйымдастырушылардан жылынуға рұқсат сұрадым. Олар: “Болмайды, кейін таба алмай қаламыз, шыдаңдар”деп жауап берді", – дейді ол.
Түсірілім аяқталғаннан кейін топты тағы бір суық вагонға ауыстырған. Массовканың телефондарын алдын ала жинап алған. Адамдар жылынуды талап ете бастағанда, ұйымдастырушылар газ жылытқышын әкелген.
"Оның айналасына бірден 50 шақты адам жиналды, балалар ең алдыңғы қатарда отырды. Біраз уақыт өткен соң, балалардың алғашқысы есінен тана бастады. Бір бала айқайлап жіберді де, сол жерде құлап түсті. Артынан тағы бір қыз, сосын бір ұл бала құлады. Балалар жаппай есінен танып жатты. Адамдар шулап, жағдай қиындады", – деп қосты ол.
Куәгердің айтуынша, түсірілім орнында дәрігер болмаған. Медицина қызметкерлері қатысушыларды Алматы-2 вокзалында ғана күтіп тұрған. Барлығы есінен тану басталған соң, адамдарды түсірілім тобы отырған басқа вагонға эвакуациялаған. Вокзалға жеткенде оларды дәрігерлер мен полиция күтіп алған. Бірнеше әйел мен баланы ауыр жағдайда алып кеткен.
"Вагоннан шыққанда менің де басым айналып кетті. Біреу бетімнен шапалақпен ұрып: “Ұйықтама! Ояу бол! Қайтып оянбай қаласың!” деді", – деді куәгер.
Қазір осы оқиға бойынша көлік полициясы қылмыстық іс қозғады.
"Осы факт бойынша Алматы-1 станциясындағы жол полициясы басқармасы қылмыстық кодексінің 156-бабы – "Еңбек қорғау ережелерін бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық жағдайларын анықтау үшін қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Нәтижесі бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданатын болады", – деп хабарлады департамент.
Еске салсақ, Алматыда пойызда көміртегі тотығынан 52 жолаушы уланып қалған еді.
"Аппақ дәлізбен жүріп өтіп, жындарды көрдім": Жүрегін ауыстырған қазақстандық клиникалық өлім мен тылсым құбылыс туралы айтты