Фото: PACO SERINELLI / AFP / EastNews
Португалия футболының әйгілі өкілі Жорже Кошта 5 тамыз күні жүрек талмасынан қайтыс болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
53 жастағы маман соңғы жылдары "Порту" клубының спорттық директоры қызметін атқарып жүрген еді.
Қайғылы оқиға клубтың жаттығу базасында болған. БАҚ өкілдеріне сұхбат бергеннен кейін өзін жайсыз сезінген Кошта ауа райының тым ыстық болғанына шағымданып, есінен танып қалған. Ол бірден ауруханаға жеткізілгенімен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Португалиялық клуб әлеуметтік желіде Коштамен бірнеше қоштасу постын жариялады.
Жорже Кошта — "Порту" клубының түлегі, 1992-2005 жылдар аралығында негізгі құрамда өнер көрсетті. Осы кезеңде командамен бірге сегіз мәрте Португалия чемпионы атанып, 2003 жылы УЕФА Кубогын, 2004 жылы Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Ол португал футболында айрықша із қалдырған тұлғалардың бірі саналады.