Мұғалім оқушыға бор лақтырған – Алматыдағы мектептердің бірінде дау шықты

Фото: ИИ
Алматы қаласындағы мектептердің бірінде сабақ барысында мұғалім шулап, сабаққа кедергі келтірген оқушыға бор лақтырған. Баланың анасы полицияға арыз жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мектеп мұғалімдерінің сөзінше, оқушы ескертулерге қарамастан тәртіп сақтамай, шулауын жалғастырған. Бір сәтте мұғалім оған бор лақтырған. Бала жылап жіберіп, бірден анасына қоңырау шалған.
Анасы дереу мектепке келіп, мұғалімнің атына арыз жазған.
Мұғалімнің әріптесі видео жариялап, қазіргі оқушылар тәтіпке бағынбайтынын, мұғалімдерді мүлдем тыңдамайтынын алға тартқан.
-
"Мұғалім блогер, күзетші немесе чат модераторы емес": Аймағамбетов мұғалімнің құқығын қорғау күшейтілетінін айтты
-
"Әдепсіз әрекет": Мұғалім Алматы әуежайында айтқан әзіл үшін жұмыстан босатылды
“Бала сыныпта шулады, әріптесім оған бор лақтырған. Бор баланың құлағына тиген. Енді мұғалімді түсініктеме жазуға мәжбүрлеп, жұмыстан шығармақшы. Бұл не сұмдық?” – делінген видеода.
Видеода, бүгінде мұғалімдерге ата-аналар, оқушылар және әкімшілік тарапынан қысым көп болғандықтан, жұмыс істеу қиын екені айтылған.
“Біз ата-аналарға да, балаларға да, басшылыққа да қарсы сөз айта алмаймыз. Кейде мұғалім мамандығының мәні жоғалып бара жатқандай көрінеді”, – деді мұғалімдер.
Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Кейбірі мұғалімді тыңдап, оқушыларды басқару қиын екенін айтқан.
“Бұрын мұғалімдерді сыйлайтын, тыңдайтын”, “Бізді де қатаң түрде тәрбиеледі, ештеңе болған жоқ. Адам болдық” – десті кейбір қолданушылар.
Ал енді бірі мұғалімнің бұл әрекетін айыптаған.
“Ешкімнің балаға қол көтеруге құқығы жоқ”, “Егер эмоцияңды ұстай алмасаң, балалармен жұмыс істеме”, “Бұл мектеп, зорлық-зомбылық орны емес” – деп жазды қолданушылар.
Еске салсақ, Алматы облысында дене шынықтыру мұғалімі оқушыны шашынан сүйреп, соққы жасағанын жазғанбыз.
"Кәнсіл": Қазақстандықтар 2025-тің жыл сөзін таңдады