Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп Қазақстан бойынша 326 лото клубының қызметіне тосқауыл қойды

Полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) арнайы операциясы барысында Қазақстан бойынша 326 лото клубының қызметіне тосқауыл қойылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

лото

Полиция таратқан ақпаратқа сүйенсек, ресми дерек бойынша елімізде шамамен құмар ойындарына салынған 350 мың адам бар. Олардың әрбірінің орташа қарызы шамамен – 10 млн теңге.

“Кейінгі жылдары елімізде лудомания белең алып барады. Бұл – құмар ойындарға патологиялық тәуелділік. Азартқа берілудің соңы әлеуметтік-материалдық құндылықтардың төмендеуіне, тіпті кейде қылмыс жасауға түрткі болуы мүмкін. Ақша тігіп, тоқтай алмаудың салдары елде ерлі-зайыптылардың ажырасуына, құмар ойынға құныққандардың өзіне-өзі қол жұмсауына әкеп соғып жатады. Сондықтан бұл мәселе бүгінде өзекті және мемлекет назарында. 13 қаңтарда Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен лотерея клубтарының атымен жұмыс істейтін заңсыз онлайн-казинолардың ірі желісін жойды”, – делінген полицияның дүйсенбіде тараған ақпаратында.

Ең ауқымды бірлескен арнайы операцияны жүргізуге Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үш мыңнан астам қызметкері жұмылғаны айтылады.

“Жедел әзірлеме орбитасында криминалитет өкілдері де болды. Олар ойын мекемелеріне қылмыстық ықпал және қамқорлық еткен. Сонымен қатар лото клуб қызметкерлері мен клиенттеріне қатысты қылмыстар жасаған. Заңсыз ойын қызметінен басқа, VIP-клиенттерге интимдік қызметтерді ұйымдастыру, жеңгетайлық және есірткі заттарын пайдалану фактілері тіркелді. Арнайы операция барысында полицияға 400-ден астам адам жеткізілді. Негізгі қылмыстық схеманы ұйымдастырған сегіз адам, оның ішінде алыс және жақын шетел азаматтары ұсталды”, – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.



Республика бойынша лото клубтарға 570 тінту жүргізілген.

“23 бірлік атыс және травматикалық қару, 247 млн теңге, 55 млн Ресей рублі, 125 мың АҚШ доллары, компьютерлік техника, мобильді құрылғылар, сонымен қатар басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Нәтижесінде елде барлығы 326 лото клуб қызметінің жолы кесілді. Шетелден онлайн-казино тарататын серверлер анықталып, бұғатталды. Әкімшілердің ойын барысына ықпал етіп, реттеп отырғаны белгілі болды”, – деп қосты полиция.

Бұрын жүргізілген сараптамалар ұсталған адамдардың заңсыз әрекеттерін растаған.

“Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бір ғана өңірдің лото клубтарының ай сайынғы жиынтық табысы орта есеппен 300 млн теңге екені анықталды, сәйкесінше еліміздің барлық өңірлерінен шамамен 6 млрд теңгеге жетеді. Бұл ретте ақша қаражатының шамамен 70% шетелге шығарылған. Ұйымдастырушылардың біреуінің ғана банктік шотына ай сайын шамамен 900 млн теңге түсіп отырған. Тергеуді ІІМ тергеу департаменті Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша жүргізіп жатыр. Фигуранттарға ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу айыбы тағылып жатыр. Басқа мәліметтер жарияланбайды”, – деді Қуандық Алпыс.

Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Елнұр Бейсембаев дүкендерде, жертөлелерде және мектептердің іргесінде орналасқан ойын автоматтарын тексеріп, оларға тыйым салып, заңмен қатаң шектеу керек екенін айтқан. Депутаттың сөзінше, өйткені ойын автоматтарына балалар да үйір бола бастаған.

Талқылау