Полиция көзден жас ағызатын газ қолданды: Сербиялық наразылар президент штаб-пәтеріне басып кірді
Фото: AP/TASS
Сербиялықтар президент Вучичтің партиясының штаб-пәтеріне басып кіріп, жарылғыш заттарды лақтырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DW-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Сербияның Вальево қаласында наразылық білдірушілер президент Александр Вучичтің билеуші Серб Прогрессивті партиясының кеңсесіне, сондай-ақ қалалық әкімдік ғимаратына алаулар лақтырды. Шерушілер үкіметке қарсы ұрандар айтып, полицияға тас, бөтелкелер лақтырды. Жауап ретінде қауіпсіздік күштері көзден жас ағызатын газ қолданған.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Вальево көшелеріне 4 мыңға жуық адам, Нови-Садта тағы 5 мыңға жуық адам шықты.
Ішкі істер министрі Ивица Дачич 15 тамызға қараған түннің өзінде 18 адамның ұсталғанын, кем дегенде бір полиция қызметкерінің жараланғанын хабарлады. Белград, Нови-Сад, Вальево және елдің басқа да аймақтарында қақтығыстар тіркелді.
"Нови-Сад қаласында халық Вучичтің штаб-пәтері ғимаратына баса-көктеп кіріп, терезелерді сындырып, жиһазды алып шықты. Белградта демонстранттарға қарсы отшашулар атылып, көшелерде бейберекеттік орын алды. Министр бірқатар қалаларда полицияны сынап, қатаң шаралар қолдануға уәде берді", – деп жазады басылым.
2024 жылдың қарашасынан бері жалғасып келе жатқан наразылықтарға Нови Сад вокзалындағы бетон шатырдың құлауы себеп болды, онда 16 адам қаза тапты. Шерушілер билікті сыбайлас жемқорлық, немқұрайлылық үшін айыптайды. Қайғылы оқиғадан кейін құрылыс министрі Горан Весич отставкаға кетті, кейін нысанды қалпына келтіруге қатысқан 12 адам ұсталды. Қаңтар айында Сербия премьер-министрі Милош Вучевич те қызметінен кетті, бірақ наразылықтар тоқтаған жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Сербияда президент жақтастары, оппозиция мен полиция арасында қақтығыс болып, ондаған адам жараланғаны айтылды.

"Киіктерді өз өмірінің құнымен қорғаған батыр": Қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің қаруланған броконьерлерді қуамын деп қалай қаза тапты
