Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында полиция басшысының орынбасары қызметтік кабинетте мас күйде болған

Фото: Gov.kz

Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары жексенбі күні қызметтік кабинетте алкогольдік масаң күйде анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тараған мәліметке сәйкес, Еркін Сақыбаевтың жұмыс орнында мас күйде жүргенін өз әріптестері байқаған. Осыдан кейін оған медициналық куәландыру жүргізіліп, масаңдық фактісі расталған.

Осыған байланысты полиция қызметтік тәртіпті бұзу фактілерін анықтау және жолын кесу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, Жамбыл облысы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы жұмыс орнында мас күйінде болған қызметкерді анықтаған.

Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша аталған қызметкер ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылған.

Полиция өкілдері заңдылық пен қызметтік тәртіпті бұзуға төзбеушілік қағидаты ұстанылатынын атап өтті. Ведомство лауазымы мен атағына қарамастан, кінәлілерге қатысты қатаң шаралар қолданылатынын алға тартты.

Еркін Сақыбаев туралы не белгілі?

Еркін Сақыбаев жоғары лауазымға 2024 жылғы қарашасда тағайындалған. Ол ПД аппаратының ақпараттандыру және байланыс желісі бойынша бөліністерге жетекшілік еткен. Оны бұл қызметке былтыр күзде ведомстводағы жемқорлық дауына байланысты отставкаға кеткен бұрынғы басшы Бақытжан Малыбаев шақырған.

Сақыбаев еңбек жолын техникалық қамтамасыз ету бөлімінде бастап, кейін қызмет сатысымен біртіндеп көтерілген. Басшы орынбасары лауазымында бір жылдан сәл астам уақыт жұмыс істеген.

Еске салайық, былтыр 30 тамызда ішкі істер министрлігі Жеке қауіпсіздік департаменті Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасарын ұстаған еді. Ол құқыққа қайшы әрекет жасады деген күдікке ілінді, бірақ нақты қандай бап бойынша тергеуге алынғаны нақтыланбаған. Экс-полиция қызметкері уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған.

Сондай-ақ ішкі істер министрінің 2025 жылғы 29 тамыздағы бұйрығымен ұсталған адам теріс себептермен қызметтен босатылғаны хабарланды.

Кейін ішкі істер министрлігінің басшысы Ержан Сәденов жоғары лауазымды полиция қызметкерінің ұсталуына түсініктеме берді. Ол ведомстводағы сатқындармен әңгімелесу қысқа болатынын, ондай адамдармен қатаң жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді.

Бұған дейін желіде Жамбыл облысында Сарысу аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Өңірлік полиция департаменті бұл фактіні растады.

Бақытжан Малыбаев 2024 жылдың қыркүйегінде Жамбыл облысы полиция бастығы болып тағайындалды. Бұған дейін ол Көліктегі полиция департаментін басқарған.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 03 Наурыз, 2026 12:53