Қызылордада полиция тоқтатқан ер адам жұмбақ жағдайда көз жұмды
Әлеуметтік желіде Қызылорда қаласында болған оқыс оқиға туралы видео тарады. Аталған видеода ер адам қансырап жерде жатыр. Видеоны түсірген куәгерлердің айтуынша, оның өліміне үстіне шығып алып аяусыз ұрған полиция қызметкерлері кінәлі. Қызылорда облысының полиция департаменті аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Almaty.times тобына марқұмның жиені хат жолдаған. Хаттың мазмұны келесідегідей:
«Бүгін Қызылорда қаласының төрт полиция қызметкері 1976 жылы дүниеге келген менің ағам Бауыржан Шәкімұлы Әжімбаевты ұстау кезінде өлгенше ұрды. Меніңше, бұл мемлекетіміз тұтастай білуі тиіс жағдай. Мен сіздерден осы істі толықтай бақылауға алуды сұраймын, ешкім жазасыз қалмасын. Менің есімім – Ажар Абсаматова. Анам үшінші және жалғыз ұлынан айырылып отыр. Мен сіздерден осы іс туралы жазуларыңызды сұраймын. Бұл адамдар өзіне лайық жазасын алуы тиіс», - деп жазды өзін Ажар Абсаматова деп таныстырған әйел.
Аталған жағдайға қатысты Қызылорда облыстық полиция департаменті түсініктеме берді. Айтуларынша, ер адамды ешкім соққыға жықпаған, ол өздігінен есінен танып қайтыс болған.
«10 шілде түнгі уақытта спирт ішімдігін ішіп, автокөлікті басқарған Қызылорда қаласының 43 жаcтағы тұрғыны басқаруындағы автокөліктің тоқтауына полиция қызметкерлері заңды талап қойған. Алайда полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, қарсылық танытқан азаматты қызметтік автокөлікке отырғызу барысында ол кенеттен есінен танып, жерге құлаған”, - деді баспасөз қызметіндегілер.
Әрі қарай олар тұрғынды аман алып қалу үшін полицейлердің жедел жәрдем шақырғанын айтты. Сондай-ақ, сараптама барысында зорлық-зомбылық белгілері болмағаны анықталды.
«Полиция қызметкерлерімен дереу жедел жәрдем шақыртылып, жедел жәрдем жеткенше қала тұрғыны қайтыс болған. Аталған оқиға полиция қызметкерлерінің портативтік бейнетіркеуіш құралына жазылған. Сот-дәрігерлік сарапшының мәйітке сырттай қарау жүргізуі барысында зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған.
Осы азаматтың қайтыс болу дерегі бойынша, Қызылорда облысы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасымен тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Аталған дерек бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның мән-жайлары анықталуда», - деді баспасөз қызметіндегілер.