Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Полицейлер Қазақстанның үш қаласында жасырылған 500 есірткі орамын анықтады


Қазақстанның үш қаласында жасырылған 500 есірткі орамы тәркіленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: polisia.kz

БҚО Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының аумағында байланыссыз жасыру әдісімен марихуана және гашиш есірткі құралдарын сатумен айналысқан интернет-дүкенге тосқауыл қойды.

Жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында жоғарыда аталған интернет-дүкеннің операторы және курьері болған Орал қаласының екі тұрғыны ұсталды. Атырау, Орал және Ақсай қалаларында олар бұрын жасырып кеткен 500-ден астам есірткі орамы тәркіленді.

Олардың 300-ден астамы Атырауда Жайық өзенінің жағасындағы қоғамдық орындардан табылды. Қазір есірткі дүкенін ұйымдастырушыны анықтау және оны бұғаттау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

“Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігі интернет-дүкендердің 19 ұйымдастырушысын, 105 оператор мен 297 есірткі жасырушыны ұстады. Есірткі құралдарының таралуы туралы ақпаратты қамтитын 3500 интернет-ресурс анықталып, бұғатталды”, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.

Талқылау