Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Пияз шіріп жатыр: Жамбыл облысындағы көкөніс қоймаларының тең жартысы жарамсыз

Жамбылда жиналған пияздың 60%-ы экспортқа шығарылмай, толық шіріп кетуі мүмкін. Өйткені өңірдегі көкөніс сақтайтын 100-ден аса қойманың тең жартысы талапқа сай келмейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеодан алынды

Қазір өңірдегі тоңазытқышы жоқ әрі тозығы жеткен қоймаларда былтырдан қалған 116 мың тонна пияз сақтаулы. Оны жергілікті шаруалар келісін 15 теңгеге де өткізе алмай отыр. Сондықтан тұрып қалған тауарларын қоқысқа шығарып, кейбірі тұрғындарға тегін таратып жатыр. Шіріген пиязды тонналап далаға төккендер де бар.

Экологтар тұмса табиғатты ластағандарды жауапқа тарту керек деп дабыл қағып отыр. Өйткені шіріген көкөністен ауру тарауы мүмкін. Қазір жергілікті полиция белгіленбеген жерді қоқыс алаңына айналдырғандарды іздеп жатыр.

Айта кетейік, былтыр елімізде 1 млн тоннадан астам пияз жиналды. Бұл жылдағыдан үш есе көп. Оның 780 мың тоннасын жамбылдық диқандар өсірген. Бірақ өнімге сырт елдерден сұраныс жоқ. Мәселен, былтыр 325 мың тонна пияз сыртқа саудаланса, биылғы көрсеткіш одан төмен. Кейінгі үш айда небәрі 161 мың тонна экспортталыпты.

"Сәуір айының соңында біздің елге ол жақтың жаңа шыққан пияз өнімдері экспортталып қалады. Пәкістанға пиязымыз шықпай қалуы мүмкін. Мұздатқышы жоқ қоймаларда қауіп жоғары. 60 пайызға жуығында мұздатқыш жоқ”, – дейді Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұлов.

Еске салсақ, бұған дейін қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың Алматы облысы Шенгелді ауылында да 500 тонна пияздың қоймада шіріп жатқанын айтып, ауыл шаруашылығы министрлігін сынағаны туралы жазған едік. 

Талқылау