Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Пілдер туралы қызықты деректер

Пілдер – бүгінде тіршілік ететін жануарлардың ішіндегі ең үлкені. Stan.kz алып жануар туралы ең қызықты деректерді назарларыңызға ұсынады.

Пілдер туралы қызықты деректер

Пілдер – еттұмсықтылардың ежелгі тобының біздің заманымызға дейін жеткен жалғыз өкілі. Ертеректе олардың 40 түрі болған. Олардың дені 12 500 жыл бұрын болған соңғы мұз дәуірінің соңына дейін тіршілік етіп, көбейген. Бұл кезде ергежейлі пілдер, мамонттар мен динотерилер тіршілік еткен. Ал біздің заманымызға дейін жеткен еттұмсықтылар – саванна-африкалық піл, африкалық орман пілі және азиялық піл.

Пілдер – бүгінгі жануарлардың ішіндегі ең үлкені. Олардың денесінің ұзындығы 6-7,5 метрге дейін, ал орташа салмағы 5 тоннаға жетеді. Әлемдегі ең үлкен піл 1956 жылы Анголада тіркелген. Оның салмағы шамамен 11 тонна, биіктігі 3,96 метр болған. 

Әлемдегі африкалық пілдердің саны – 500 мыңға жуық. Ал азиялық пілдердің популяциясы 35-50 мыңның аралығында. 

Азия пілі – құлағы және азу сүйегі кішірек ең кішкентай піл. Оның маңдайында томпайған екі түйін бар. Олар африкалық пілдерге қарағанда, басын анағұрлым тік ұстайды. Африкалық пілдердің екі түрінің де құлағы үлкен келеді. Дегенмен, орман пілінің құлағы дөңгелектеу, азу сүйегі үлкенірек, маңдайы дөңгеленіп біткен және тұмсығында саусақ тәрізді екі өсінді бар. Сонымен қатар орман пілдерінің азу сүйегі төменге қарай қисайған. 

Пілдер туралы қызықты деректер

Пілдер – отбасылы жануарлар. Ұрғашылары үнемі табынмен бірге өмір сүреді. Ұрғашы піл өлгенде немесе адамдардың қолына түскенде ғана табыннан бөлінеді. Табын ішінде ең тәжірибелісі бастаушы саналады. Ал аталық пілдер шамамен 12 жасында табыннан бөлініп кетіп, уақытша «бойдақтар табынында» өмір сүреді. Олар жетілгеннен кейін жалғыз тіршілік етеді. 

Пілдер жыл бойы шағылысады. Алайда ұрғашы піл жылдың бірнеше күнінде ғана ұрықтануға қабілетті. Осы уақытта аталық пілдер түрлі ойындарды қолданып, сүйкеленіп, жақындауға тырысады. Егер оның әрекеттері ұнаса, аналық піл де дәл осындай әрекеттермен жауап береді. 

Пілдер туралы қызықты деректер

Ұрғашы піл ұрықтанғаннан кейін, жүктілігі 22 айға созылады. Бұл жануарлар арасындағы ең ұзақ жүктілік мерзімі. Ұрғашы пілдердің кейбірі белгілі бір өсімдіктердің көмегімен толғақ шақыруға тырысады. 

Жаңа туған пілдің салмағы шамамен 120 келіні құрайды. Пілдің балалары соқыр болып туылады. Сондықтан тұмысығымен анасының құйрығынан ұстап жүреді. Олардың кейбірі тыныштану үшін өз тұмсығын сорады. Кішкентай пілдің анасы оны күту үшін бірнеше «күтушіні» таңдайды. Осылайша, өзінің қоректенуіне уақыт табады.

Пілдер туралы қызықты деректер

Тек пілдерде жерлеу рәсімі бар. Егер пілдердің бірі ауырып қалса, өзгелері оған тамақ әкеліп, қолдау білдіреді. Ал өліп қалған жағдайда, отбасы біраз уақыт көлемінде оны су мен тамақтың көмегімен тірілтуге тырысады. Оның өлі екенін түсінгенде, табында тыныштық орнайды. Әдетте олар аса терең емес қабір қазып, өлген пілді топырақпен және бұтақтармен жабады. Пілдердің өлген адамдарды да осылай жерлегені туралы оқиғалар белгілі. 

Жер бетіндегі жануарлардың арасында миы ең үлкені – піл. Олардың миының салмағы 5 келіні құрайды. Сондықтан оларды үйретуге болады. Пілдер 60 бұйрыққа дейін жаттай алады екен. Сонымен қатар пілдер мұңайып, уайымдап, сағынып, өзге тұқымдастарына көмектесе алады. Сондай-ақ, кейбірі музыкаға, сурет салуға қабілетті. 

Пілдер туралы қызықты деректер

Пілдер өз арасында және алыстағы өзге табындармен дыбыстар және аяғымен тарсылдату арқылы тілдеседі.  

Пілдер шөппен қоректенеді. Олар тәулігіне 2-3 сағат қана ұйықтайды. Денесі үлкен болғандықтан, көп уақытын қорек іздеумен өткізеді. Дерек бойынша, олар бір тәуліктің 20 сағатын тамақ іздеуге жұмсайды. Пілдер тәулігіне 45-тен 450 келіге дейін шөп жеп, 100-300 литр су ішеді.

Пілдердің тәбеті жақсы болғандықтан, тістері тез ескіреді және 6-7 рет ауысады. Жаңа тістер аузының артқы жағында өсіп шығып, уақыт өте келе алдыға қарай жылжып, ескілерін алмастырады. Соңғы тістері ескіргенде, табындағылар қоректенуіне көмектеседі. Ал жалғыз жүрген пілдер аштан өледі екен. 

Пілдің жүрегінің салмағы 20-30 келі болады және минутына 30 рет соғады. 

Ересек пілдің құлағының ені 4 метрге дейін жетеді. Олар құлағын табиғи желпуіш ретінде қолданады.

Пілдер туралы қызықты деректер

Пілдер тұмсығымен ағаштардың басындағы жасыл бұтақтарды ала алады. Сонымен қатар тұмсығында 7,5 литр суды ұстап тұра алады. Ал үйретілген пілдер тұмсығымен сурет салып, түрлі тапсырмаларды орындайды. Пілдің тұмсығында 40 мыңнан аса рецептор бар. Сондықтан олардың иіс сезу қабілеті керемет. 

Бастапқыда пілдердің «сүт азу сүйегі» өседі. Артынша оның орнына тұрақты азу сүйек өсіп шығады. Ересек пілдердің азу сүйегі жылына 18 сантиметрге дейін өседі. Оларды жерді қазу, ауыр заттарды көтеру және шағылысу уақытындағы ойындар үшін пайдаланады. Браконьерлер пілдерді сүйегі үшін өлтіреді. 

1973 жылдың 30 тамызында Кенияда пілдерді аулауға толықтай тыйым салынған. Себебі пілдердің саны азая бастапты. 

Бір қызығы, пілдердің арасында да оңқайлары мен солақайлары болады екен. Себебі олар оң немесе сол жақ азу сүйегімен жұмыс істеуге дағдыланады. Осылайша, пілдердің бір азу сүйегі екіншісіне қарағанда тезірек тозатындықтан, кішірек болады. 

Пілдің әр аяғында 5 башпайдан бар. Алайда олардың әрбірінде тырнақ бола бермейді. Піл бір аяғымен айтарлықтай үлкен ағашты оңай құлата алады. 

Пілдер суда жақсы жүзе алады. Алайда олар секіріп, қаша алмайды. Олардың жүрісінің екі-ақ түрі бар: жүру және жылдам жүру. Әдетте пілдер сағатына 2-6 шақырым жылдамдықпен қозғалады. Алайда азғантай уақыт сағатына 35-40 шақырым жылдамықпен жүре алады. 

Пілдер туралы қызықты деректер

Пілдердің терісі қалың келеді. Олардың денесінің кей жерлеріндегі терісінің қалыңдығы 3,5-4 сантиметрге дейін жетеді. 

Әдетте пілдер 50-70 жыл өмір сүреді. Ең кәрі піл Линь Ван Тайваньда мекендеген. Ол 2003 жылы 86 жасында өлді. Бұл піл екінші қытай-жапон соғысы (1937-1945 жылдар) кезінде қытай әскеріне қызмет еткен.

Джумбо – әлемдегі ең танымал піл. Ол экваторлық Африкада Чад өзенінің маңайында туылған. Сол жерден оны 1862 жылы Париждегі ботаникалық баққа алып келеді. 1865 жылы Джумбо Лондондағы Корольдік хайуанаттар бағына сатылып, сол жерде 18 жыл болған. Артынша АҚШ-қа жөнелтіліпті. Джумбо 3 жыл ішінде арнайы жабдықталған вагонда бүкіл Солтүстік Американы аралап, миллионнан астам баланы арқасына мінгізген. Ол 1885 жылы Канаданың Онтарио провинциясындағы темір жол апатының салдарынан өліпті. Ендігі оның тұлыбы Массачусетс штатындағы Тафта университетінде сақталып тұр. Ал бас сүйегі Нью-Йорктегі Америкалық жаратылыс тарихы мұражайына қойылған. 

Пілді көптеген халық дәріптейді. Ол буддизмде бейбітшілік көгершінімен бір қатарға қойылады. Ал индуистік даналық құдайы Ганешаның басы пілдікіндей. Индиивсте ақ түсті пілдер раджалардың меншігі саналып, ешқашан жұмыс үшін пайдаланылмаған. Алайда мұндай жануарлар Сиамда ерекше құрметке бөленеді. Тіпті, ақ түсті пілге мінуге патшаға да тыйым салынған. Ал тамағын алтын немесе күмістен жасалған үлкен ыдысқа салып әкеліп, ішетін суын жасминмен хош иістендіреді. Оның денесіне бағалы жабын жауып, таза платформамен ғана алып жүреді екен. Африкалық пигмейлер тайпасы қайтыс болған көсемдерінің рухы пілдің бойына кіреді деп сенеді. 

Талқылау