"Қазақ тіліне қатысты жазған пікірімізді өшіріп, бұғаттайды": Қазақстандықтар 2GIS-ке жаппай шағымданып, бойкот жариялап жатыр
Фото: Stan.kz
Threads әлеуметтік желісінде қазақстандықтар 2GIS платформасына жаппай наразылық білдіріп жатыр. Олардың айтуынша, мекемелер туралы қалдырған пікірлері өшіріліп жатыр немесе "расталмаған пікір" мәртебесіне түсіп, бизнес рейтингiне әсер етпей қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көпшілік платформаны бойкоттауға үндеп отыр. Мәселе, әсіресе, Gusto мейрамханасы туралы пікірлер жарияланғаннан кейін ушыққан. Онда қазақстандық Threads-та Алматыдағы Шымбұлақ тау курортындағы Gusto кафесінде қызметкердің оны мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тартқанына шағымданған еді.
"Gusto мен 2GIS туралы бір ғана пікір жазғанымнан кейін, платформа менің барлық пікірлерімді өшіре бастады. Ол пікірлердің бәрі нақты барған орындарым туралы, оң да, теріс те бағалар еді. Бұл жағдайды түсініп, 2GIS-тің заңсыз әрекеттері үшін сотқа бергім келеді", – деп жазды қолданушы Диас.
Фото: Қолданушы Диастың жазбасынан скрин
"Пікір қалдырасың, бірақ ол көлеңкелі режимде бір айдай тұрады да, кейін өшіріледі. Тіпті рейтингке де әсер етпейді", "2GIS мені дерлік бұғаттады, барлық пікірлерімді өшіріп жатыр”, "Бойкот! Google Maps-ке көшейік", – деп оқырмандар пікір білдірген.
Кейбір қолданушылар қосымшаның пікірлерге қатысты саясатын сынға алды. Олардың айтуынша, теріс пікірлер "сенімсіз" деп өшіріледі, ал жалған түрде жоғары баға қойып, мақтау пікір жазатындар еш кедергісіз қала береді.
"2GIS менің барлық пікірлерімді өшіре бастады. Шамасы, қазір қазақ тілінде пікір жазатындарға қарсы бір "акция" жүріп жатқан сияқты. Бізге өзіміздің ұлттық картамыз (мэп) керек", "2GIS – екіжүзділер. 1 жұлдыз қойсаң сол жерде клиент болғаныңды дәлелдеу керексің. 5 жұлдыз қойсаң ештеңе керек емес", – деп ашуланды оқырмандар.
Фото: Қолданушылардан жазбасынан скрин
Сондай-ақ тағы басқалары 2GIS -те рейтингтердің оңай қолдан жасалатынын, жалған пікірлердің көп екенін атап өтті. Бірнеше адам жақсы рейтингке сеніп барған мекемелерінің сапасы көңілден шықпағанын жазды.
Бұған байланысты редакция 2GIS компаниясына сауал жолдады. Компания өкілдері қосымшада пікір қалдыру мүмкіндігі шектелді деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтады.
"Пайдаланушылар бұрынғыдай кез келген тілде мекемелер мен ұйымдарға барғаннан кейінгі әсері туралы, көрсетілген қызмет сапасы жөнінде өз пікірлерін жаза алады. Көрсетілген қызмет сапасы туралы әдепке сай емес, балағаттау сынды пікірлер жазылған тіліне қарамастан модерация арқылы жойылады. Қандай да бір ұйым немесе орын жөнінде пікірлер әдеттен тыс белсенді жазылған жағдайда, жаңа пікірлер уақытша қосымша тексеруге жіберіледі. Тексеруден кейін нақты тұтынушының тәжірибесі бойынша расталған пікірлер басты бетке қайта шығарылады", – деп жауап берді 2GIS-тің өкілі Наталья Тютюникова.
"2050 жылы 73-ақ мың теңге": Қазақстандық әйел өзінің болашақ зейнетақысын есептеп, көзіне жас алды