Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Pfizer вакцинасы: Қандай қарсы көрсетілімдері бар?

Қазақстанға Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілген болатын. Екпе ең алдымен 12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдерге салынады. аталған препаратпен 12 жастан асқан балаларды иммундау қалай ұйымдастырылады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 12 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды, жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарды Pfizer вакцинасымен вакциналауды ұсынып отыр.

Қазір әлемнің 20-дан астам елінде 12 жастан бастап, Қытайда 3 жастан, АҚШ-та 5 жастан бастап екпе салынып жатыр.

АҚШ-тың өзінде Pfizer вакцинасы шамамен 8 млн балаға салынған. Бұл елде коронавирусқа қрасы екпе 5 жастан бастап салынып жатқанын айттық. Қытайда қазан айындағы жағдай бойынша 3-17 жас аралығындағы 60 миллионнан астам бала мен жасөспірім екпенің инактивті түрін алған.

Тамыз айының соңында Канада 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің 58%-ына вакцина салынғанын хабарлады.

Озық елдердің тәжірибесін, әлемдегі эпидахуалдың құбылмалылығын ескеріп, Қазақстан 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді иммундау үшін тиімділігі іс жүзінде дәлелденген Pfizer вакцинасын жеткізе бастады.

Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы екпе тегін әрі ерікті жүргізіледі. Бұл мәселенің заңдық қырына келсек, ҚР "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 77-бабы бойынша, кез келген медициналық рәсім, оның ішінде вакцинация екпе алушының келісімімен ғана жүргізіледі. 12 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдерді вакциналауға ата-аналарының немесе олардың заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі. Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған.

Pfizer өнімі қалай сақталады?

12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді вакциналау білім беру ұйымдарының екпе кабинеттерінде жүргізіледі. Ата-анасы қалап жатса, медициналық ұйымның егу пункттерінде вакцина салғызу мүмкіндігі бар.

Мектептерде вакциналау жұмыстары медициналық ұйыммен бірлесіп жүргізіледі. Яғни, орналасқан мекенжайына қарай медициналық ұйымдарға білім ошақтары бекітіліп беріледі. Сол тізім бойынша медициналық ұйым 12 жастан асқан оқушыларға екпе салатын бригадалар жасақтайды.

Кез келген екпе препараты сияқты Pfizer вакцинасын да сапалы күйде ұстау үшін температуралық режимді қатаң сақтау қажет. Медицина қызметкерлері вакцина дозаларын егу бекеттеріне тасымалдау кезінде осы температуралық режимді сақтау бойынша нұсқаулықтармен танысып, меңгерді.

Жалпы бұл екпенің негізгі қоры облыстық денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларында минус 60-90°C температурада сақталады.

Ал білім беру ұйымдары мен медициналық ұйымдардың егу пункттерінде 31 күнге дейінгі плюс 2-8°C температурада сақтауға болады.

Медициналық ұйым мен мектеп басшылығының міндеті:

- ҚР Денсаулық сақтау министрінің №361 бұйрығы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес егу кабинеттерін жабдықтау;

- алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған препараттарды дайындау;

- адам көп шоғырланбау үшін екпе алушылардың ағынын реттеп отыру;

- вакцина алуға келгендерге "күту залы" мен "екпеден кенігі бақылау бөлмесін" ұсыну, әлеуметтік қашықтықты сақтауға жағдай жасау;

-вакцинация науқанына мектеп және медициналық ұйым психологтарын тарту.

Екпе алдында:

- 12-18 жас аралығындағы екпе алушыға ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қатысуымен тексеру және сұрау жүргізіледі;

- иммундауға қарсы көрсетілімдер болмаса, екпе жүргізуге рұқсат ресімделеді,

- екпе алушыға және оның ата-анасына (заңды өкіліне) профилактикалық екпенің ықтимал реакциялары, вакцинасыз жүрудің салдары туралы толық және объективті ақпарат беріледі.

Екпеден кейін:

Вакцина алған жасөспірім 30 минут бойы екпе алған жерде медицина қызметкерінің бақылауында болады.

Вакцинациядан кейін мынадай реакциялар болуы мүмкін:

- ине сұққан орнындағы ауырсыну, ісіну, шаршағыштық, бас ауруы, бұлшықет ауыруы, буын ауыруы, қалтырау, диарея, қызба; аталған реакциялардың кейбірі 12-15 жас аралығындағы жасөспірімдерде ересектерге қарағанда біршама жиі кездескен;

инъекция орнындағы қызару, жүрек айну, құсу;

лимфа түйіндерінің ұлғаюы, әлсіздік, қолдың ауыруы, ұйқысыздық, инъекция орнындағы қышу, бөртпе немесе қышу сияқты аллергиялық реакциялар және т. б.

Иммундаудан кейін жағымсыз реакциялар туындаған жағдайда медициналық көмекке жүгіну қажет.

Мынадай медициналық қарсы көрсетілімі бар адамдар Pfizer вакцинасын салғызбауы керек:

- белсенді затқа немесе препараттың кез-келген басқа компоненттеріне аллергия; Алайда жұмыртқа мен желатині есептелмейді. Өйткені Pfizer екпесінің құрамында бұл компоненттер жоқ.

- баланың жасы 12-ге толмауы;

- жүктіліктің алғашқы 16 аптасы.

Жіті инфекциялық вакциналауды кейінге қалдыру керек.

Pfizer вакцинасымен иммундау кестесі:

1 дозасы - кез келген күн;

2 доза - бірінші дозаны алғаннан кейін 21- 28 күн аралығында.

Pfizer вакцинасымен иммундаудың артықшылықтары:

- инфекция жұққанның өзінде ауыр өтіп, асқынудан сақтайды

- екпе алғандарды ғана емес, солардың айналасындағыларды да індеттен қорғайды

- "ұжымдық иммунитет" қалыптастырады

- иммундаудан кейін алынған "вакцинация паспорты" сапарлау аясы кеңейеді.

Вакцина алмас бұрын коронавирус инфекциясы мен антиденелердің болуына тексеру жүргізілмейді.

КВИ-мен ауырып жазылған адамдар сауыққаннан кейін 6 айдан соң, вакцинациялау алдындағы жай-күйін мұқият тексеріп, Pfizer вакцинасын салғыза алады. КВИ-мен ауырып жазылған адамдарды сауыққаннан кейін 3 айдан соң вакцинациялауға жол беріледі.

Талқылау