Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлдық зейнеткер ағасының соғыс ардагері екенін дәлелдей алмай келеді

Петропавл қаласының тұрғыны туыс ағасының соғыс ардагері екенін дәлелдей алмай келеді. Зейнеткер тапқан кейбір мәліметтер бойынша, оның жақыны немістің ең қатал "Собибор" лагерінде бас көтеру ұйымдастырған делінсе, тағы бір деректерде ағасының соғысқа шақырылмағаны айтылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

ардагер

Хусаин Деникаев есімді жас ұстаз соғыс басталған кезде Солтүстік Қазақстанда тағылымдамада жүрген. Кейінірек Башқұртстаннан соғысқа аттанған. 1942 жылы оның туыстары қаралы хабар естиді. Бір жылдан кейін қайғыдан енді ес жиған отбасы тағы бір жаңалықтың куәсі болыпты: бұл жолы майданнан Хусаинның жоғалып кеткені туралы хат келіпті. Ал 1944 жылы оның анасына кеудесі орденге толған баласының суреті жіберілген көрінеді. 

"Хатпен бірге оның ерліктері айтылған газеттер де келген. 1944 жылы ол Минск пен Киевті жау тұтқынынан босату үшін күрескені айтылған", - дейді Хусаин Деникаевтың жиені Нұрмұхамет Исмагилов. 

Айтуынша, туыс ағасынан хат аз келген көрінеді. Бір хатында сарбаз жарақат алып, жау қолына түскенін жазыпты. 

Қазан қаласында сақталған мұрағаттарға сәйкес, Деникаев Собиборда бас көтеру ұйымдастырып, көптеген жауынгерлердің қашып құтылуына көмектескені айтылған. 

"Ол күзетшіні бірінші болып атып түсірген. Лагерьдің қорғаушылардан құтылғаннан кейін, тұтқындағылар орманға қарай қашып кеткен", - дейді Нұрмұхамет Исмагилов.

Хусаин Деникаев бұдан кейін де ұрыстарға қатысқан. Оның ақтық демі Польшада 1945 жылы 16 қаңтарда үзіліпті. Десек те оның ерлігі жайлы 23 жыл бойы ізденіп келген інісі Ресейден келген жауапты естігенде төбемнен жай түскендей болды дейді. 

"Ресейдің сыртқы істер министрлігі ағамның соғысқа мүлдем шақырылмағаны туралы хабар жіберіпті. Сөздерінше, Деникаев Хусаин ешқандай ұрыстарға қатыспаған", - дейді Нұрмұхамет Исмагилов.

Польша мемлекетіне жіберілген сұратылымға жауап ретінде Деникаевтың Людвиново-Зегжинск ауылында жерленгені айтылыпты. Десек те одан кейін жіберілген сұрау хаттан кейін Варшава үкіметі Деникаев туралы мұрағатта ешқандай адам тіркелмегенін жеткізген. 

Талқылау