Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлды абаттандырған кәсіпкерлер әкімдіктен еңбекақысын ала алмай жүр

Петропавлды абаттандыру, көріктендірумен айналысқан кәсіпкерлер еңбекақысын ала алмай жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Айтуларынша, "Коммунхоз" коммуналдық мекемесі оларға миллиард теңгеге жуық берешек. 18 фирма бір жарым жылдан бері сол ақшаға қол жеткізе алмай дауласумен келеді.

“Бүкіл құжат қолымызда. Атқарылған жұмыстарға қол қойылған. Барлығы қолымызда. Сотқа бердік. Сотқа бергеннің өзінде ақша жоқ. Төленбейді. Маған 18 миллион қарыз”, – дейді кәсіпкер Бағлан Ысқақов.

Бұл компаниялар қаланың тазалығына жауапты болған, яғни абаттандыру мен көріктендіру, қоқыс тазалау, қар күреу сынды шаруаларды атқарған. Жалпы саны 18 фирма "Коммунхоз" мекемесімен келісім жасасқан. Кәсіпкерлер бір жарым жыл бойы барымызды салып аянбай жұмыс істедік дейді. Жеме-жемге келгенде коммуналдық кәсіпорын бәрін тақырға отырғызды деп отыр.

Серіктестіктердің ең алды 170 миллион теңгесін қайтара алмай жүр. Ақшасын бермеген соң көбісі банкротқа ұшыраған. Ал тапсырыс беруші мекеме барлық фирмамен есеп айырысуға мұршамыз жоқ деп аузын қу шөппен сүрткен. Оның үстіне жаппай шағым жазылған соң кәсіпорынның есепшоты да бұғатталды. Енді кәсіпкерлер берешекті әкімдік өтесін деген талап қойып отыр. Алайда шенділер оның мүмкін емес екенін айтады.

“Әкімдік шығынды өтеп беру үшін бәрі заң шеңберінде болуға тиіс. Біз қарызды өтеуге қарсы емеспіз. Қаражат бар, ол бірақ бюджеттікі. Мәселе басқада. Бюджет заңнамасымен тікелей сіздерге ақша аудара алмаймыз”, –дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Талқылау