Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда жоғалып кеткен мектеп оқушысының денесі табылды

Петропавлда жаға ұстарлық жағдай. Қалада бір күн бұрын жоғалып кеткен мектеп оқушысының өлі денесі табылды. 15 жастағы қыз өзі оқыған мектептің артындағы иесіз үйлердің бірінде асылып қалған. Марқұмның туысқандары оқушының өзіне қол жұмсауына мектептегі жағдайдың әсері болуы мүмкін деген пікірде.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Мектептен үйге қайтып оралмаған он бес жастағы Наталья Путилинаны жақындары бір күн бойы іздеген еді. Бір тәуліктен соң оқушының денесі өзі оқыған мектептің артындағы иесіз үйлердің бірінен жіпке асылған күйі табылды. Қыздың туыстарының сөзінше, оларға Наталья жоғалған күні сынып жетекшісі педикулезға шалдыққанын және емделіп болғанша мектепке келмей тұра тұруын хабарлаған. Осы жағдайды қыз біліп қалып, не мектеп қызметкерлерінің бірі айтып, баланың психикасына зақым келуі, суицидке итермелеуі мүмкін дейді олар.

«Сынып жетекшісі оны емделіп болғанша сабаққа келмей-ақ қойсын, Натальяның өзіне ол туралы айтпадым деді. Бірақ сондағы қызметкерлердің бірі басында биттерді кетірмейінше мектепке келмей тұруын айтып қалған. Соны сыныптастары біліп қалған дегендерді естідім», – марқұмның туысы Анна Путилина.

Наталья оқыған № 27 мектептің директоры қыз баланың жоғалып кеткенінің алдында педикулезға шалдыққанын растады. Бірақ оның балалар арасында өзара жарияланып кетуін немесе мекеме қызметкерлері бұл ақпаратты таратуы мүмкін екенін жоққа шығарады.

«Натальядан педикулез анықталғанын сыныптастары білген жоқ. Бәрі оған күлді деген жалған. Біз әрбір оқушы туралы ақпаратты өте сақтықта ұстаймыз», – дейді № 27 орта мектеп директоры Гүлбарам Ыбыраева.

Ал медицина мамандары қыздың басындағы жағдайды балалардың күзгі каникулдарынан кейін жоспарлы медициналық тексерісте анықтаған. Бірақ ол туралы Натальяның сынып жетекшісінен басқа оның өзі де білген жоқ дейді.

«Біз тексеру кезінде ештеңе білдіртпеуге тырысамыз. Тіпті балалар ештеңе сезбес үшін қолға дәптер, қағаз алмай жүреміз. Нәтижесін сынып жетекшісіне ғана барып айттым», – дейді медбике Бақытжан Қасымова.

Мектеп басшылығы болса қыздың жаңа оқу жылының басында ғана ауылды жерден ауысып келгенін айтады. Оқушы қыздың жаңа ортаға тез үйренісіп кеткенін бәрі бір ауыздан жарыса мәлімдеді. Полиция Наталья Путилинаның өліміне байланысты 105-бабы «өзін өзі өлтіруге итермелеу» бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Оқи отырыңыз:

Алматыда жол апатынан алты адам зардап шегіп, бір бойжеткен қаза тапты

Алматыда көпірден секірген қызды көлік қағып кетті

Нұржан Керменбаев 10 жылдық концертіне әндерінің сөзін жаттамай келді (видео)

«Меломен» тобы: Жетім-жесірлерді азайту үшін тоқал алуға болады

Талқылау