Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда жетімдер баспана алу үшін тұрған кезектерінен шығып қалған

Петропавлда жетім балалар баспана алу кезегінен шығып қалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.

 

Олардың басым бөлігі мемлекет тарапынан берілетін баспананы жылдар бойы күткен. Оған қоса, жетімдердің не себепті тізімнен шығып қалғаны белгісіз. Олар енді қайтадан тізімге қосылуға мәжбүр. 

ІІІ топ мүгедегі Евгений Гусельников мемлекет тарапынан берілетін баспананы 10 жылдан астам уақыттан бері күтіп отыр. Бірақ осы жазда ол еш себепсіз кезектен шығарылған. Ер адам осы уақытқа дейін кезекті қалпына келтіремін деп түрлі құзырлы орындардың босағасын қаққанымен, еш нәтиже бермеген.

“Әкімдікке телефон соқтым, олар Астана бас тартып жатыр деп жауап берді. Кезекті қалпына келтіру қиын екенін айтты. Қайтадан кезекке тұру қажеттігін жеткізді. Мен көп жылдар бойы кезекте тұрғанның өзінде 865-ші болдым. Қайта тұрсам тіпті соңында боламын”,  – дейді Евгений Гусельников.

Дәл осындай жағдай жетім Сергей Гамзинге де қатысты. Ол 7 жасында балалар үйіне қабылданған. Балалар үйінен шыққаннан кейін басқа оқушылар сияқты автоматты түрде баспана кезегіне тұруға тура келді. Бірақ бірнеше жылдан кейін ол кезектен шығып қалғанын білген. Бірнеше жыл бойы ер адам ақпарат жинап, ата-анасы оны шынымен тастап кеткенін дәлелдеді. Петропавл тұрғыны сот арқылы өзінің құқығын дәлелдегеннен кейін ғана  кезекке алынған. Бірақ бір жылдан кейін қайта кезектен шығарылыпты. 

“Мен әкімдікке келіп, сұрастырғанымен, олар маған нақты жауап бермеді. Қазір үш балам бар, төртінші баланы күтіп отырмыз. Менің жеке тұратын жерім жоқ. Кезекті қалпына келтіру және қайтадан кезекке тұру үшін көп уақыт жұмсадым. Мен біреудің нәрсесін емес, заң бойынша маған берілуі тиіс баспананы талап етемін”, – дейді Сергей Гамзин.

Қала әкімдігі 2019 жылы дерекқордың қағаз базасынан электронды түрге кең ауқымды көшу жүргізілгенін түсіндірді. Цифрландырудың салдары әлі де көптеген мәселелер туындап жатқанын айтады ол. 

“Гусельниковке қатысты қазір облысқа сұраныс жібердік, кейін республикаға сұраныс жіберілді, оларда бұл құжаттар қаралуда. Содан кейін ол кезекке қосылады. Гамзинге қатысты ол жақында ғана жүгінген, қазір оған мұрағатқа сұраныс жіберілді, содан кейін ол облыс пен республикаға кезекке қалпына келтіруге жіберіледі”, – дейді Петропавл қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова. 

Талқылау