Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда заңсыз қоқыс алаңдары көбейген

Петропавлда тұрғындар қоқыс қалдықтарын шығаратын компаниямен келісімшартқа отыруға асықпауда. Салдарынан қоқыс көше бойын жайлап, қаланы ластаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Петропавлдағы "Береке" ықшам ауданында тау боп үйлген қоқысты әр аялдама мен үйдің маңынан көруге болады. Мұндай картина қаланың көркін ғана бұзып қоймай, тұрғындарға да ыңғайсыздық туғызуда. Өйткені, иісі қолқаны қабады. Бұрын бұл жерде арнайы жәшіктер тұрған екен. Кейін оны тұрғындар ақшасын төлемеген соң қалдық шығарумен айналысатын компания алып тастаған. Бірақ петропавлдықтар баяғы әдетінше, қоқысты осы жерге әкеліп үйе беретін көрінеді.

"Жеке секторда тұратындар қоқыс шығару қызметі үшін ақы төлегілері келмейді. Біздер қалдықтарды осы ауданнан 2 жылдай тегін тасып келдік. Бірақ тұрғындар келісімшартқа отыруға асықпады. Тек 30 пайызы ғана құжатқа қол қойды. Ол әрине жеткіліксіз. Сосын жәшіктерді алып тастадық",- дейді "КоммунСевер" ЖШС директоры Мұрат Есмұқанов. 

Осы ауданда 17 жылдан астам уақыт тұратын Айтбала Қыздарова үнемі комуналдық қызметпен бірге қоқыс үшін ақы төлеп келген. Бірақ көршілері бас тартқан соң, енді қоқысты көпқабатты үйлердің маңындағы жәшіктерге апаруға мәжбүр. 

"Ауданның бүкіл тұрғындары қоқысты осы жерге әкеліп тастайды. Дәл көрнекі жерде тұр. Осы көше бойы айнала осындай заңсыз қоқыс алаңдарына айналған. Мен өткенде көршілеріммен сөйлесіп, арыз жазу керек дедім. Бірақ жәшік орнатуға бәрі бірдей келіспей отыр. Кейбірі қалдықтарды пешке жағамыз дейді. Бірақ олар да, осында әкеліп төгеді",- деді қала тұрғыны.

Мұндай жағдай тек "Береке" ықшам ауданында ғана емес, жеке сектор орналасқан өзге де аудандарда кездеседі дейді полиция қызметкерлері. Олар белгіленбеген жерге қоқыс төгетін жандармен күрес жүргізуде. Заңсыздыққа барғандарға әкімшілік хаттама торлтырылып, айыппұл салынады. 

“Белгіленбеген жерге қоқыс төккендерге 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ол 15 315 теңге. Егер ол өз әрекетімен келіссе, ол жарты бағасын ғана төлей алады. Бір ай ішінде 22 хаттама толтырылды. Жалпы сомасы 130 мың теңге болады. Хаттама салған кезде түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз",- дейді Петропавл қалалық ЖПҚ учаскелік инспекторы Бейбіт Әлімжанов. 

Алдағы уақытта қалалық әкімдік аталған заңсыз қоқыс алаңдарын тазартады. Бірақ кейін жағдайдың қайталанбасына кім кепіл? Сондықтан мамандар тұрғындарды келісімшартқа отыруға шақырады. Бүгіндері шаһарда 4 компания тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысады. Петропавлдықтардың олар алдындағы қарызы 28 млн теңгені құрайды. Тек "Береке" ықшам ауданының халқы "КоммунСевер" серіктестігне 4,5 млн теңге берешек екен. Еске сала кетейік, қазіргі таңда қоқыс шығаруға арналған тариф - 220-230 теңгені құрайды.

Талқылау