Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда ұлт араздығын қоздырған азамат 7 жылға сотталды

Петропавл тұрғыны әлеуметтік желіде ұлт араздығын қоздырғаны үшін 7 жылға сотталды. Ол әлеуметтік желідегі парақшаларында экстремизм сипатына ие жазбалар жариялап келген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

кісен

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында Петропавл тұрғыны экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің назарын аударған. Тұрғынның Facebook парақшасында орналастырған материалдарынан, қалдырған жазбаларынан ұлт араздығын қоздыру әрекеті байқалған. 

Жедел-іздестіру шарасы нәтижесінде облыс орталығының 37 жастағы тұрғыны анықталды. Ер адам Facebook-тен басқа Instagram мен ВКонтакте әлеуметтік желілерінде де сол сарындас жазбалар жариялаған. Филологиялық сараптама ол орналастырған материалдардың экстремизм сипатына ие екендігін дәлелдеді. 

Петропавл қалалық соты ер адамды кінәлі деп тауып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сот үкімі заңды күшіне енген. 

"Биыл, осыдан біраз уақыт бұрын өңірдің екі тұрғыны сотталды. Олардың біреуінің бостандығы 3,5 жылға, екіншісінікі 4 жылға шектелді. Сондықтан ұлт араздығын қоздырғандарға, ол мейлі әлеуметтік желі болсын, қатаң жаза тағайындалатынын еске саламыз. Заң бойынша ірі мөлшерде айыппұлдан бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Егер де оның қылмыстық топ құрамында әрекет еткені дәлелденсе немесе ауыр зардаптарға әкелсе, жаза ауырлап, 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады",  – дейді СҚО полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Жарасбаев.

Талқылау