Петропавлда тұрғын үй өртеніп, 20 жастағы әйел мен екі бала қаза тапты
Петропавлда тұрғын үй өртеніп, 20 жастағы әйел мен екі бала қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото бейнежазбадан алынған
Балалардың кішісі 1 жарым жаста болған. Оларды әкесі құтқаруға тырысқанымен, аман алып қала алмады. Көрші Юрий Сухарев үйдің жанып жатқанын алғашқылардың бірі болып көрген. Ол дереу өрт сөндірушілерді шақырып, өзі көршілерін құтқаруға ұмтылыпты. Алайда, қызыл жалын өршігендіктен, ішке кіру мүмкін болмады дейді.
“Мен үйдің маңайына келгенде терезеден отағасы шығып, жерге құлады. Үйде кім бар деп сұрап едім, “екі бала мен келіншегім бар” деді. Ылғи сәлемі түзу, жақсы отбасы еді”, – дейді қала тұрғыны Юрий Сухарев.
Бұл үйде 5 адам тұрған: жігіттің анасы, 5 жасар інісі, әйелі мен 1.5 жасар қызы. Жігіттің анасы сол күні жұмыста болған. Ал өрт шыққан кезде оны әйелі оятып, әр қарай сәбиін құтқаруға жүгіріп кеткен. Ал отағасы терезені сындырып, жанұясын шығарып алмақшы болады. Алайда улы газға тұншыққандықтан, әрекет етуге мұрша болмаған көрінеді. Салдарынан 20 жасар әйел мен қос сәби мерт болды.
”3 автоцистерна мен 15 адам шықты. Өрт орнына жету уақыты 5 минутты құрады. Сағат 21.40-та өрт орнына келген кезде үйдің шығыс бөлмесін, верандасын тұтастай өрт шалды. Алдыңғы болжам бойынша электр сымдарының қысқа тұйықталуы деп ойлап тұрмыз”, – деді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Назымбек Елемесов.
Жергілікті билік өкілдері марқұм жандардың туған туысқандарына толық қолдау көрсетілетінін жеткізді.