Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда полиция учаскесінде жанжал шығарған тұрғын қамауға алынды

Петропавлдық 44 жастағы тұрғын бірқатар құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Pixabay.com

Әйел бұрынғы сүйіктісінің мас күйде жанжал шығаруына байланысты бірнеше рет полицияға жүгінген. Полиция ер адамға арызданушымен қарым-қатынас жасауға тыйым салатын қорғау бұйрығын шығарған. Алайда ол заңға бағынбай, әйелге ара-тұра жасырын нөмірден қоңырау шалып, бірде кешкі уақытта аулада жанжал шығарған.

Араға бірнеше күн салып ер адам мас күйде Volkswagen көлігін айдап келе жатқан жерінен ұсталды. Сол күні полицейлер оны қорғау нұсқамасын бұзу дерегі бойынша әкімшілік материал жинау үшін учаскелік пунктке шақырды. Онда ер адам дөрекілік көрсетіп, қызметкерлердің заңды талаптарына бағынбай, жанжал шығарғаны белгілі болды.

Нәтижесінде тәртіп сақшылары әкімшілік кодекстің үш бабы бойынша (Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін, қызметкерлерге бағынбағаны үшін және мас күйінде көлік басқарғаны үшін) материалдарды сотқа жіберді. Тәртіп бұзушылықтардың жиынтығы бойынша қала тұрғыны әкімшілік қамаудың шекті мерзімі 30 тәулікке қамауға алынды. Сондай-ақ алдағы 7 жылда оған көлік құралдарын басқаруға тыйым салынды.

“Статистика бойынша әр оныншы қорғау нұсқамасы бұзылады, бұл жаңа әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғады. Жыл басынан бері Петропавл бойынша 598 қорғау нұсқамасы шығарылып, оның 59-ы бұзылды. Бұл заң талаптарын бұзу 10 тәулікке әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады. Жалпы қорғау нұсқамасы – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте айтарлықтай тиімді құралы”, – дейді Петропавл қаласының полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлім бастығы Айдын Ахмағамбетов.

Талқылау