Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда полиция қызметкері қылмыскермен дос болғаны үшін 8 жылға сотталды

Фото: depositphotos.com

Петропавлда полиция қызметкері қылмыскермен дос болғаны үшін 8 жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Петропавлда ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бұрынғы орынбасары 36 жастағы Ерболат Қаптаев жемқорлық және бірнеше рет істі болған Руслан Нағұмановпен байланысы үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.

Қаптаевқа ұйымдасқан қылмыстық топқа қолдау көрсетті және рецидивист Руслан Нағұмановтан пара алды деген айып тағылған. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, полиция қызметкерінің қылмыскермен байланысы тек қызметтік шеңбермен шектелмеген. Нағұманов Қаптаевтың мейрамханадағы есептерін төлеп, көлік жалға беріп, тіпті қымбат телефон сыйлаған. Ал бұрынғы полицей, Нағұмановқа тінту жүргізілетіні туралы алдын ала хабарлап, қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруына көмектесіп отырған.

2024 жылдың қыркүйек айында Руслан Нағұманов алаяқтық және бұзақылық жасағаны үшін тұтқындалып, жеті жылға бас бостандығынан айырылған. Дәл сол кезеңде Қаптаев ішкі істер органындағы қызметінен кеткен. Алайда екі айдан соң, 2024 жылдың қарашасында өзі де қамауға алынған.

Сот барысында Қаптаев өзінің кінәсіз екенін айтып, Нағұмановпен байланысы тек қана қызметтік сипатта екенін мәлімдеді. Алайда сот айыптаудың дәлелдерін сенімді деп таныды. Солардың ішінде куәгерлердің айғақтары, телефон қоңырауларының жазбалары, хат алмасулар және жасырын тергеу әрекеттері бойынша материалдар бар. Бұл дәлелдер оның жемқорлық байланыстарын және қылмыскерді қолдағанын растады.

Дана Русланқызы
Жұма, 19 Қыркүйек, 2025 21:09
Талқылау