Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арық жүйесі - кедейшіліктен туған шарасыз шешім": Алматы неге жаңбыр жауса суға батады

жаңбыр арық Марат БалгереевФото: Stan.kz / Инженер Марат Балгереев

Әр жылы күз бен көктемде жауын-шашын көбейгенде Алматыдағы арықтар толып, ағын су көшелерді басып қалады. Алматылықтар мұндай жағдай жылда қайталатынын, алайда қала басшылығы неліктен арық жүйесі толып, бітеліп қала беретініне шағымданды. Осы ретте Stan.kz тілшісі инженер-гидротехник Марат Балгереевтен қаладағы арық жүйесі қалай құрылғанын және оның қызметі жайлы сұрап білді. 

“Жай ғана шалшық емес, тура бір үлкен шұңқыр сияқты”

Алматыдағы нөсер кезінде көшеде үлкен шұңқыр пайда болып, адамдар соған түсіп кетіп жатты. Жергілікті тұрғын kanzler_dee өз көзімен көргенін айтып берді. 

"Бұл жай ғана шалшық емес, тура бір үлкен шұңқыр сияқты. Жолдан өткен адамдардың көбі құлап жатыр. Егер мені дер кезінде тоқтатпағанда, өзім де түсіп кетер едім. Қазір жұрт самокат, орындық, тақтайларды қойып, “мына жер қауіпті, өтпеңіздер” деп белгі жасап жатыр. Бірақ соған қарамастан адамдар байқамай жүріп кетіп, бәрібір құлап жатыр", – дейді ол.

Оқиға орнында техника жұмыс істеп, суды сорып әкеткен. Десе де, тұрғындар мұны Алматыдағы арықтар мен нөсер жауыннан кейінгі қалыпты жағдайға айналды деп отыр.

жігіт жаңбыр кезінде шұңқырға түстіФото: Видеодан скрин

Кейбірі алғашқы күзгі жауыннан кейінгі жағдайға таңғалып, "арықтар бітеліп, асфальт опырылып, көшелерді су басты" деп жазды. 

"Сейфуллин даңғылында, Сәтбаев көшесінен жоғары шығыс жағында арықтан "гейзер" атқылап, бүкіл тротуарды су басты. Арық жүйесі жапырақтарға толы, шамасы, қоқыспен де бітеліп қалған. Су әдеттегідей ағызылмай, сыртқа шығып жатыр", –деп жазды zhumberto.

Басқалары мәселені сапасыз құрылыс пен тендерді кез келгеннің ұтып алуынан көреді. Олар Сайран көлі маңындағы жағдайды мысалға алып, әкімдіктің мердігерді сотқа бергенін еске салды. 

Тағы бір бөлігі жыл өткен сайын жағдайдың ушығып бара жатқанын айтып, шексіз құрылыстардың қалаға зиянын тигізгенін атап өтті.

Кейбіреулер мәселені сапасыз құрылыс пен бақылаудың жоқтығымен байланыстырса, басқалары жыл сайын жағдайдың қиындай түскенін айтып, шексіз құрылыстардың қалаға зиянын тигізгенін атап өтті.

“Арық жүйесі мемлекеттің кедейлігінен туған шарасыз шешім”

Осы ретте инженер Марат Балгереев жаңбырлы маусым басталса болды, арық жүйесіне қатысты өзіне толассыз сұрақтар ағылып келетінін айтады. Оның айтуынша, үш миллионға жуық халқы бар Алматыда басқа ірі қалалардағыдай жаңбыр суын әкететін арнайы кәріз жүйесі жоқ.

"Әуел бастан арықтар бізге егінге, бақшаға су жеткізу үшін жасалған. Қарапайым халық "арық" деп атайды, бірақ ол негізінен ашық канал жүйесі. Оның басты қызметі – өсімдікке су жеткізу. Ол үшін су өздігінен ағуы керек, сол себепті арық жер деңгейінен сәл жоғары орналасады. Егер арық төмен болса, су жүрмей қояды. Ал жаңбыр суын әкету үшін керісінше, арық жер деңгейінен төмен болуы қажет. Яғни бір жағынан өсімдікке су жеткізу, екінші жағынан артық суды әкету – мүлде қарама-қайшы талаптар. Сондықтан Алматыдағы арықтарды жаңбыр кәрізі ретінде пайдалану дұрыс емес. Екі түрлі міндетті бір жүйеге жүктеу мүмкін емес. Соның салдарынан арықтар нөсер жауынға төтеп бере алмайды", – дейді білікті маман Марат Балгереев.

Маманның айтуынша, 1960-1970 жылдары Алматыда халық саны 600-800 мыңға жеткен кезеңде қаланың бедері мен жолдарының өзі белгілі бір дәрежеде табиғи кәріз қызметін атқарған.

"Ол кезде қаланың рельефі еңіске қарай болғандықтан, жаңбыр суы жиналып қалмай, төменге ағып кететін. Асфальтталған, су өткізбейтін беттер де аз еді. Сол себепті су жиналатын аумақ көп болмайтын. Осылайша көшеге түскен су жолдар арқылы табиғи түрде ағып үлгеретін", – дейді маман.

Марат Балгереев Алматыдағы арық жүйесінің "табиғи кәріз" қызметін атқарады деген түсінік қате екенін айтады. Оның сөзінше, қала аумағындағы арықтар бұрын су ағымына жағдай жасағанымен, бұл толыққанды жүйе болмаған.

"Алматыда Кіші және Үлкен Алматы сияқты шағын өзендер болған. Бұл да судың табиғи ағуына мүмкіндік беретін. Бірақ 1974 жылы Саин көшесінде болған оқиғаны мысалға алайын. Қатты жауыннан жиналған су "Запорожец" көлігін ағызып әкетті. Бұл беткейден төмен қарай ағатын судың қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді. Сондықтан, “арық жүйесі – Алматыдағы жауын-шашыннан қорғау жүйесі” деген түсінік мүлдем дұрыс емес. Шын мәнінде мұндай жүйе жоқ. Бұл 1950-70 жылдары мемлекеттің кедейлігінен туған шарасыз шешім. Ол кезде жабық кәріз жүйесіне қаржы болмағандықтан, ашық арықтар арқылы суды реттеуге тырысқан. Бірақ өткен ғасырда амалсыздан қолданылған дүниені қазіргі заманға сәйкестендіру дұрыс емес", – дейді маман.

Марат Балгереев қала үлкейіп, жаңа аудандар салынғанына қарамастан, жаңбыр суын әкетуде әлі де ескі әдіс қолданылатынын айтып қынжылды.

"Жаңбыр суын әкету үшін ашық арықтар салынып жатыр. Ал шын мәнінде, құрылыс нормаларына сәйкес, миллион тұрғыны бар қалада жер астындағы жабық кәріз жүйесі болуы керек. Бірақ инерциялық ойлау салдарынан жобалаушылар әлі күнге дейін арыққа сеніп келеді. Иә, бізде толыққанды су әкету жүйесі жоқ. Жүйе дегеніміз – жер бетінде жиналған судың реттеліп, тасымалданып, тазартылып барып төгілуі. Бізде ондай жоқ. Тек жолдан жиналған суды арыққа ағызу ғана бар. Байқасаңыздар, барлық арық тас жолдың бойымен қатар орналасқан. Жаңа жол салғанда жобалаушылар міндетті түрде жол жиегіне осындай ашық арық салады. Ол тек жолдың үстіндегі жауын суын жинауға арналған. Оның көлденең өлшемі шамамен 40×40 сантиметр, яғни тек жолдағы суды әкетуге ғана жетеді", – дейді инженер.

арық жүйесі Stan.kzФото: Stan.kz

Инженердің пікірінше, шын мәнінде, мұндай салғырт қараудан кейін арықтарға айналадағы басқа аумақтардан да су ағады. Ол қаладағы арық желілері бұған мүлде бейімделіп жасалмағанын атап өтті. Дегенмен Алматыда жер бедері еңіске қарай орналасқандықтан, су бәрібір төмен қарай ағып кетеді дейді Марат Балгереев.

Маманның айтуынша, Алматыда батыстан шығысқа қарай еңістер аз болғандықтан, су көбіне сол аумақтарда жиналады. Мәселен, Абай мен Ташкент көшелерінде жауын кезінде көліктердің доңғалағы суға батып қалады. Ташкент трактісінің төменгі бөлігінде де аулалар мен жолдарды су басады, бірақ еңістердің арқасында бір жарым сағатта кетіп қалады.

"Жаңбыр кезінде бәрі наразы, ал тоқтаған соң ұмытылады. Бірақ жағдай жыл сайын қайталанады. Қайғылы оқиғалар да аз емес – су тасқыны кезінде адамдар қаза табады. Неге? Себебі еңісті сақтау үшін арықтарды 1,5–2 метрге дейін тереңдетуге тура келеді. Ол үлкен әрі қауіпті шұңқырға айналады. Соның кесірінен балалар да, ересектер де опат болған жағдайлар болды. Әл-Фараби көшесінде бір қызды су тартып әкеткен қайғылы оқиғаны еске алсақ та жеткілікті. Ашық арықтар тіпті жауынсыз кезде де қауіпті: кез келген адам құлап, жарақат алуы мүмкін", – дейді маман.

Инженер Марат Балгереев Алматыдағы ашық арық жүйесі негізінен тыйым салынған тәжірибе болса да, қалада әлі күнге қолданылады деп отыр. Бірақ бұл жүйе тек қауіпті ғана емес, сонымен қатар қоқыс жинайтын орынға айналған дейді ол.

арық жүйесі Stan.kzФото: Stan.kz

"Шын мәнінде, ашық арықтар жасауға болмайды, бірақ біз шетелдіктерге көрсету үшін солай істеп келеміз. Қала орталығында, мысалы Достық, Абылай хан көшелеріндегі арықтарды темірмен жауып қойғанбыз. Өйткені жаңбырсыз күннің өзінде де қауіпті. Ал жабық арықтар тез толып қалады. Менің ойымша, арық – қаланың ең ұзын қоқыс жәшігі. Ол бүкіл қоқысты өзіне жинайды, ал оны қолмен тазалау өте қиын. Алматыда 20 шақырымнан астам арық бар, коммуналдық қызмет оны толық тазалап үлгермейді", - деп шағымданды Марат Балгереев.

Марат Балгереев арықтарға нақты жауап беретін орган жоқ екенін және нақты кімге тиесілі екені де түсініксіз екенін айтады. 

"Жол бойындағысы жол қызметіне қарайды, ал аумақтардағы арықтар кімнің қарауында екені белгісіз. Бұрын экология департаменті арқылы қаржыландырылатын, қазір қай орган арқылы өтетіні анық емес. Бірақ қала бюджетінде жыл сайын нөсермен күреске қомақты қаржы бөлінеді, ал нақты нәтиже жоқ. Арықтардың бітелуін "уақытында тазаланбайды" деп түсіндіреді. Бұл дұрыс емес. Оны тап-таза қылып қойған күннің өзінде, жаңбыр кезінде бәрібір бітеледі. Себебі жолдан қоқыс түсіп, арық кішкентай болғандықтан тез толып қалады. Оның үстіне жабық арық учаскелері ұзын, сондықтан бітеліп қалу қаупі жоғары", – дейді маман.

“Мәселенің шешімі – жабық кәріз жүйесі”

Көпжылдық тәжірибесі бар маман Алматыға жабық нөсерлік кәріз жүйесін енгізу керек екенін және осы туралы қаланың бас жоспарына арнайы бөлім қостырғанын да атап өтті.

"Қолымнан келді. Алматының бас жоспарында жабық нөсерлік кәріз жүйесін енгізу жайлы бөлім қостырдым. Мұндай жүйе қазір бүкіл дамыған қалаларда бар, оған 400 жыл болды. Ешнәрсені ойлап табудың қажеті жоқ, дайын схема бар. Ең бастысы, құрылыс нормалары мен ережелерінде анық жазылған. Миллионнан асатын қалада ашық арық жүйесін қолдануға болмайды, тек жабық кәріз жүйесі болуға тиіс. Мұнда жаңбыр суы жер астына құбыр тартылады да, сол құбыр арқылы ағып кетеді", – деді Марат Балгереев.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жауған нөсерден кейін қала көшелерін су басып, жол опырылып, 13 көлік зақымданды. Әлеуметтік желілерде куәгерлер түсірген фото және видеолар тарап, тұрғындар мәселені қызу талқылады. Кадрлардан су көшелерді басып, көліктердің су кешіп жүруге мәжбүр болғаны байқалды. Аманжол көшесінде су жиналып, жер опырылған. 

Айым Атамбаева
Жұма, 19 Қыркүйек, 2025 18:33
Талқылау