Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Петропавлда мемлекеттік қызметкерлер мүмкіндігі шектеулі жандарды алдап пәтер алдырып, сатқан

Фото: freepik.com

Петропавлда баспана саласында алаяқтық жасаған мемлекеттік қызметкерлер сотталды. Олар бірнеше эпизод бойынша кінәлі деп танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сотталушылардың бірі – Артем Кошельков 2020 жылы Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қарасты коммуналдық және ипотекалық тұрғын үйді есепке алу және бөлу секторының бас маманы болып қызметке тұрады. Ол Мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алуға кезекке тұрғандарың құжатын әзірлеумен және сол тұрғын үйлерді жекешелендіру мәселелерімен айналысқан.

Әуелі оның көзі мемлекеттік қордағы төрт бөлмелі пәтерге түседі. Әлгі пәтерден санитарлық-эпидемиологиялық станцияның екі маманын дереу шығарып жібереді. Пәтерді жалдап тұрған үшінші әйел онкология диагнозымен Астанада ем алып жатқан. Әйел ауруханада жатқанда Кошельков оның  жеке заттарын кіреберіске шығарып тастап, пәтерді сатып жіберген.

Сатып алушы ретінде мемлекеттік қызметкер А. Бердібековті тартқан. Ол баспана кезегінде 3133 болып тұрған. Кошельков оған кезегін жылжытып беруге уәде еткен.

"Тергеу барысында анықталмаған жеке тұлғаның сеніміне кіріп, А. Бердібековке Мемлекеттік тұрғын үй қорынан сыйақыға баспана алып беруге уәде еткен. Жеке тұрғын үйге мұқтаж А. Бердібеков келісімін берген", - делінген қылмыстық іс материалдарында.

Кошельков тұрғын үй комиссиясының хаттамасынан жалған көшірме жасап, Бердібековке төрт бөлмелі пәтерді жекешелендіруге мүмкіндік жасаған. Пәтердің бар-жоғы 1,3 млн теңге болатын қалғанын құнын төлеу ғана қалған. Құжаттарда Кошельков оның осы пәтерде әйелі және қызымен 2018 жылдан бері тұрып жатқанын көрсеткен. Көп ұзамай Бердібеков пәтерді 15 млн теңгеге сатып, ақшаны үшінші бір адам арқылы Кошельковке беріп жіберген. Бірақ бұл жайт ешкімнің күдігін тудырмаған.

Кошельков кейін заңсыз әрекеттеріне Әлеуметтік бейімделу орталығының маманы Қуаныш Тәжібаевты қосқан. Ол халықтың әлеуметтік осал тобы арасынан бір бөлмелі пәтерді тегін жекешелендіруге құқығы отбасын іздеуге кіріседі. Ондай отбасы тез табыла кетеді.

Әйел Даун синдромымен ауыратын қыздың қамқоршысы болған. Олар баспана кезегінде тұрмаған. Әйел Қуаныш Тәжібаевқа сеніп, қызының жеке мәліметтерін ұсынған, көп ұзамай оларға бір бөлмелі пәтер берілген. Бірақ мүгедектігі бар қыз ол үйде тұрып та үлгермеген.

"2022 жылғы қарашада Кошельковпен бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде ұрлауға бағытталған бірлескен қылмыстық ниетін іске асыру мақсатында Тәжібаев бұл адамдардың қылмыстық ниетінен хабарсыз Л.Н. Моложенконың қамқоршысына жылжымайтын мүлікті жекешелендіру шартын жасасу кезіндегі процессуалдық бұзушылықтарға байланысты пәтерді сату және сатудан түскен ақшалай соманы мемлекетке қайтару қажеттілігі туралы хабарлаған”, – делінген іс материалында.

Әйелдің пәтерді 10 млн теңгеге сатудан басқа амалы болмаған. Түскен ақшаны ол Тәжібаевқа берген. Тәжібаев пайданы Кошельковпен бөлісіп алған.

2022 жылдың 7 маусымында Кошельков жұмыстан босатылған. Алайда бұл оның қылмыстық әрекеттерін жалғастыруына кедергі бола қоймаған. Оған бұрынғы әріптесі Ақылбек Жамбылов жалған құжат жасауға көмектеседі. Сыбайластар келесі отбасын да тез тауып алады.

Қарт ерлі-зайыпты Аксеновтер пәтер жалдап тұрып жатқан, өздері баспана кезегінде тұрмаған. Әкімдік қызметкерлері екі бөлмелі пәтерді әйелдің атына рәсімдеуді ұсынады. Құжатта зейнеткерлер пәтерді 2017 жылдан бері жалдап тұрады-мыс етіп көрсетіп, кейін пәтерді жекешелендіруге және 2,5 млн-дай болатын қалған құнын төлеуге көмектеседі. Кейін жылжымайтын мүлікті 12,5 млн-ға сатып, түскен ақшаны тағы да өзара бөліп алады. Көп ұзамай олар Аксеновтерді қала жетінде орналасқан жатақханадан бір бөлмелі пәтерді кезексіз алуға көндірген. Қалдық құны 400 мың теңге болатын бөлмені экс-шенеуніктер 4 млн теңгеге сатқызып, түскен пайданы бөліп алады.

"2023 жылдың 28 маусымында олар алдау және сенімге қиянат жасау арқылы В.П. Аксеновты жатақхананың бір бөлмесін 4 миллион теңгеге сатуға мәжбүрлеген. В.П. Аксенов бұл ақшаны К.К. Тәжібаевқа толығымен аударған, ол А.И. Кошельковпен бірге жеке пайдасына жұмсаған", – делінген материалда.

Сыбайластар мұнымен тоқтамаған. Олар үш бөлмелі пәтерді жалдап тұрып жатқан дәрігерлерді қызметтік пәтерден шығарып жіберіп, Тәжібаев бұл жолы ойын іске асыру үшін туысы Мұхаметжанованы тартады.

Басқалар сияқты бұл әйел де тұрғын үй кезегінде тұрмаған. Осыған қарамастан, 2022 жылдың аяғында ол жекешелендіру шартына қол қойып, заң бойынша тиесілі болмаған жоқ үш бөлмелі пәтерге ие болып шыға келеді. Көп ұзамай Тәжібаев Мұхаметжановадан пәтерді 17 миллион теңгеге сатуды сұрайды. Дәлелденген схема бойынша айыпталушылар ақшаны өзара бөліскен.

Сондай-ақ сотта мемлекеттік тұрғын үйді жекешелендіру бойынша "қосымша төлемдерге" қатысты бірнеше эпизод дәлелденген . Жәбірленушілер пәтер алып, қалдық құнын мемлекетке емес, Ақылбек Жамбыловтың анасына аударып келген. Ештеңеден сезіктенбеген әйел шотына түскен ақшаны ұлына беріп отырған. Аударылған сома көлемі бірнеше жүз мың теңгеден бірнеше миллион теңгеге дейін болған.

Сотта алаяқтық эпизодтары дәлелденді. Сот шешімімен Артем Кошельков 6 жыл 8 айға, Қуаныш Тәжібаев пен Ақылбек Жамбылов 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Кошельков 2023 жылғы 13 желтоқсаннан бастап тергеу қамауда болған.

Сот "Петропавл қаласы әкімі аппараты" мемлекеттік мекемесінің Артем Игорьевич Кошельков пен Қуаныш Тәжібаевтан 46 243 827 теңге өндіріп алу туралы талабын қанағаттандырды. 

Бұған қоса сотталушылар тұрғын үйді жекешелендіруге "қосымша төлемдер" аударған жәбірленушілердің талаптарын қанағаттандыруға тиіс.

Айнұр Мұхади
Жұма, 25 Сәуір, 2025 14:29
Талқылау