БҚО құрамасы Петропавлда мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен спартакиадада топ жарды
Мемлекеттік қызметкерлер күніне орай Қазақстанда 13-17 шілде аралығында республикалық спартакиада өтті. Петропавл қаласында ұйымдастырылған бұл спартакиадада Батыс Қазақстан облысының құрамасы жеті спорт түрінен сынға түсіп, жалпыкомандалық есепте үздік шығып, жеңіс тұғырының биік сатысына көтерілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Республикалық спартакиаданы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қолдауымен Спорт істері комитеті және Солтүстік Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды. Спорттық шараға келген облыстық командалардың құрамында қатардағы мамандар, ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ бөлім басшылары, баспасөз хатшылары, облыс әкімінің орынбасарлары болды. Жалпы Қазақстанның 16 облысынан 700-ге жуық адам қатысты.
Сайыс волейбол, шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, жүзу, бильярд, үстел теннисі сияқты спорт түрлерінен өтті.
Жарысқа жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері қатысып, командалық есепте БҚО-ның құрамасы 1-орынды иеленді.
“Жарыс жоғары деңгейде өтті. Әсіресе ұйымдастырушылар жақсы жұмыс атқарған. Жан-жақтан келген қызметкерлерге, спортшыларымызға барлығы ұнады. Әсіресе жеңісті иеленгенімізде ерекше сезімге бөлендік”, – деді БҚО спорт делегациясының басшысы Асылбек Оразғалиұлы.
Дүбірлі спорт додасынан Ақтөбе облысы күміс жүлдені еншілесе, Павлодар облысының құрамасына қол бұйырды.
Ұйымдастырушылар өңірлердің жарысқа үлкен жауапкершілікпен қарап, мемлекеттік қызметшілер өз саласының кәсіби маманы ғана емес, тамаша спортшы бола алатынын көрсеткенін атап өтті.
“Бұл жеңіске мемлекеттік қызметшілер арасындағы осындай спартакиаданың облысымызда жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылуы себеп болды деп айта аламыз. Мұндай жарыстардың облысымызда ұйымдастырылып келе жатқанына он жылдан асты.
Аталған жарысқа қатысу үшін мемлекеттік қызметкерлеріміз жұмыстан бос уақыттарында спортпен шұғылданды. Облысымыздың абыройын биікке көтерген қызметкерлерге зор ризашылығымызды білдіре отырып, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс тілейміз! Жеңіс құтты болсын!” – деді БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің өкілдері.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
