Петропавлда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйдің төбесінен су ақты
Петропавлда жаңадан салынған үйдің төбесінен су ағып, жоғарғы қабаттағы пәтерді басқан. Баспанада бұдан да өзге проблема жетерлік дейді Stan.kz тілшілерімен тілдескен тұрғындар.
Петропавлда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған баспананың сапасы сыр бере бастады. Өткен түнде болған жаңбырдан Горький көшесі бойында орналасқан 16-үйдің жоғарғы қабатындағы пәтерлердің бірін су басқан. Онсыз да баспанасына бір жылдан бері кіре алмай жүрген тұрғындар мұндай жағдай алғаш рет орын алып отырған жоқ дейді.
"Көктемде де еріген қар суы төбеден сорғалап, пәтер сыз тартып кеткен болатын. Содан кейін мердігерлер барлығын түзетуі тиіс еді. Алайда бүгін жағдай қайталанып отыр. Ал мен үйге жөндеу жасасам не болар еді?! Бар қаржым желге ұшып кетеді ғой", - дейді пәтер иесі Андрей Михин.
72 пәтерлі баспананы "Альфа Север" ЖШС тұрғызған. Сондықтан олар кепілдік аясында олқылықты түзетпек.
"Белгісіз себептермен үйдің техникалық қабатында нөсер кәрізінің иіні үзіліп кеткен. Қазір мердігер компания оны қалпына келтіріп жатыр. Сондай-ақ кепілдік міндеттемелер шеңберінде "Альфа Север" серіктестігі пәтерлерді су басу себептерін жою бойынша жұмыстар жүргізетін болады. Олар ақауды тамыздың 31-іне дейін ретке келтіруі үшін арнайы хабарлама жіберілді", - делінген қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Бір қызығы, аталған үй бір жыл бұрын тапсырылған. Алайда тұрғындар әлі күнге дейін пәтерлеріне кіре алмай жүр. Өйткені, баспананың сапасы сын көтермейді. Қабырғалары жарылып, есіктері ашылмай қалған.
"Баспана сапасыз тұрғызылған. Пәтерлердің есіктерін ашып-жабу қиын. Бөлмеаралық есіктер де қисық салынған. Үйіміз электр энергиясына әлі қосылмаған. Суды енді ғана беріп жатыр. Оның өзінде құбырлар үнемі жарылып, шыдас бермей жатыр. Баспана "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша тапсырылды. Осы үйді алу үшін ақша жетпей кредит рәсімдедім. Сол несиені бүгіндері төлеп жатырмын. Оның үстіне пәтер жалдап тұрамын. Бірақ бір жылдан бері үйге кіре алмай келеміз. Мен сияқты жағдайға тап болғандар көп", - дейді Индира Мұхаметалина.
Ең сорақысы сол, баспанаға инженерлік желілерді тартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізуі қажет тараздық компания шаруаны әлі аяқтамаған.
"Компания тамыздың 15-не дейін жұмысты аяқтауы тиіс еді. Алайда істі уақытылы тындырмаған "Энерджи-Тараз" ЖШС-не айыппұл салынды. Енді жұмыс ай соңына дейін бітпесе, компанияны "жауапкершілігі жоқ" деп тану үшін сот процесі басталады", - деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Яғни шаруа тағы тоқтап, тұрғындардың қоныс тойын тойлау мерзімі шегеріледі деген сөз.
Мағжан Ахмадина