Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда төтенше жағдай жарияланды

Петропавл әкімі кәріз жүйесіндегі апатқа байланысты төтенше жағдай енгізілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Petropavlovsk.news сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: pkzsk.info

2023 жылдың 7 қарашасында Жуков және Назарбаев көшелерінің аумағында D-800 кәріз коллекторына зақым келген. Коллектор 1956 жылы салынған. Ол бірнеше ықшамаудандардан, сондай-ақ Нефтепроводная көшесінің бойындағы өндірістік аймақтан ағынды суларды жинайды.

Құрылымның тозуы салдарынан апаттар жиілеп кеткен.

Коллектордың толық тоқтап қалуына жол бермеу үшін бұл аумаққа жедел жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Қала әкімдігі коллекторды жедел жөндеу үшін жергілікті техногендік төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады. Тиісті құжат қазір Ашық НҚА порталында жарияланды.

"Қазірше коллектор жұмыс істеп тұр. Төтенше жағдай аясында 700 метр кәріз құбырын жедел жөндейміз. "Қызылжар су" жұмысын бастады", – деді қала әкімі Серік Мұхамедиев.

Төтенше жағдай 9 қарашада енгізіледі. Коллектор зерттеліп, "Қызылжар су" ЖШС күрделі жөндеу жұмыстарын бастап жатыр. Бұл мәселе облыс, қала басшылығының бақылауында.

Талқылау