Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда әйелі көзіне шөп салған күйеуін пышақтап өлтірген

Петропавлда полицей күйеуін пышақтап өлтірген әйелге қатысты сот үкім шығарды. Сот күдіктіні 8 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап. 

Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы (адам өлтіру) бойынша қаралды. Сотталушы мен марқұмның туыстарының өтінішімен "іске қатысушылардың интимді өміріне" қатысты деректерді таратпау мақсатында сот жабық режимде өтті. 

Бүгін, 8 қыркүйек күні әйелге қатысты сот үкімі шықты. 
2022 жылдың 25 мамырында түнгі сағат 2:30 шамасында екеуара жанжал кезінде сотталушы көзіне шөп салған күйеуінің кеудесінен пышақ сұққан. Полицей оқиға орнында көз жұмған. Сотталушының кінәсі дәлелденді. 

Айта кетейік, ҚК-нің 99-бабы, 1-тармағы бойынша сот санкциясы 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. 

Прокурор сотталушыға 8 жыл беруді сұраса, қорғаушы тарап санкцияда көрсетілген ең төменгі мерзімнен жеңіл жаза беруді өтінді. Сотталушының өзі жаза мерзімін анықтауды соттың еншісіне қалдырды.

Сот жазаны жеңілдететін шарттар ретінде сотталушының шынайы өкінуін, екі кішкентай баласының барын, марқұмның азғындық әрекетін ескерді. Алайда қылмысты ауырлататын жайт ретінде сотталушының мас күйде болғаны ескерілді. 

Сот әйелге санкцияда көзделген мерзімнің ең төменгісін кесті. Яғни сотталушы сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтейтін болады.

Талқылау